Кез келген апаттың көзге көрінетін және көрінбейтін кері салдары болады. Әрине, су тасқынынан соң әдетте бірінші болып материалдық шығындарды түгендейміз.
Су астындағы тіршілік
708
оқылды

Бірақ қарғын судан туындайтын эпидемиологиялық және экологиялық қауіпті де естен шығармағанымыз абзал. Себебі азық-түлік қауіпсіздігі су шайған жерлердегі топырақтың құнары мен құрамына тікелей тәуелді. Оны қалпына келтірудің амалы қандай? Төтенше жағдайды болдырмаудың тиімді жолдары бар ма? 

Су тасқынынан аймақтағы ел-жұрттың малы суға кетіп, зираттар да қарғын судың астында қалғалы халық көкейінде су арқылы түрлі ауру тарап кетпес пе екен деген күдік пайда болғаны рас. Бұл тұр­ғыда Денсаулық сақтау министрлігі аймақтардағы эпидемиологиялық ахуалдың тұрақты екенін мәлім етті. Сондай-ақ ведомство қазір Сани­тарлық-эпидемиологиялық қыз­мет(СЭҚ) күшейтілген режим­де жұмыс істеп жатқанын хабар­лады.

«Судың сапасы мен қауіпсіз­дігіне зертханалық бақылау нәти­желері бойынша жұқпалы аурулар­дың су арқылы таралу қаупі жоқ», – делінген хабарламада.

Министрліктің ресми мәлі­меттеріне сүйенсек, зерттеу жүр­гі­зілген 4 мыңнан астам сынамалар­дың 133-нің гигиеналық норматив­тер­ге сәйкес келмейтіні анықтал­ған. Сондықтан Санитариялық-эпи­демиологиялық бақылау коми­тетінің аумақтық бөлімшелері ор­та­л­ықтандырылған және орта­лық­тандырылмаған сумен жабдықтау көздерінің нысандарына күшейтіл­ген бақылау жүргізуде.

Ведомство өкілдері су тасқыны жағдайына байланысты тағамнан улану мен жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында сақ болуға кеңес берді:

• Ішу және тамақ пісіру үшін тек бөтелкедегі немесе қайнатылған суды пайдаланыңыз;

• Су басу орындарында бұлақ­тардан, құдықтардан және ұңғы­малардан су ішпеңіз;

• Су тасқынына малынған та­мақ өнімдерін пайдаланбаңыз, мүмкіндігінше оларды кеміргіштер мен су тасқыны үшін қол жетпейтін жерлерде сақтаңыз;

•Су тасқынынан кейін барлық бөлмені дезинфекциялық ерітін­ділермен өңдеңіз;

•Егер жұқпалы аурулардың бел­гілері болса (дене температу­расының жоғарылауы, жүрек айну, құсу, нәжістің босауы, тамақ ауруы, бөртпе және тағы басқа), бұл туралы дереу медицина қызмет­керіне хабарлау қажет.

Мұндай төтенше жағдайда жа­нуар­лар арасында жұқпалы ауру­лардың таралуын болдырмау үшін Ауыл шаруашылығы ми­нис­трлігі де ауқымды ветеринариялық профи­лак­тикалық іс-шаралар жүр­гізуде. Ведомствоның мәлім­деуін­ше, жануар­лардың ерекше қауіпті 25 ауруы, оның ішінде бруцеллез, лей­коз, жылқы жұқпалы анемия және тағы басқа бойынша 13 635,6 мил­лион теңгеге 74,9 миллионнан ас­там диагностикалық зерттеу жүр­гізілмек. 

«Сонымен қатар 178,2 млн ма­нипуляция жасау жоспарлануда. Бүгінде республикалық қорда жа­нуарлар мен құстардың 23 ау­руына қарсы 77,0 млн доза вакцина бар, олар көктемгі кезеңнің алдын алу шараларын уақтылы жүргізу үшін жергілікті атқарушы орган­дарға жолдануда. Іс-шараларға бүкіл ел бойынша ветеринариялық қыз­меттер, соның ішінде ветери­на­рия­лық стансалар мен пункттер қаты­сады. Қазір бекітілген жос­пар­ға сәйкес диагностика және екпе жұмыстары басталып кетті», – делінген хабарламада. 

