Мұны мемлекет есірткімен күрес жүргізу туралы арнайы бағдарлама қабылдағаннан кейінгі тағы бір ілкімді шаруа деп атауға болады. Енді Премьер-Министрдің орынбасары Т.Дүйсенованың үйлестіруімен Ішкі істер министрлігінде жұмыс тобы құрылды, оның аясында нашақорлықтың алдын алу және есірткіге байланысты қылмысқа қарсы екі іс-қимыл, оның ішінде әлеуметтік және басқа интернет-ресурстар арқылы есірткінің таралу жолын кесу бойынша қосымша шаралар кешені әзірлену үстінде.
Шынымен де, ғаламтор арқылы сан алуан құйтырқы әрекетке баратын есірткі саудасын құрықтап оған тосқауыл болу бір министрлік емес, барша елдің бірігіп, жұмыла жүргізетін әрекеті болуы керек деген ой келеді. БҰҰ мәліметінше, әлемде 275 млн нашақор бар. Әрине, бұл нақты сан емес. Дегенмен бұл санның артып кетпесе, кемімейтіні өкінішті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды отырыстардың барлығында дерлік есірткінің ұлт саулығына үлкен зиян әкеліп отырғанын айтып, сананы улаған осы бір кеселмен барынша күресу керектігі туралы тиісті тапсырмалар да беріп келеді. Президент тапсырған соң Үкімет Қаулысымен Қазақстан Республикасының нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді.
Нәтижесінде, 2025 жылға қарай есірткі тұтынушылардың санын азайту, есірткіге тәуелділіктен ұзақмерзімді ремиссиясы бар кәмелетке толмағандар санын 15%-дан 20%-ға дейін арттыру, сондай-ақ есірткі тұтынушыларды 26%-дан 30%-ға дейін медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамту жоспарланған.
Бұдан бөлек, жаңа синтетикалық препараттарды, сондай-ақ азаматтарды медициналық куәландыру аясында алынатын қан үлгілері мен басқа да биоматериалдарды зерттеуді жеделдету үшін сот сараптама органдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылмақ. Кешенді жоспарда көрсетілген өзге де шараларды жүзеге асыру үшін бюджет есебінен 53,1 млрд теңге бөлу қарастырылған. Қазір алғашқы қадамы жүзеге асырылу үстінде.
Жастарды құрықтаған жаңа түр
Мамандардың айтуынша, есірткінің уақыт озған сайын жаңа түрі пайда болып жатқан көрінеді. Тіпті, дүниежүзінде мыңнан астам есірткі түрі ресми тіркелген екен. Қазақстанда шамамен соның 700-ге жуық түрі немесе аналогтары бар. Бүгінде бақылаудағы психикалық белсенді заттардың тізіміне 89 синтетикалық есірткі түрі енгізіліп отыр. Бұл кеселдің адам психологиясына санаулы секундта өте қатты әсер ететінін неврология ғылымы баяғыда-ақ дәлелдеп берген. Полиция есірткінің бұл түрімен күресудің қиындығын айтып отыр. Ал сарапшылар әлем бойынша аптасына синтетикалық есірткінің 10 жаңа түрі шығарылатынын алға тартуда.
Біздің елде 2015 жылдан бастап «синтетикалық есірткінің» жаппай таралуы байқалған көрінеді. 2019 жылы Қазақстанда шамамен 11 келі синтетика тәркіленсе, 2020 жылы 100 келі болған. 2021 жылы 160 келі есірткі тәркіленсе, өткен 2023 жылы құқық қорғау органдары 168 келі 494 грамм мефедрон мен альфа-PvP тәркілеген. ІІМ деректеріне сәйкес, бүгінде Қазақстанда ең көп таралған есірткі түрі – «синтетика» екен.
Алғашында Қазақстанға темекі қоспалары бар «спайс» деген түрі келген. Уақыт өте түтіні жоқ темекі деген түр – «снюс» құпия саудаланған. Кейіннен есірткі әлемін «кристалл», «жылдамдық», «ваннаға арналған тұз» деген түрлі атау жамылған синтетикалық заттар тез жаулап алды. Ең сорақысы, бұл дерттің тырнағына ең бірінші болып жаны жаңалыққа құмар жастар ілігіп жатыр.
«Синтетиканың» тартқызар зардабы өте ауыр. «Не иісі, не дәмі біліне бермейтін синтетикалық заттар ақылдан айырып, ағзаны тіпті ірітіп жібереді», – дейді онколог дәрігерлер. Адамға 2-3 жылда өлім құштыруы мүмкін мұндай қауіпті түрге еліктеген жастарды құтқару өте ұзаққа созылады екен.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2024 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанда психоактивті заттарды қолдану салдарынан психикалық мінез-құлық бұзылыстары диагнозымен 108 722 адам динамикалық бақылауға алынған. Оның ішінде 18 329 адам есірткіге тәуелділікпен тіркеуде тұр. Оның 91%-ы – ерлер (16 817), қалғаны – әйелдер (1 512). Сондай-ақ тәуелділердің ішінде 2 734 адам – (15%) 18 бен 29 жас аралығындағы жас болса, тіркеуде 66 бала мен жасөспірім бар екен.
Кейбір деректер бойынша, Қазақстанда бас бостандығынан айырылған азаматтардың 10 пайызы – есірткі қылмысы үшін жазасын өтеп отырғандар.
Курьер кінәсі
Желілерде курьер, яғни жүк жеткізуші болып жұмыс істейтін жасөспірімдердің қолға түсіп қалып жатқандығын көзіміз шалып қалады. Әрине, ол есірткі тасымалдаушы ретінде заң алдында жауап беруі хақ. Бірақ ең өкініштісі, сол жастарды бұл жұмысқа жегіп отырғандардың кім екені көп жағдайда белгісіз болып қала береді. Мысалы, осыдан бір жылдай уақыт бұрын атыраулық оқушы есірткі тасымалдағаны үшін 7,5 жылға сотталып кеткен болатын. Оқушы Telegram желісіндегі хабарламаны көріп, табыс таппақшы болған.
Ал жуырда алматылық 27 жастағы ер адам басқарған осындай курьерлік топтың қолға түскені белгілі болды. Алматы қаласы бойынша есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының басшысы Ерлан Әлмағамбетовтың айтуынша, күдікті синтетикалық есірткі тасымалдаумен айналысқан.
«Күдікті біздің көзімізге біраз уақыт бұрын түскен болатын. Ол синтетикалық есірткіні белсенді қолданушы ғана емес, оның тұрақты таратушысы екені де алдын ала анықталған. Мақсатты жедел және арнайы шаралар сотталушының қылмыстық әрекетінің басқа бағытын анықтауға мүмкіндік берді. Ол «синтетиканы» өндіруші болып шықты. Ер адам Алматы облысы Қарасай ауданы Іргелі ауылындағы үйлердің бірінде өндіріс ұйымдастырған. Бір сөзбен айтқанда, әмбебап есірткі сатушыны әшкереледік», – дейді ол.
Ұлт болашағына төнген қауіп
«Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Ең өкініштісі, уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастаған. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатқан көрінеді. Есірткіні, тіпті үйге әкеп беретіндер де бар екен. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс», – деген еді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.
ҚР ІІМ мәліметінше, синтетикалық есірткіні тарату бойынша Ақмола, Павлодар, Алматы Қарағанды өңірлерінде жиі тіркеледі екен.
«Бұл есірткі түрін әсіресе жастар мен жасөспірімдер көп қолданады. Себебі сатып алу да, қолдану тәсілі де аса бір жағдайды қажет етпейді. Кез келген жерде қолдануға ыңғайлы. Оны иіскеп те, тартып та, тіпті ішіп те қолдануға болады. Сондықтан жасөспірімдер әуестігі жоғары болмақ. Ал әсері өте жоғары. Бірден орталық ми жүйесінің қалпын бұзады», – дейді Психикалық денсаулық орталығы Наркологиялық қызмет бойынша Бас дәрігердің орынбасары Гаухар Бектаева.
Елімізде есірткіден оңалту бойынша 14 оңалту орталығы жұмыс істеуде. Мамандардың айтуынша, соңғы кездері орталыққа осы синтетикалық есірткіге құмарлар көп келе бастаған. Бірақ кәмелетке толмағандар арасында қанша адам есірткі дәмін татқаны туралы мәлімет болмай тұр. Мамандардың айтуынша, мұндай дерек болған кезде алдын алу шараларының да нәтижелі болуы мүмкін екен.
«Алғаш пайдаланған кезден бастап тәуелді болып қалдым. Ата-анамды алдадым. Жақындарымды алдап ақша таптым. Киімдерім мен жеке заттарымды сатып сол дүниені алып отырдым. Қазір ойлап қатты өкінемін. Кейде қиналамын. Сол кезде әлі де іздеп тұрғандай күй кешемін. Бірақ бұрынғыдай емес», – дейді оңалту орталығында ем қабылдап жүрген бойжеткен. Ең өкініштісі сол, бұл дертке қыздарымыздың да шырмалып қалып отырғаны.
БҰҰ мәліметтеріне сүйенер болсақ, соңғы 10 жылда есірткіге тәуелді адамдардың саны 22 пайызға өскен. Ал қазіргі уақытта әлемде шамамен 275 млн нашақор адам бар көрінеді. Оның 500 мыңнан астамы осы дертсалдарынан көз жұмады екен. Ал Қазақстандағы мәліметтерге тоқталсақ, ресми деректерге сәйкес, қазір бізде есірткіге тәуелді 110 мың адам есепте тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне зер салсақ 20 мыңға жуық нашақор ем алу үстінде екен. Оның 1,5 мыңнан астамы – әйел, ал 43-і буыны қатпаған жасөспірім екен. Түсіне білген жанға осы деректің өзі ұлт денсаулығы мен ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатердің зор екенін байқатады.
Бердібек ҚАБАЙ