Сенатор Сағындық Лұқпанов Атырау облы­сындағы Махамбет ауданында екінші толқынмен келуі ықтимал тасқын суға дайындық барысымен танысты
Дайындық жұмыстары күшейе түсті
792
оқылды

Депутат сапар барысында аудан орталығындағы бөгет салу аймағында болып, әскери қызметшілер­мен және еріктілермен әң­гі­мелесті. Сенатор көрсеткен көмегі үшін оларға алғысын білдірді.

«Қазір ауданның барлық ауы­лында тасқын су зардабын бол­дырмау үшін дайындық жұ­мыстары күшейе түсті. Бөгет құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Алайда жергілікті атқарушы органдар проблема тереңдемес үшін бұл мәселеге көбірек назар аударуға тиіс», – деді сенатор Лұқпанов.

Тасқын суға қарсы іс-қимыл Қарағанды облысында да жал­ғасын тапты. Депутат Серік Өтешев табиғи апатқа тап болған бірқатар ауданды аралады. Су тасқыны салдарынан зардап шеккен үйлердің тұрғындарына көмек көрсету, аумақтарды абаттандыру, жарықтандыру, жолдарды жөндеу және газ жеткізу мәселелері халықпен кездесулерде талқылаудың басты тақы­рыбы болды.

«Қарағанды облысында ау­қымды су басу қаупі зор болды. Су одан әрі кеткендіктен айтар­лықтай тасқын су болған жоқ. Судың келуінен зардап шеккен тұр­ғындар қажетті барлық зат­тар­мен қамтамасыз етілуге тиіс. Мемлекет басшысы жақында сөй­леген сөзінде зардап шеккен бар­лық азаматқа көмек көр­сетілетінін атап өтті. Бұған Үкі­мет те, депутаттар да жәрдемдесе­тін болады», – деді сенатор Өтешев.

Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев Алматы облысын­дағы Іле ауданында салынған су қоймасы бөгетін қалпына келтіру барысымен танысты. Бөгет бұзылған кезде тиісті шаралар қабылданғаны атап өтілді. Дегенмен бұл мәселе қайтадан туын­дауы ықтимал. Өйткені су бөгеті құрылысы 1910 жылы са­лынған және қазір қайта жаң­ғыртуды қажет етеді. Осы мәсе­лені шешу­дің тетіктері, сондай-ақ елді мекендердегі су бұруды мұқият зерделеу және жүйелеуге байланысты мәселелер талқы­ланды.

«Қазір республикалық дең­гейде шұғыл назар аударуды талап ететін бірқатар маңызды мәселе бар. Сенаторлар өңірлер­де болған кезде төтенше жағдай­дың зардабымен күресте барынша көмек көрсетеді. Сенаторлар өз кезегінде болашақта мұндай төтенше жағдайдың алдын алу үшін заңнамалық деңгейде атса­лысуға дайын», – деді сенатор.