Моноқалаларды дамыту мандымай тұр

Қазақстанда моноқалалар саны азайды. Бұған дейінгі тізімде тұрған 27 қаланың жетеуі «моно» мәртебесінен айырылды. 2024 жылғы 2 сәуірде өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов моноқалаларды дамыту бойынша кешенді шаралар қабылдауды тапсырған болатын.

Сонымен 7 қаланың тізімінен шы­ғып қалуының әрқайсысына тән негізгі ерекшеліктері бар. Мә­се­лен, Арқалық пен Серебрянскіде та­биғи ресурстар сарқылу себеп бол­са, Текелі мен Саранда эконо­ми­каны әртараптандыру көрсет­кіші өскен. Бұрын 27 моноқаланың есебінде келген Жезқазғанның бағы жанып, Ұлытау облысының әкім­шілік орталығына айналды. Ал аудандық маңызы бар Жаңатас пен Қаратау қалалары 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-эко­номикалық дамудың кешенді жос­парларын іске асыру есебінен қо­сымша дамытылатын болады.

Қалған 20 моноқаланы (Абай, Ақсай, Ақсу, Алтай, Балқаш, Жаңаө­зен, Жітіқара, Екібастұз, Ли­­­саковск, Қаражал, Кентау, Құл­сары, Курчатов, Риддер, Рудный, Сәт­баев, Степногорск, Теміртау, Хромтау, Шахтинск) дамытудың перс­пективасына Үкімет жаңаша бағыт бермек. «Біз моноқалаларды дамытып, жастар үшін тартымды еткіміз келеді. Ол үшін табысты арт­тырып, жұмыс орнын көбейту қажет. Аталған міндет өндірістерді кеңейту, жаңа жобаларды іске қосу, бизнеске қолайлы жағдайлар жа­сау арқылы жүзеге асырылуға тиіс. Әкімдіктер жас мамандарға жағдай жасап, әлеуметтік пакеттер ұсынуы керек», – деп атап көрсетті О.Бек­тенов. 

Экономика ғылымдарының кан­дидаты Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, моноқалаларға жас ма­мандарды тартудың жолы – та­ғы­лым­дама. «Мысалы, студенттерді тағ­лымдамадан өткізерде моно­қа­лалармен байланыстыруға баса мән беруі керек. Мәселен, Түр­кі­с­танның іргесінде Кентау тұр, Се­мей­ге Курчатов, Қара­ған­дыға Абай, Саран қалалары жақын. Сту­­­денттерге өздерінің кәсіби бі­лік­­­­ті­лігін көтеруде, ғылыммен ай­­­­­­­­налы­сып, ғылымдағы тәжіри­бе­сін жү­­­зеге астыратындай мүм­кін­дік, ер­кіндік берілсе деймін. Өз тә­­­жі­ри­бесі арқылы өнім шығара­тын­­дай, авторлық жобасын қор­ғап, да­мыта алатындай мүмкіндік жа­сал­са. Ақша айналымы да сол жер­лер­де жасалар еді», – дейді сарап­шы.

Үкімет отырысында арнайы баян­дама жасаған Премьер-Ми­нистр­дің орынбасары, Ұлттық эко­номика министрі Нұрлан Бай­ба­заров аталған моноқалаларда мұнай-газ, көмір, боксит, темір кен­дерін өндіру және тағы басқа ба­ғыттарда 23 қалақұраушы кәсіп­орын жұмыс істеп тұрғанын мә­лім­деді. 2023 жылдың  қорытындысы бойынша олардағы өнеркәсіптік өндірістің көлемі 18,5 трлн теңгені құраған. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің са­ны 92,3 мыңнан 100,2 мың бір­лік­ке дейін өсті. «Алтай, Балқаш, Жі­тіқара, Лисаков, Риддер, Степ­но­горск қалаларын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған ке­шен­ді жоспары бекітілді. Барлығы 456,6 млрд теңгеге 326 іс-шара қа­растырылған. Моноқалалар инф­рақұрылымын дамытуға биыл 62,8 млрд теңге жоспарланды. Эко­номикасын әртараптандыру жә­не экономиканың шикізаттық емес секторларында баламалы өн­дірістер құру шеңберінде 10 мыңға жуық жұмыс орнын аша отырып, жалпы құны 1,4 трлн теңге болатын 41 жоба іске асырылып отыр», –деді Н.Байбазаров.

