Қарғын судың салдарынан өзендер арнасынан асып, арыны қатты ағын суды ауыздықтап арнасын бұру, елді мекендердің іргесіне су кетпеуін кірпік қақпай қадағалап, суға кеткен үйлерден адамдар мен жан-жануарларды құтқару елдің Төтенше жағдай қызметі мен Жергілікті атқарушы органдарға аса ауыр сын болды. Дегенмен күрделі кезеңде бірлік пен ынтымақтың жылы лебі есіп, ерікті адамдар мен өзге аймақтардан жеткен әскерилер мен құтқарушылардың табанды әрекетін, түрлі қоғамдық ұйымның тарапынан істеліп жатқан қайырымдылық көмек жайлы атап өтпеске болмайды...
Наурыздың ортасынан бастап аса күрделі жағдайда су тасқыны басталған аймақтың бірі – Ақмола облысы. Тілсіз жаудан 12 мыңнан астам халық тұратын 112 елді мекенге қауіп төнген. Қазір аймақтың Атбасар, Целиноград, Аршалы, Сандықтау, Астрахан, Көкшетау сияқты бірқатар өңірлерінде жағдай аса күрделі. Тасқынның екінші толқыны басталып, Төтенше жағдай қызметі жеке құрамы мен басқа да барынша қауырт жұмыс жүргізуге мәжбүр етті.
Төтенше жағдай қызметінің мәліметінше, қазір өңірдің Жабай, Нұра, Есіл, Колутон сияқты өзендердің арнасынан асып кету қаупі аса жоғары. Сондықтан аталған өзендердің 64 учаскесінде тоң болып қатқан сіреу мұздарды жарып, судың іркіліссіз өтіп кетуі үшін барынша әрекет жасалып жатыр.
Облыстың штаб төрағасының орынбасары Елдос Рамазановтың айтуынша, дәл қазір өңірдегі су тасқыны бойынша жағдай толықтай бақылауға алынған. Білім беру және әлеуметтік нысандардың бәрі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Дегенмен бірқатар өзен арнасынан асып кетуі себепті өңірдің бірқатар ауданында бөгенді нығайту, қалпына келтіру жұмыстары қауырт жүріп жатыр.
– Көкшетау қаласының Қылшақты өзені кезең-кезеңімен 2 метрге дейін көтеріліп, жағалаудағы бірталай аумақты су басқан. Облыстың Аршалы, Ерейментау, Шортанды, Целиноград аудандарында, әсіресе Астана маңындағы елді мекендерде жағдай күрделі. Қауіптің алдын алу үшін 32 шақырым болатын қорғаныс бөгені тұрғызылды. Оның ішінде 16 шақырым Астана қаласы маңындағы елді мекендерде топырақ үйіндісі қойылды. Өзендер мен каналдар арнасында 18 шақырым жағалау нығайтылды. Қазір облыс бойынша шығын көлемі есептеу мақсатында арнайы комиссия құрылып,тұрақты түрде жұмыс жүргізіп жатыр. Келтірілген шығын көлемі қысқа мерзім ішінде өтелетін болады, – дейді Ақмола облысы штаб төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, қазір су тасқынымен күресуге барлығы 2,5 мыңнан астам адам, 1 мыңнан астам техника, сондай-ақ мотопомпалар мен жүзу құралдары тартылған. Әлі де болса, Астана су қоймасынан секундына 350 куб метр көлемінде су жіберілуде.
Төтенше жағдай кезінде облыста өңірдің су басқан елді мекендерде құтқарушылармен қатар қарапайым тұрғындар да өз еркімен қолдарына күрек ұстап, өзендер мен арықтардың жағалауына бөгендер салып, арналарды ауылдан әрі қарай бұрып жіберуге белсене кіріскен. Мәселен, Біржан сал ауданының, Көдебас ауылы, Зеренді ауданының Игілік, сияқты ауылдарда ауыл тұрғындары да елдің амандығы үшін аса ауыр жұмысқа белсене кірісіп, тасқын судың елді шайып кетуінен аман алып қалған.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің соңғы мәліметіне сенсек, құтқарушылар тасқын судың салдары мен алдын алу шараларын жүргізу үшін барынша қауырт режимде жұмыс жүргізіп жатыр.
