Сонымен 7 қаланың тізімінен шығып қалуының әрқайсысына тән негізгі ерекшеліктері бар. Мәселен, Арқалық пен Серебрянскіде табиғи ресурстар сарқылу себеп болса, Текелі мен Саранда экономиканы әртараптандыру көрсеткіші өскен. Бұрын 27 моноқаланың есебінде келген Жезқазғанның бағы жанып, Ұлытау облысының әкімшілік орталығына айналды. Ал аудандық маңызы бар Жаңатас пен Қаратау қалалары 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарларын іске асыру есебінен қосымша дамытылатын болады.
Қалған 20 моноқаланы (Абай, Ақсай, Ақсу, Алтай, Балқаш, Жаңаөзен, Жітіқара, Екібастұз, Лисаковск, Қаражал, Кентау, Құлсары, Курчатов, Риддер, Рудный, Сәтбаев, Степногорск, Теміртау, Хромтау, Шахтинск) дамытудың перспективасына Үкімет жаңаша бағыт бермек. «Біз моноқалаларды дамытып, жастар үшін тартымды еткіміз келеді. Ол үшін табысты арттырып, жұмыс орнын көбейту қажет. Аталған міндет өндірістерді кеңейту, жаңа жобаларды іске қосу, бизнеске қолайлы жағдайлар жасау арқылы жүзеге асырылуға тиіс. Әкімдіктер жас мамандарға жағдай жасап, әлеуметтік пакеттер ұсынуы керек», – деп атап көрсетті О.Бектенов.
Экономика ғылымдарының кандидаты Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, моноқалаларға жас мамандарды тартудың жолы – тағылымдама. «Мысалы, студенттерді тағлымдамадан өткізерде моноқалалармен байланыстыруға баса мән беруі керек. Мәселен, Түркістанның іргесінде Кентау тұр, Семейге Курчатов, Қарағандыға Абай, Саран қалалары жақын. Студенттерге өздерінің кәсіби біліктілігін көтеруде, ғылыммен айналысып, ғылымдағы тәжірибесін жүзеге астыратындай мүмкіндік, еркіндік берілсе деймін. Өз тәжірибесі арқылы өнім шығаратындай, авторлық жобасын қорғап, дамыта алатындай мүмкіндік жасалса. Ақша айналымы да сол жерлерде жасалар еді», – дейді сарапшы.
Үкімет отырысында арнайы баяндама жасаған Премьер-Министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров аталған моноқалаларда мұнай-газ, көмір, боксит, темір кендерін өндіру және тағы басқа бағыттарда 23 қалақұраушы кәсіпорын жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша олардағы өнеркәсіптік өндірістің көлемі 18,5 трлн теңгені құраған. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 92,3 мыңнан 100,2 мың бірлікке дейін өсті. «Алтай, Балқаш, Жітіқара, Лисаков, Риддер, Степногорск қалаларын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Барлығы 456,6 млрд теңгеге 326 іс-шара қарастырылған. Моноқалалар инфрақұрылымын дамытуға биыл 62,8 млрд теңге жоспарланды. Экономикасын әртараптандыру және экономиканың шикізаттық емес секторларында баламалы өндірістер құру шеңберінде 10 мыңға жуық жұмыс орнын аша отырып, жалпы құны 1,4 трлн теңге болатын 41 жоба іске асырылып отыр», –деді Н.Байбазаров.
Премьер-Министр моноқалалардағы инфрақұрылым объектілерінің тұрақты жұмысына ерекше назар аударып, халықты негізгі қызметтермен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл ретте жергілікті бюджеттің әлеуетін толық пайдалану қажет. Тізімдегі 20 қаланың инфрақұрылым жағдайы мәз емес. Ресми деректе олардың су құбыры желілерінің тозуы – 55,8%-ға жеткен. Сонымен қатар кәріз желі-лері – 66,5%, жылу желілерінің тозуы – 54,4%-ды құрайды.
Экономист Бауыржан Ысқақов Қазақстандағы моноқалаларды дамытудың перспективасы өте жоғары екенін айтады. Өйткені олардың басым бөлігінде қазба байлықтардың негізгі көздері қалыптасқан. Металл, мұнай-газ саласы, химия өнеркәсібі, көмір кен өндірістері осы моноқалаларда. «Дегенмен нарықтық қатынастың алғашқы кезінде, кейінгі жылдары да бұл қалалардың дамуы уақыт көшінен көп кейінге қалып қойды. Тіптен мұндай қалалар бар екенін ұмыттық, ондағы халықтың заман талабына сай қажеттіліктері ескерілмей қалды. Ол жердегі білікті кадрларды жоғалттық. Сабақтастық жойылып кетті. Қолынан іс келетін азаматтар үлкен қалаларға кетті. Көшіп-қонуға жағдайы келетін отбасылар тұтас қоныс аударды. Тіптен білікті мамандардың шетелдерге жұмыс іздеп кеткен жағдайлар болды»,– дейді ол.
Расында да, соңғы 20 жыл ішінде ол қалалардағы тұрғындардың саны екі еседен астам азайып кетті. Мысалға, 1989 жылы Жаңатаста 53 мыңның үстінде халық болса, 2016 жылы 21 мың ғана қалған. Мұндай динамикалық көрсеткішті моноқалалардың кез келгенінен байқауға болады. Негізгі себеп жұмыссыздық, жалақының аздығы және оларда тұрмыс сапасы өте төмен.
Моноқалаларды дамытудың тиімді жолы – экономикаға инвестиция тарту. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев биыл 100 млрд теңгеге 4 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отырғанын жеткізді. Бұл мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұған дейін жүргізілген геологиялық зерттеу нәтижесі бойынша моноқалалар маңында болжамды құны 1,1 трлн теңгені құрайтын ресурстар табылған. Биыл Абай, Курчатов, Балқаш және Алтай қалаларында 5 перспективалы учаскеде геологиялық барлау жұмыстарын аяқталмақ.
Моноқалалар әлеуетін инвестиция қаржысы арқылы көтеруді экономист Бауыржан Ысқақов та қуаттайды. Ол үшін жергілікті әкімдерге талап қойылуы керек дейді маман. «Ең бірінші кезекте, бизнес дамуы үшін ол жерге ғылымды қосуымыз керек. Мемлекет-бизнес-ғылым осы үш тағанды үйлестіре алсақ, қай саланы да дамытуға мүмкіндік ашылады. Қаржысы бар отандық немесе шетелдік кәсіпкерлер осы қалаларға келіп, кәсіп ашуына ыңғайлы орта жасау. Бюрократиялық кедергілерді жойып, салықтық жеңілдіктер жасалса. Сол жердегі әкімдіктер бизнестің келуіне мүдделі әрі міндетті болуы керек. Екіншіден, ғылымды жеткізу. Қазір ғылымды дамытуға үлкен қаржы бөлініп, жобалар қолға алынып жатыр. Меніңше, осы жобаларға, бағдарламаларға бөлінетін қаражаттың кем дегенде 50 пайызы осы моноқалаларға шоғырландыру керек»,– дейді Б.Ысқақов.
Үкімет моноқалаларды дамытуда Саран қаласының даму тәжірибесін ескеруге көңіл бөлмекші. Қарағанды облысында орналасқан Саранның өнеркәсіп өнімінің көлемі 2014 жылғы 21 577,8 млн теңгеден 2022 жылы 70 901,1 млн теңгеге дейін ұлғайған, яғни 3 есе өсім. Мұндай жоғарғы көрсеткіш қалада индустриялы аймақ құрудың нәтижесінде мүмкін болған.
Талдықорғанның маңындағы Текелі қаласында да өнеркәсіп өнімінің көлемі артуда. 2014 жылы өнім көлемі 11 376 млн теңге болса, 2022 жылы 30 914 млн теңгеге жеткен. Қалада жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінің саны 81,3%-ке көбейіпті. Үкімет осы жылдың соңына дейін Хромтау, Сәтбаев, Балқаш және Құлсары қалаларында осындай индустриялы аймақтар ашуды жоспарға алып отыр. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, соңғы 5 жылда шағын орта бизнесті дамыту шеңберінде моноқалалардың кәсіпкерлеріне 30 млрд теңге көлемінде шағын несиелер берілген. Оған қоса 122,5 млрд теңгеге 1,4 мың жоба субсидияланып, 428 млн теңгеге 107 грант беріліпті. Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну шеңберінде 2019-2023 жылдар аралығында «Бәйтерек» холдингі жалпы сомасы 260 млрд теңгеге 29 ірі жобаны қаржыландырған.
Моноқалалар мәселесі әлемнің бірқатар мемлекетіне ортақ. Олардың дамыту жолдары да әртүрлі. Ресейдегі Кешенді стратегиялық зерттеулер институтының дерегінше, елдегі моноқаланың саны – 318. Канадада екі жүздей осындай қала бар. Моноқалалар Қытай мен АҚШ-та да жетерлік. Батыста моноқалаларды company towns деп атайды. Германиядағы мұндай қалалар тоқырауды 1990 жылдары өткеріп, бүгінде нарыққа бейім, экономикасы мығымдары іріктеліп шыққан. Неміс қалаларындағы іргелі кәсіпорындар жергілікті бюджет түсімін толықтай қамтамасыз етеді. «Әлемде тиімді тәжірибелер өте көп. Солардың өзімізге ыңғайлы жағын үйреніп, енгізу керек. Мысалы, Курчатов қаласы кезінде полигонның орталығы болды, ол жерде экологиялық туризмді дамытуға болады. Сондай-ақ, сол моноқалаларда өндірілген өнімнің 50 пайызы сол жердің өзінде қалатындай мүмкіндік берілсе, халық та тұрақтап, жас мамандар да баратын еді. Яғни, моноқаланың жергілікті бюджеті болуы керек. Мұндағы мәселе табысты әділ бөлу», – дейді сарапшы Бауыржан Ысқақов.
Айта кетейік, елімізде моноқалаларды дамыту 2012 жылы қолға алынды. Сол жылы мамыр айында Үкімет «2012-2020 жылдарға арналған Моноқалаларды дамыту бағдарламасын» қабылдады. Ол кездегі көрсеткіш бойынша, 27 моноқалада 1,5 млн адам тұрған, бұл еліміздегі қала тұрғындарының 16%-на тең. Қазіргі қолда бар дерекке сүйенсек, халық саны 1,3 млн шамасында. Моноқала тұрғындарының тағдыры, қала құраушы кәсіпорындардың жұмысымен тікелей байланысты. Жергілікті жұрт негізінен осы кәсіпорындардан нәпақасын табады. Сондықтан моноқалалардың негізгі проблемаларын шешу – мемлекеттік тұрғыда маңызы бар міндет.
Былтыр Ұлттық экономика министрлігі Өңірлік даму департаменті директорының орынбасары Нұрлан Құдияров Aiqyn-ға берген сұхбатында (11.02.2023) 2012-2022 жылдар аралығында моно және шағын қалаларға 103,9 млрд теңге жұмсалғанын айтқан.
Ел Үкіметі биыл моноқалаларды қаржыландыруға деп қазынадан 62,8 млрд теңге қарастырып отыр. Оның 31.2 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бөлінсе, 28,4 млрд теңгесі жергілікті бюджеттің қаражаты деп жоспарланған. Демек қаражаттан қам жоқ. Ендігі мәселе – әкімдердің іскерлігі мен жауапкершілігінде жатса керек.
Бауыржан БАЗАР