Премьер-Министр моно­қа­ла­лардағы инфрақұрылым объек­ті­лерінің тұрақты жұмысына ерекше назар аударып, халықты негізгі қыз­меттермен қамтамасыз етуді тап­сырды. Бұл ретте жергілікті бюд­жеттің әлеуетін толық пай­да­лану қажет. Тізімдегі 20 қаланың инф­рақұрылым жағдайы мәз емес. Рес­­ми деректе олардың су құбыры же­­лілерінің тозуы – 55,8%-ға жет­кен. Сонымен қатар кәріз желі-лері – 66,5%, жылу желілерінің тозуы – 54,4%-ды құрайды.  

Экономист Бауыржан Ысқақов Қазақстандағы моноқалаларды дамытудың перспективасы өте жоғары екенін айтады. Өйткені олар­дың басым бөлігінде қазба бай­лықтардың негізгі көздері қа­лып­тасқан. Металл, мұнай-газ са­­­ла­сы, хи­мия өнеркәсібі, көмір кен өн­ді­ріс­тері осы моноқалаларда. «Де­ген­мен нарықтық қатынастың ал­ғашқы кезінде, кейінгі жылдары да бұл қалалардың дамуы уақыт кө­шінен көп кейінге қалып қойды. Тіптен мұндай қалалар бар екенін ұмыттық, ондағы халықтың заман та­лабына сай қажеттіліктері еске­ріл­мей қалды. Ол жердегі білікті кадрларды жоғалттық. Сабақ­тас­тық жойылып кетті. Қолынан іс келетін азаматтар үлкен қалаларға кетті. Көшіп-қонуға жағдайы ке­ле­тін отбасылар тұтас қоныс ау­дар­ды. Тіптен білікті мамандардың шет­елдерге жұмыс іздеп кеткен жа­ғ­дайлар болды»,– дейді ол.

Расында да, соңғы 20 жыл ішін­де ол қалалардағы тұрғын­дар­дың саны екі еседен астам азайып кет­ті. Мысалға, 1989 жылы Жаңа­тас­та 53 мыңның үстінде халық бол­са, 2016 жылы 21 мың ғана қал­­­­ған. Мұндай динамикалық көр­сеткішті моноқалалардың кез кел­генінен байқауға болады. Негізгі се­беп жұмыссыздық, жалақының аз­дығы және оларда тұрмыс сапасы өте төмен.

Моноқалаларды дамытудың тиімді жолы – экономикаға инвес­ти­ция тарту. Өнеркәсіп және құ­ры­лыс министрі Қанат Шарлапаев биыл 100 млрд теңгеге 4 инвес­ти­ция­лық жобаны жүзеге асыру көз­де­ліп отырғанын жеткізді. Бұл мың­­ға жуық тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұған дейін жүргізілген геологиялық зерт­­теу нәтижесі бойынша моно­қа­лалар маңында болжамды құны 1,1 трлн теңгені құрайтын ресурс­тар табылған.  Биыл Абай, Курча­тов, Балқаш және Алтай қала­ла­рында 5 перспективалы учаскеде геологиялық барлау жұмыстарын аяқталмақ.

Моноқалалар әлеуетін инвес­ти­ция қаржысы арқылы көтеруді эко­номист Бауыржан Ысқақов та қуат­тайды. Ол үшін жергілікті әкім­дерге талап қойылуы керек дей­ді маман. «Ең бірінші кезекте, биз­нес дамуы үшін ол жерге ғы­лым­ды қосуымыз керек. Мемле­кет-бизнес-ғылым осы үш тағанды үйлестіре алсақ, қай саланы да да­мытуға мүмкіндік ашылады. Қар­жысы бар отандық немесе шет­­­елдік кәсіпкерлер осы қалаларға келіп, кә­сіп ашуына ыңғайлы орта жасау. Бю­рократиялық кедергілерді жойып, салықтық жеңілдіктер жа­сал­са. Сол жердегі әкімдіктер биз­нес­тің келуіне мүдделі әрі міндетті болуы керек. Екіншіден, ғылымды жет­кізу. Қазір ғылымды дамытуға үл­кен қаржы бөлініп, жобалар қол­­ға алынып жатыр. Меніңше, осы жобаларға, бағдарламаларға бө­лінетін қаражаттың кем дегенде 50 пайызы осы моноқалаларға шо­ғыр­ландыру керек»,– дейді Б.Ысқақов.   

Үкімет моноқалаларды да­мы­туда Саран қаласының даму тә­жі­ри­бесін ескеруге көңіл бөлмекші. Қа­рағанды облысында орналасқан Са­ранның өнеркәсіп өнімінің кө­лемі 2014 жылғы 21 577,8 млн тең­ге­ден 2022 жылы 70 901,1 млн тең­геге дейін ұлғайған, яғни 3 есе өсім. Мұндай жоғарғы көрсеткіш қа­лада индустриялы аймақ құру­дың нәтижесінде мүмкін болған.  

Талдықорғанның маңындағы Те­келі қаласында да өнеркәсіп өні­мінің көлемі артуда. 2014 жылы өнім көлемі 11 376 млн теңге болса, 2022 жылы 30 914 млн теңгеге жет­кен. Қалада жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінің саны 81,3%-ке көбейіпті. Үкімет осы жылдың соңына дейін Хромтау, Сәтбаев, Бал­­қаш және Құлсары қала­ла­рын­да осындай индустриялы аймақтар ашу­ды жоспарға алып отыр. Ұлт­тық экономика министрлігінің де­регінше, соңғы 5 жылда шағын орта бизнесті дамыту шеңберінде мо­ноқалалардың кәсіпкерлеріне 30 млрд теңге көлемінде шағын не­сиелер берілген. Оған қоса 122,5 млрд теңгеге 1,4 мың жоба суб­­­­си­дия­ланып, 428 млн теңгеге 107 грант беріліпті. Кәсіпкерлерге мем­лекеттік қолдау шараларын ұсыну шеңберінде 2019-2023 жыл­дар аралығында «Бәйтерек» хол­дин­гі жалпы сомасы 260 млрд тең­­геге 29 ірі жобаны қаржылан­дыр­ған.

Моноқалалар мәселесі әлемнің бірқатар мемлекетіне ортақ. Олар­дың дамыту жолдары да әр­түрлі. Ресейдегі Кешенді стра­те­гия­лық зерттеулер институтының де­ре­гін­ше, елдегі моноқаланың саны – 318. Канадада екі жүздей осын­дай қала бар. Моноқалалар Қытай мен АҚШ-та да жетерлік.  Батыста моноқалаларды company towns деп атайды. Германиядағы мұндай қалалар тоқырауды 1990 жылдары өткеріп, бүгінде нарыққа бейім, эко­номикасы мығымдары ірікте­ліп шыққан. Неміс қа­ла­ла­рын­дағы іргелі кәсіпорындар жер­гі­лікті бюджет түсімін толықтай қам­тамасыз етеді. «Әлемде тиімді тә­жірибелер өте көп. Солардың өзі­мізге ыңғайлы жағын үйреніп, ен­гізу керек. Мысалы, Курчатов қа­­­ласы кезінде полигонның ор­та­лығы болды, ол жерде экологиялық туризмді дамытуға болады.  Сон­дай-ақ, сол моноқалаларда өнді­ріл­­ген өнімнің 50 пайызы сол жер­дің өзінде қалатындай мүм­кін­дік берілсе, халық та тұрақтап, жас ма­мандар да баратын еді. Яғни, моноқаланың жергілікті бюджеті болуы керек. Мұндағы мәселе та­бысты әділ бөлу», – дейді сарапшы Бауыр­жан Ысқақов.  

Айта кетейік, елімізде моноқа­ла­ларды дамыту 2012 жылы қолға алынды. Сол жылы мамыр айында Үкі­мет «2012-2020 жылдарға ар­нал­ған Моноқалаларды дамыту бағ­дарламасын» қабылдады. Ол кездегі көрсеткіш бойынша, 27 моноқалада 1,5 млн адам тұрған, бұл еліміздегі қала тұрғындарының 16%-на тең. Қазіргі қолда бар де­рек­ке сүйенсек, халық саны 1,3 млн шамасында. Моноқала тұр­ғын­дарының тағдыры, қала құ­рау­шы кәсіпорындардың жұмысымен тікелей байланысты. Жергілікті жұрт негізінен осы кәсіпорын­дар­дан нәпақасын табады. Сондықтан мо­ноқалалардың негізгі проб­ле­ма­ларын шешу – мемлекеттік тұр­ғыда маңызы бар міндет.

Былтыр Ұлттық экономика ми­нистрлігі Өңірлік даму депар­та­менті директорының орынбасары Нұрлан Құдияров Aiqyn-ға берген сұхбатында (11.02.2023) 2012-2022 жылдар аралығында моно және шағын қалаларға 103,9 млрд теңге жұмсалғанын айтқан. 

Ел Үкіметі биыл моноқалалар­ды қаржыландыруға деп қазынадан 62,8 млрд теңге қарастырып отыр. Оның 31.2 млрд теңгесі ре­с­пуб­ли­ка­лық бюджеттен бөлінсе, 28,4 млрд теңгесі жергілікті бюджеттің қа­ражаты деп жоспарланған.  Де­мек қаражаттан қам жоқ. Ендігі мә­селе – әкімдердің іскерлігі мен жауап­кершілігінде жатса керек.

Бауыржан БАЗАР