– Бүгінде эвакуация бекетінде ешқандай адам жоқ. Жалпы, 26 наурыздан бері облыс аумағында су тасқынынан зардап шеккен 687 адам құтқарылды. Сондай-ақ су тасқыны кезінде қауіп төнген 18 905 мал эвакуацияланды. Жалпы, бүгінгі күнге дейін Қосшы қаласы, Ақкөл, Шортанды, Астрахан, Жарқайың және Целиноград аудандарында су басқан елді мекендерден 9 180 текше су сорылды. Жалпы, су тасқынымен күреске 892 адам, 291 техника, 69 мотопомпа және 12 жүзу құралдары жұмылдырылған, – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел штабынан.
Сын сағатта өңірдің волонтерлер қауымы да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тасқын судан жапа шеккендерге қолдарынан келгенше көмек бере бастапты. Мәселен, «Қоғамдық келісім» қызметкерлері мен «Ассамблея жастарынан» құралған 140 ерікті су тасқынынан зардап шеккен 198 отбасыға көмек көрсеткен. Акция шеңберінде «Жомарт жан» ассамблея орталығы Парламент Сенатының депутаттары Әлішер Сатыбалдиев пен Геннадий Шиповских бас болып өңірге екі жүк көлігімен азық-түлік, жылы киім-кешек пен гигиеналық құралдар жеткізген. Арнайы келген делегация су тасқыны кезінде зардап шегіп, Көкшетау қаласының бейімдеу орталығына орналастырылған адамдармен кездесіп, жалпы сомасы 400 мың теңгеге алынған азық-түліктер мен заттардың бір бөлігін табыс еткен.
Сонымен қатар өңірдің ассамблеясы құрамындағы түрлі ұлт өкілінің орталықтары да қайырымдылық көмек көрсетуге белсене ұмтылғаны байқалады. Мәселен, «Санги-Кабуд» Тәжік ұлттық мәдени орталығының мүшелері қаланың су басқан жекеменшік үйлердің маңындағы қасат қарды шығаруға 3 жүк тиегіш пен 2 КаМАЗ көлігін, сонымен қатар Қызыл Жұлдыз ауылының 45 отбасына азық-түлікпен көмек берген. Мұнымен қоса орталық мәліметінше, Этономәдени орталық төрағасы құм салатын қапшықтар, волонтерлер киетін арнайы киімдермен қамтамасыз етуді мойнына алған. Ұсынылған жалпы сома – 6,4 миллион теңге.
«Манас» Қырғыз этномәдени бірлестігі 1,5 миллион теңге сомасына төсек-жаймалары мен балалар заттарын, «Бари» армяндар орталығы су тасқынымен күрес үшін 3 жүк көлігін, 2 экскаватор мен 3,1 миллион теңге сомасында қаржылай көмек, Чуваш және Өзбек этномәдени орталықтары шатырда түнеп жатқан құтқарушыларға арнап 800 мың теңге сомасына азық-түлік пен ыстық тамақ жеткізуді ұйымдастырған. Облыстық мәслихат депутаттары мен ассамблея мүшелері жалпы сомасы 2,5 миллион теңгеге азық-түлік өнімін берген. Жалпы, облыс тұрғындары және ассамблея мүшелерімен 15,5 миллион теңге сомасында қайырымдылық көмек көрсетілгені мәлім болды.
Қысқасы аймақтағы барлық күш-құрылымдары мен түрлі ұжым мен ерікті елді ауыр сынға душар еткен су тасқынына қарсы барынша жұмыла әрекет етуде. Расында да, тек бірлескен кезде ғана ауыр сын мен қиындықты еңсеруге болатыны сөзсіз.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы