Құрметті оқырман, әу бастан бірден түсіндіріп кетейін. Меніңше, мақаланың осы атауы жазылмақ ойымыздың мәнін нақ көрсетеді. Әрине, «Нағыз күй мен жасанды күй» немесе «Күй тарту мен домбыра тарту» деп жұмсартып алуға болады еді. Алайда біздің айтар ойды тек күй және «кюй» деп ажырата алатын сияқтымыз. Енді осы күй және «кюй» деген не? Әңгімемізді осыдан бастайық.
Күйді әркім өзінше түсінеді. Жазушылардың пафос сөзін мысалға келтіріп, философиялық һәм филологиялық түсіндірме берудің де қажеті жоқ. Бұл ғылыми мақала емес. Өте қарапайым ойланайық. Сіз үшін күй деген не? Мен үшін күй – демалыс. Рухани демалыс. Күйді тыңдасаңыз демалып қаласыз. Бұл жерде күйдің екпіні маңызды емес. Жылдам күйді тыңдап та демаласыз, жай екпіндегі күйден де жан рақатын табасыз. Яғни, рухани азық аласыз.
Енді «кюй» дегенге келейік. «Кюйдің» авторы да, тарихы да, нотасы да КҮЙ сияқты. Еш айырмашылығы жоқ. Бір ғана өзгешелігі бар. Ол – орындаушысы. «Кюй» тартатын адамды тыңдасаңыз бәрі орнында сияқты. Бірақ бірдеңе жетпейді. Не жетпейтінін өзіңіз де түсінбейсіз. Әйтеуір кем тұсы бар. Көрмейсіз, бірақ сезесіз. Сезгеннен кейін күйден алатын жан рақатын таба алмайсыз. Кейде тіпті демалмақ түгілі, ауырып қаласыз. Басыңыз ауырады, жаныңыз ауырады. Жан рақатын емес, жан азабын сезінесіз.
Келесі сөзімізді күй тарту мен «кюй» тарту қалай пайда болғанына арнасақ. Әрине, күй тарту баяғыдан бар. Аудиожазбалары сақталған Дина мен Әбікен, Қали мен Рүстембек, олардан кейінгі буын Мағауия мен Садуақас, Бақыт Басығараев пен Рысбай Ғабдиев, көзкөрген Қаршыға мен Таласбек секілді өнерпаздардың тартқаны – күй. Оған ешкімнің таласы жоқ. Сөзсіз, әр күйшінің өзіндік ерекшелігі, қағыс алу мәнері, перне басу әдісі өзгеше болса да, барлығының тартқаны – күй.
«Кюй» тартушылар да осы асылдарға еліктеп жүр (Бұрын да еліктеген, қазір де еліктеп жүр және болашақта да еліктей бермек). Олардың ойынша, домбыра солай тартылу керек. Бір-екі мысал келтіріп кетейік.
Дина Нұрпейісова ана бір жерде жылдамдатып жіберді, біз де жылдамдатайық дейді. Әбікен Хасенов «Қоңырында» қайғыны көрсеткен, біз де образға кірейік. Рысбай Ғабдиев күйді өте жылдам тартқан, біз де қуалайық деп ойлайды. Бұл аз ғана мысал. Айта берсе, жаза берсе өте көп. «Кюй» тартушылардың айтары өз уәжі бар. Ахмет Жұбановтың «әр домбырашы өз мінезін тартады» деген сөзін айтады. Бірақ Ахаң тек шынайы домбырашыларды ғана іріктеп, ортаңқол өнерпазды Алматыға алдырмаған. Сол кіл жүйріктер арасында жүріп, «әр домбырашы өз мінезін тартады» деген екен.
Кейде бір нәрсені өзіміз түсінсек те, басқа адам түсінбей қалады. Сондықтан тағы мысал келтірейін.
Бірінші мысал. Алдыңызға бір шетелдік немесе өмір бойы өзге тілде сөйлеп жүрген қазақ келіп, сізбен қазақша сөйлесе бастайды. «Маган комек, Тауелсиздик коше калай?» (сөйлеу мәнері қаз-қалпында берілді – ред.) дейді. Тырысып тұр. Сіз де «Көмек керек еді, Тәуелсіздік көшесіне қалай жетемін?» деп сұрап тұрғанын түсіндіңіз.
Екінші мысал. Бір досым бар. Тіл маманы, яғни филолог. Сол бірде айтып еді. «Қазір балалардың тілі бұзылған. Иә, қазақша сөйлеп тұр. Бірақ басқа қазақ тілі. Кейін өз балаларым да өсіп, теледидар көре бастағанда қай «қазақ тілінде» сөйлеп жүргенін түсіндім. Бұл – «Балапан арнасының» тілі екен ғой» деген (Құрметті оқырман, бұл жерде арнаға «тас лақтырып» отырған ешкім жоқ. Әңгіме төркіні басқада – автор).
Енді осы екі мысалдағы қазақ тілін «күй тіліне» аударып, алдыңызда біреу домбыра тартып отыр деп есептеңіз. Азды-көпті біліміңіз болса, «мынау домбыраны құр сабалап отыр ғой» деп айтарсыз. Құдайға шүкір, бүгінгі қазақ қоғамында бұл деңгейдегі (бірінші деңгей дейікші) тыңдарман бар. Көп емес, бірақ бар. Ал екінші мысалдағыдай күй сыншысы көп емес. Егер сіз бір домбырашыны тыңдап отырып, «бәрі дұрыс сияқты, бірақ көңілге қонбайды» деп сезінсеңіз, күй түсінудің екінші деңгейіне жақындапсыз. Екінші деңгейге жету үшін кәсіби маман бол деген шарт жоқ. Бастысы, «кюй» емес, КҮЙ тыңдап жүрсеңіз жеткілікті. Ертелі ме, кеш пе аражігін ажырата аласыз.
Оқырман қоятын бір сұрақты біліп отырмын. «Енді КҮЙ тартатындарды қайдан тыңдаймыз?» деуіңіз бек мүмкін. Бұл жерде сіздің көңіліңізді тағы да түсіретін шығармын. Міне, мына жерде күй, анау жерде «кюй» шертіледі деген орын жоқ. Домбыраны өмірлік серігі етіп, дипломы бар кәсіби мамандар ішінде күйді де, «кюйді» де тартатындар бар. Әуесқойлар арасында да екеуі жетерлік. Тек тыңдап отырып ажырата білу керек.
Сөз соңында екі мысал келтірейін. Бір күйдің екі түрлі тартуы. Біріншісі – күй қонған Шәміл Әбілтаев, екіншісі жай ғана «Балбырауын» деп «кюй» тартып отырған қазақ. Өте қарапайым мысал. Бірақ тыңдар құлағыңыз болса, оңай ажырата аласыз.
Мынау КҮЙ
Ал мынау «КЮЙ»
Құрметті оқырман, бұл жазғанымыздың жүгі ауыр екенін жақсы түсініп отырмыз. Бірақ айтпасқа, жазбасқа амал қалмады. Алтынымыз қолаға, қоламыз темірге айналған заманда ата-бабаның мұрасын таза күйінде сақталғанын қалаймыз. Оның бір жолы – осылай жазу ғана.