Сондай-ақ министрлік ел аза­маттарын үй жануарларын тексеру және вакцинациялау жұмыстарына атсалысуға шақырады. Бұл бастама жануарлар арасында жұқпалы аурулардың пайда болу және таралу қаупін азайтуға бағытталған.

Тасқынның мал шаруашы­лығынан бөлек, егін шаруашы­лығына да кері әсері жоқ емес. Ма­­мандардың пікірінше, бір жағы­нан аса жоғары мөлшердегі ыл­ғал­дылық топырақта кездесетін микро­­­ағзаларды жойса, екінші жағы­­нан ағыспен келген су топы­рақ­тың беткі құнарлы қабатына зиян келтіреді. 

– Су тасқыны нәтижесінде то­пырақ эрозиясы жүруі мүмкін. Егер су деңгейі көтеріліп төмен түссе, құнарлы қабат толық шайыл­майды. Бірақ қатты ағыс болса, то­пырақтың жоғарғы құнарлы қаба­тын су шайып кетеді. Табиғи жағ­дайда 1 сантиметр құнарлы топырақтың түзілуіне 100 жыл қажет. Сондықтан ауыл шаруа­шы­лығы саласының мамандары топырақ құнарлылығын арттыру мақсатында жұмыстар жоспарлауға тиіс. Осылайша, за­манауи әдістер мен технологиялар қолдана оты­рып, топырақтың қал­пына келуіне арнайы жағдай жаса­ған жөн. Сонымен қатар су тасқыны кезінде су көздері ластанады, бұл ауызсу мәселесін тудырып, био­логиялық ластануға әкеп соқтыруы да ғажап емес. Сондықтан залал­сыздандыру, су басылғаннан кейін, сумен кел­ген қоқыстардан тазарту жұмыс­та­рын жүргізу қажет. Су шайған құ­нарлы топырақ қабаты­ның орнына органикалық заттар (биогумус) қосып, топырақтың микрофлора­сын қалпына келтіруге болады, – дейді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті Экология кафедра­сының меңгерушісі, б.ғ.к, қауым­дастырылған профессор Гүлмира Сатыбалдиева.

Иллинойс университетінің Энтомология және афроаме­рикалық зерттеулер кафедрасының ассистенті Эстер Нгумби бұл ба­ғыт­тағы зерттеулер салыстырмалы түрде аз екендігін айтады. Дегенмен солардың нәтижесінде су тасқыны топырақ пен топырақ-микробтық қауымдастықтардың жұмысына теріс әсер етуі мүмкін екені анық­талған.

«Су тасқынының көзге ұрып тұрған материалдық шығында­ры­мен салыстырғанда, оның топы­рақ­қа кері әсері де орасан зор. Се­бебі су тасқыны топырақтың био­логиясына, сондай-ақ пайдалы ми­кроорганизмдерге және топы­рақта өмір сүретін және өсімдік қалдықтарын ыдырату, қоректік заттарды қайта өңдеу, өсімдіктердің өсуін ынталандыру және жәндік­терді қоса алғанда, стресс фактор­ларынан қорғау сияқты іргелі функ­цияларды орындайтын жән­діктер мен жауын құрттары сияқты үлкенірек организмдерге зиян келтіруі мүмкін. Бұл симбиоти­калық экожүйенің зақымдануы егін шаруашылығына үлкен әсер етеді» – дейді ғалым.

Мамандар жаздық бидайға жүргізілген тәжірибелердің бірінде су тасқыны пайдалы микроор­га­низмдердің сарқылуына және өсімдіктерге зиян келтіретіндердің көбеюіне әкелетіні белгілі болған. Демек бұл экстремалды құбылыстар микроорганизмдердің биомассасы мен топырақтағы саңырауқұ­лақ­тардың азаюына әкелді.

