1 575 тұрғыны бар Көздіғара ауылдық округінің орталығы – Қоныстану ауылына 3 сәуір күні бардық. Біз жеткен кезде ауыл тұрғындары екінші түн тасқынмен алысып жатты.
Ауылды судан қорғау үшін соғылған екі бөгетті қатты ағыс бұзып кетіп, ауыл тұрғындары тайлы-таяғы қалмастан үшінші бөгетті биіктетіп жатыр екен. Ауыл халқы, тіпті әйелдер мен мектептің жоғары сынып оқушылары да бірі қалмастан күні-түні бел шешпестен тасқыннан қорғануға үлес қосып жатты.
Өкініштісі, ауыл іргесінде жаңадан салынған мешіт, салынып жатқан дене-шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы, тұрғындарға үй салу үшін инженерлік желі тартылып, арнайы дайындалған үлкен учаске мен ауылды табиғи газбен қамтамасыз ететін арнайы торапты толықтай су алып кетті. Ауылдың шетіндегі төрт үйді де су басты. Бірақ халықтың бекем бірлігі тұтас ауылды су шаюдан аман алып қалды.
Қызылқоға аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Төлеген Бақтыбектен білгеніміздей, Көздіғара ауылдық округіне қорғаныс бөгеттерін бекітуге Төтенше жағдайлар департаментінен техникалардан бөлек, 50 қызметкер жұмылдырылды.
«Дегенмен ауылға Ойыл өзенінен келіп тұрған су әлі де қауіп төндіруде. Судың деңгейі 80 см-ге дейін көтерілді. Құтқару жұмыстарына Атырау қаласынан Ұлттық ұланның әскери сарбаздары да жұмылдырылды», – деді Төлеген Бақтыбек.
Ел болып бөгет соғып жатқан қарбалас тірлікте біздің назарымыз екі кішкентай балаға ауды. Қапты құммен толтырып, әлі жеткенше бөгетке тасып жүрген кішкентай батырлардың есімі Азат пен Ералы болып шықты. 6-сыныпта оқитын балалар ата-әжелеріне қарайлап, ауыл малын да қарап жүр.
«Біз ата-әжемізді тастап кеткіміз келмеді. Олардың қасында адам жоқ қой. Азын-аулақ қой-ешкіні, бұзауды бағып, көмектесіп жүрміз. Мұндай су тасқынын бірінші рет көріп тұрмыз. Шыны керек, қорқынышты, екі күн сабағымыз да болмай қалды. Ең бастысы, амандық болсын, күні ертең бәрі жақсы болады», – деп екеуі біздің журналистер арқылы достарына сәлемін жолдады.
Құлсары қаласы бойынша айтылатын мәселе көп. Атырау облысының жедел штабы мәліметінше, 8 сәуірдегі ресми ақпарат бойынша су басқан Құлсары қаласынан және Тұрғызба ауылынан 31 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен тұрғындар Жылыойдың Майкөмген ауылына, Атырау қаласына, Теңіз кенішіне, Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына көшірілді. Жергілікті атқарушы билік бір кісідей жұмыла еңбек еткен құтқарушыларды қоспағанда, Атырау облысының әкімдігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен келісіп, Құлсары – Мақат бағытында тегін пойыз тасымалын ұйымдастырды. Мақатқа жеткен жылыойлықтарды Атыраудан ұйымдастырылған еріктілер тегін көлікпен тасымалдап, тұрғындар эвакуациялық пункттерге орналастырылды.
Осындай қысылтаяң уақытта Маңғыстау жерінде сегіз жылыойлық сәби өмірге келді. Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, 5-7 сәуір күндері Бейнеу ауруханасында алты, 8 сәуір күні Маңғыстау облыстық перинаталдық орталықта бір сәби дүниеге келді. Қазір аналар мен сәбилердің жағдайы жақсы.
Тағы бір керемет жаңалық, алапат тасқыннан Құлсары қаласы маңындағы Береке ауылы аман қалды. Құлсары қаласын Жем өзенінің суы басқанда табиғаттың дүлей апатына төтеп берген берекеліктердің құпиясы да қарапайым. Ауылдың орналасқан жері өзен суының деңгейіне жуықтағанмен, тұрғындардың ауызбірлігі тасқынға тосқын қоя алды.
«Қазір елімізде су тасқынына байланысты келеңсіз оқиғалар болып жатыр. Үйлер суға кетіп, халыққа ауыр тиіп тұр. Осындай шақта бірлік керек! Жұдырықтай жұмылғанның арқасында тасқын суды бөгеп, жеңгендей болып отырмыз. Бірінші кезекте сабыр керек. Келеңсіз шақтың тез өте шығатынына үмітіміз зор», – дейді ауыл тұрғыны Түнғатар Лұқпанов.
Қазір Жылыой ауданында тасқын судың келтірген зардаптары пысықталып, нақты іс-шаралар жасалуда.
Өтемақы қалай төленеді? Бұл мәселеге Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов жауап берді. Аймақ басшысы қазіргі уақытта Жылыойда тасқын астында қалған үйлерді судан тазарту жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
«Судан тазарту жұмыстары аяқталғаннан кейін, заң аясында шығынды бағалау жұмыстары жүргізіледі. Ол жұмыстардың барлығы тұрғындарға хабарланады. Қазір өтемақыға байланысты мессенджерлер арқылы көптеген жалған ақпарат тарап жатыр. Сондықтан баршаңызды ресми ақпаратқа сенуге шақырамын. Барлық шығындар жағдай тұрақтанғаннан кейін мемлекет тарапынан өтелетін болады», – деді Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов.
Қысылтаяң шақта жұдырықтай жұмылып әрекет етіп жатқан атыраулықтардың әрекеті көпшілікті тәнті етіп отыр. Атырауды тасқын судан қорғауға жұмылғандардың арасында «Атырау барыстары» командасының канадалық ойыншысы да бар. Волонтерлер қатарына қосылған Канада азаматы Майкл Окафордың айтуынша, мұндай қиындықты бірлікпен ғана жеңуге болады.
«Мен – «Атырау барыстары» баскетбол клубының ойыншысымын. Канададан келдім. Қазір өзім тұратын Атырау қаласына тасқын судың қаупі төнді. Бұған атыраулықтармен бірге мен де алаңдап отырмын. Өйткені шетелдік болсам да осы елдің тыныштығын, әр қазақстандық пен қонақтардың көңілі көтеріңкі жүргенін қалаймын. Сол себептен, Жайық өзенінің жағалауындағы бөгетті биіктетіп жатқан волонтерлерге көмектесуді ұйғардым. Біз Атырау қаласын тасқын судан бірліктің нәтижесінде қорғап қаламыз», – дейді Майкл Окафор.
Айтпақшы, Атырау облысында 7 сәуірден бастап төтенше жағдай жарияланды. Бұл қадам – жергілікті атқарушы органдар мен тиісті қызметтердің алдағы су тасқынына қарсы дайындығын күшейту мақсатында жасалып отыр.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы