Президент, ең алдымен, жиынға қатысушыларды Ғылым күнімен құттықтап, бұл мереке ғұлама ғалым, заңғар тұлға Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келіп отырғанын айтты.
– Дәл бүгін академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды. Біз ұлы Абайды қазақ руханиятының темірқазығы, Ахмет Байтұрсынұлын Ұлт ұстазы дейміз. Ал Қаныш Сәтбаевты қазіргі қазақ ғылымының атасы деуге болады. Өздеріңіз білесіздер, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – халқымыздың біртуар перзенті. Еліміз әлі күнге дейін оның ғылыми жаңалықтарының игілігін көріп отыр. Әйгілі ғалымның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еліміз 2026 жылы БҰҰ аясында Аймақтық климат саммитін өткізгелі отыр. Бұл маңызды іс-шара халықаралық қоғамдастықтың назарын мұздықтардың еруі, өзендер мен көлдердің таяздануы, шөлейттену, жердің тозуы сияқты проблемаларға аударуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы саммитке дайындықты қазірден бастау керегін айтты.
– Бұл жиын өңірлік және жаһандық экологиялық сын-қатерлерге төтеп беру үшін ғалымдардың, сарапшылардың, саясаткерлердің күш-жігерін жұмылдыруға ықпал ететініне сенімдімін, – деді Президент.
Кеңес барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні қолдану әлеуетіне ерекше тоқталды. Қазір Үкімет Жасанды интеллектіні дамыту стратегиясын және Цифрлық кодексті әзірлеп жатыр. Бүгінде жасанды интеллектіні дамытудың перспективасы зор. Кейбір бағалаулар бойынша жасанды интеллект 2030 жылға қарай әлемдік ЖІӨ-нің 7 пайызын қамтамасыз етеді. Ал 2027 жылға қарай жаһандық жасанды интеллект нарығының капитализациясы 400 миллиард доллардан асады.
Мемлекет басшысы жасанды интеллекті арқылы дербес тіл моделін әзірлеудің маңызы зор екенін атап айтты.
– Қазір қазақ тілі моделін жасау жұмысы қолға алынып жатыр. Осы жұмысқа сегіз ғылыми-зерттеу институты мен жоғары оқу орнынан тұратын консорциум тартылды. Бұл бастама цифрлық дербестігімізді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мемлекеттік тілді дамытуға мықты серпін береді, – деді Қ.Тоқаев.
Ғылымға арқа сүйеген мемлекеттер қашанда әлемнің даму көшін бастайды. Осынау ұлы көшке ілесіп, қатарынан көрінудің бірден-бір жолы – ғылымды ілгерілету. Яғни, қарқынды дамудың төте жолы да осы.
– Ахмет Байтұрсынұлы «Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек» деген екен. Бұдан бір ғасыр бұрын айтылған сөз қазір, әсіресе, өзекті, – деп атап өтті Президент.
Елімізде соңғы жылдары ғылым саласын дамыту үшін біршама жұмыс атқарылды. Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілді. Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды.
Мемлекет басшысы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында университеттердегі кадр тапшылығы, ғылыми жұмыстардың сапасыздығы, өндіріс орындарымен тұрақты байланыстың жолға қойылмағаны және басқа да түйткілдерді тізіп айтты. Үкімет қалыптасқан жағдайды түзеу үшін арнайы бағдарлама әзірлеуі қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, тағы бір маңызды мәселе – еліміздегі жоғары оқу орындары арасында өңірлік теңсіздік. Мықты университеттердің көбі Астана мен Алматыда орналасқан. Бұл ішкі көші-қон жүйесінің бұзылуына және өңірлердегі кадр тапшылығына әкеп соқтырады.
Осыған байланысты Президент ғылым мен жоғары білімнің біртұтас дамуын қамтамасыз ету үшін бұған дейін 15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орнының базасында Академиялық басымдық орталықтарын құруды тапсырғанын еске салды. Бұл ретте Үкімет жоғары оқу орындарының зерттеушілік бағытын дамыту үшін пәрменді механизмдер әзірлеуі тиіс.
Президент ғылымның кадрлық әлеуетін күшейту туралы сөз қозғай отырып, жас ғалымдарды жан-жақты қолдаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
– Грант арқылы жүзеге асырылатын жобалардың үштен бірі жас ғалымдарға тиесілі. Әрине, мұндай жобалардың санынан гөрі сапасы маңызды. Жыл сайын жас ғалымдарға байқаулар арқылы берілетін гранттың қаржы көлемін арттыру керек. Қазір жас ғалымдарымыз әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында стажировкадан өте алады. Бұл – жақсы үрдіс. Оны жалғастыра беру қажет. Менің тапсырмаммен жүзеге асырылып жатқан «Жас ғалым» бағдарламасының тиімді екенін көріп отырмыз. Оның ауқымын кеңейту керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент магистратура және докторантура бағдарламасына арналған гранттың құнын арттыру, ірі өндірістік компаниялармен бірге «индустриалды PhD» даярлау механизмін әзірлеп, қолданысқа енгізуді тапсырды. Бұл тұрғыда еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен шетелдік университеттердің филиалдарын экономикамыздың басым салалары үшін ғалымдар мен білікті мамандарды жедел даярлауға жұмылдырған жөн. Мемлекет басшысы Үкіметке, инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың ұлттық моделін әзірлеу, өңірлік жоғары оқу орындарының базасында озық инженерлік мектептер ашу, әр өңірдің белгілі бір салаға мамандануын көрсететін Өңірлік экономика атласын дайындау жөнінде тапсырма берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазір Парламентте «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы талқыланып жатқанын атап өтіп, бұл құжат ғылымның дамуына зор серпін беретініне сенім білдірді.
– Кезінде халқымыздың көрнекті тұлғалары мен қайраткерлерінің де ағартушылықпен айналысқаны тегін емес. Қазір жас ғалымдардың заманы туды. Сіздер ұсынған, ойлап тапқан жобалардың игілігін бүкіл еліміз көруі керек. Бір сөзбен, Сіздер сияқты ғалымдар Отанымыздың ғылыми-техникалық даму көшін бастауы керек. Себебі ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ алқалы жиында айтылған маңызды мәселенің бірі шетелдік ғылыми орталықтарда табысты жұмыс істеп жүрген ғалымдарымызды Қазақстанға қайтару жайы. Президент аталған ұсынысты қолдайтынын жеткізді.
– Отандастарымызды өз зерттеулерін Қазақстанда жалғастыруға шақырамын. Мемлекет өз тарапынан мұндай ғалымдарға ұйымдастырушылық тұрғыдан және қаржылай нақты көмек көрсетеді. Шетелде жұмыс істейтін ғалымдарды бұған дейін де шақырғанбыз. Осы мәселені мұқият ойластыру керек. Ғылым өзінің ауқымы мен сипаты жағынан жаһандық деңгейде болғандықтан, бұл жерде жалаң патриотизмге берілу орынсыз. Әйтсе де, Қазақстан ақыл-ойдың жаһандық бәсінен тыс қалмауы керек, – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұлағат БЕКБОЛАТ