«Тіпті, су қайтқаннан кейін де тірі қалған микробтар үйреншікті тіршілік ету ортасынан қол үзіп қалады. Сау және функционалды микробиома болмаса, топырақта қоректік заттар өңделмейді және өсімдіктер әлсіреп, жәндіктер мен патогендік микроорганизмдердің шабуылына төтеп бере алмайды. Бұл өсімдіктерге ғана емес, адам­дарға да зиянды. Себебі құнарлы топырақ пайдалы азық-түлік өн­дірісінің негізі. Сонымен қатар су тасқынынан кейін өсімдіктерді түрлі аурудан қорғауға, топырақ құнарының және ондағы микро организмдердің қалпына келуіне ықпал ететін шараларды анықтауы керек. Мысалы, су тасқынынан кейін бірден азотты тыңайтқыш­тарды қолдану суда қалған өсімдік­терді тірілтуге көп септігін тигізетін стратегиялық амалдың бірі», – дейді Иллинойс университетінің ғалымы.

Жалпы, су тасқынының алдын алу мүмкін бе? Мұндай ауқымды апат­ты жағдайда барлық жауапкер­шілікті жергілікті басқару органда­рына сілтеу қаншалықты мүмкін? Мәжіліс депутаты «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров­тың пікірінше, бұл – көптеген ке­шенді проблема­ның әсерінен туындаған жағдай. 

– Бүгінде аудандық, облыстық деңгейдегі әкімдер жауапкершілікті өзіне алғысы келмейді. Өйткені олар ертең міндетті түрде құқық қор­ғаушы органдардың назарына ілігуі мүмкін. Сондықтан қоғамдық бақылауды кеңейте отырып, әкім­дердің өкілеттілігін арттыру қажет. Сонымен бірге маслихаттардың да миссиясын арттырған абзал. Се­бебі егер жергілікті басқару орган­дарының функциясын арттыр­масақ, бұл мәселелер әрі қарай жал­ғаса беруі ғажап емес. Екін­шіден, бізде су мәселесімен ай­на­лы­сатын ғалымдар өте аз. Кеңес ода­ғы кезінде Жамбылда Су мелиорация институты болған. Ол қазір жабылды. Бүгінде елімізде гидротехниктер дайындалмайды. Ал гидролог пен гидротехниктің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Сондықтан еліміздегі жоғары оқу орындарында суды бағыттап, ахуалды бағамдап оты­ратын су мамандарын дайындап шығаруымыз керек. Бүгінде жаңа технологиялардың көмегімен жер бедері туралы толық мәлімет алуға болады. Алдағы уақытта мұндай апатты жағдайлардың алдын алып, болдырмау үшін суды жіберетін немесе сақтайтын резервуарларды әзірлеу қажет. Қазақстандағы бір парадокс көктемгі уақытта даланы су басса, жазда қуаңшылыққа тап боламыз, – дейді ол. 

Ал Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еркебұлан Мәмбетов аймақтарда төтенше жағдай жа­риялануы шаруаларға банк алдын­дағы берешек мермізін шегеруге негіз болады дейді.

– Тайынша ауданындағы ша­руа­лардың күрделі ахуалын өз көзімізбен көріп қайттық. Бүгінде облыс орталығы мен ауыл-ай­мақтар арасын жалғастырып отыр­ған жолдар тасқын судың әсерінен бөгелген. Жұмыс тобы барысында «Алабота» шаруашылығының жағ­дайына куә болдық. Ол жерде де екі үйді су алып, қоймалардағы тұқымдар да су астында қалған. Жол ашылып, су мөлшерін азайту жұмыстары жүргізілгеннен кейін сол жердегі шаруалармен кездестік. Ауыл, аудан әкімдері судың беті қайтқан соң барлық шығындарды арнайы комиссия анықтап, шы­ғын­дар өтелетінін жеткізді. Тайын­ша ауданында қазір төтенше жағ­дай жарияланды. Бұл екінші дең­гейлі банктер алдында берешегі бар шаруалар үшін тиімді. Өйткені бұл оларға қаржылық міндеттерінен бел­гілі бір мерзімге босатылуына негіз болады. Екіншіден, соның әсе­рінен туындаған шығындарды мем­лекетттік бюджет есебінен өтеу­ге мүмкіндік береді, – дейді Мәжіліс депутаты. 

Кәмила ЕРКІН