Қарағанды облысында Абай Құнанбайұлының 200 өлеңін жатқа білетін кенші қыз тұрады. «Саран» шахтасының маркшейдері Эльмира Казиева кезінде «Абай оқулары» мен «Мұқағали оқулары» байқауының жеңімпазы болған. Эльмираның жер астында қызмет етіп жүргеніне – үш жыл. Кенші қыз аптасына үш рет 700 метр тереңдікке түсіп, көмір кенін іздеумен, өлшеумен, сараптама жасаумен айналысады. Еңбек жолын 22 жасында бастады. Мектепте оқып жүргенде ұстаздары Эльмирадан көп үміт күтті. Ол республикалық «Абай оқулары», «Мұқағали оқулары», т.б. әдеби байқаулардың жеңімпазы болып, мектебінің абыройын аспандатты. Барлығы дарынды қыз әдебиетші болады деп сенген. Алайда Эльмира оқу бітірген соң Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің «Маркшейдерлік іс» атты мамандығын таңдады. Оның бұл мамандықты таңдауына әкесі себепші болды. Оның әкесі де кенші. Отбасында екі қыз. Екеуі де әкесінің еңбекқорлығын, қара жұмыстан тайсалмайтын өрлігін мақтан етеді. Эльмира әкесі секілді сыйлы, қандай жұмысты болсын еңсеріп кететін мықты маман болуды армандайды. Кен орнындағы дәлдік пен тепе-теңдікті өлшеуге арналған құрал-жабдықтар сөмкесі зілдей. Нәзік қыз жұмысына барған сайын оны иығына асынып, ерлермен қатар жер астына түседі. Оған әлсіздік көрсетуге болмайды. Себебі бұл жерде төзім мен кәсібилік қана құрметтеледі. – Басында жер астына түскенде бойымды қорқыныш билейтін. Кейін үйреніп кеттім. Кейде штаттан тыс жағдай болып жатады. Ауа райы күрт нашарлағанда тоқтан ақау шығып, желдеткіштер істен шығып қалады. Сондай кезде шахтада ауа тапшы болып, шұғыл қауіпсіз жерге шығуға тура келеді. Өмір секундтармен есептеледі. Дегенмен өзің қалаған мамандықтың ыстық-суығына төзу керек, – дейді кенші қыз. Эльмираның анасы – тәрбиеші. Қызының таңдауына қарсы болған жоқ. Әкесі қызына кен ісіндегі ерекшеліктерді әңгімелеп, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп отырады. – Әкем екеумізде ортақ әңгіме көп. Шахталарды салыстырып, көмір іздеу ісіндегі айырмашылықтарды талқылаймыз, – дейді Эльмира. Эльмира – Абай Құнанбаевтың ұрпағы. Жұмыстан тыс кездері сүйікті хоббиі өлең оқумен айналысады. Жаны нәзік, қолы темірдей кенші аруды әріптестері де құрметтейді. – Шахтада жұмыс істеуге ер адамдардың өзі тәуекел ете бермейді. Мұнда тұрақтап қалу өте қиын. Көбісі шыдамай тастап кетеді. Ал қыз балалар сирек келеді. Эльмира өзінің табандылығын көрсетіп келеді, – дейді әріптесі Жангелді Қошанов. – Басында ер адамдармен жұмыс істеу қиын болды. Оларға айтқаныңды тыңдату оңай емес. Дегенмен ер адамдар көп сөзді емес. Өз жұмыстарын беріліп істейді, – дейді Эльмира. Биыл Эльмира үшін көктем мерекесі айрықша өтпек. Ол сол күні жаңа өмірге қадам баспақ. Оның болашақ жары да кенші. Ләззат ҚОЖАХМЕТ, Қарағанды облысы