Жәнібекті асырап алған Валеридің айтуынша, ол Қазақстанға келмей тұрып, Жәнібек туралы алдын ала білген, фотоларын көрген.
"12 мың АҚШ долларын төледім": Жәнібекті асырап алған бельгиялық әйел қазақстандықтардың сұрақтарына жауап берді
фото: instagram.com/kymbatdoszhan
942
оқылды

Жәнібекті асырап алған анасы Валери оқырмандарының сұрақтарына жауап берді. Сұхбаттың толық нұсқасын Жәнібек Савельев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жүктеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

"Құрметті әке-аналар, аға-әпкелер. Асырап алған анам Валеридің атынан сұрақтарыңыз бен тілектеріңізге алғыс айтқым келеді. Бұл сұхбатта өткен оқиғалар туралы егжей-тегжейлі айтылды, сонымен қатар жаңа ақпарат та бар.

Бұл 6 минуттық сұхбатта көптеген сұрақтарыңызға жауап бар деп ойлаймын. Біз бұрын білмеген мәліметтер де шықты. Эмоционалды сәттер де болды. Құрметті достар, бұл бірнеше сауалдың жауабы. Бірақ алдағы уақытта ең маңызды сұрақтың да жауабын табамын деп үміттенемін.
Анашым, сен қайдасың?", – деп жазды ол. 

Жәнібекті асырап алған Валеридің айтуынша, ол Қазақстанға келмей тұрып, Жәнібек туралы алдын ала білген, фотоларын көрген. 

"Жәнібек туралы Бельгияда танысқан әйел арқылы білдім. Арқалықтағы балалар үйіне хабарластым. Балалар үйі Жәнібекті ұсынды. Мен Қазақстанға келмей тұрып, электронды пошта арқылы жалғыз Жәнібектің суретін көріп, мәлімет алдым. Арқалыққа келіп, балаларды көргенде Жәнібекті танып тұрсам да, танымағандай болдым, маған солай істесін деп айтты. Бала таңдағандай өтірік істеп тұрдым. 

Бельгиядан Алматыға ұшақпен, одан Арқалыққа мені екі ер адам көлікпен алып барды. Шынымды айтсам қорықтым. Сол екі ер адам мені (...) үйіне жеткізді. Оның әйелдің кім екенін кейін айтып беремін. Сол үйде түнедім.

Менде Қазақстандағы балалар үйін таңдайтындай мүмкіндік болған жоқ. Бірақ мен қандай бала асырап алғым келетінін айттым. 2-3 жасқа дейінгі ұл бала деп айттым.

Мен сені асырап алу үшін 12 мың АҚШ долларын төледім. Бала асырап алу үшін ақша төлеу керектігін білдім. Бірақ заңсыз екенін білген жоқпын. Мен Арқалыққа барғанда ол жерде Америкадан келген басқа адамдар да болды. Олар 20 мың АҚШ долларын қолма-қол төлеуге мәжбүр болды", – дейді ол.

Сонымен қатар, ол бала асырап алу үшін қанша ақша төлегенін, кімге бергенін айтты. Оның айтуынша, Қазақстаннан бала асырап алуға Америкадан да адамдар келген.

– «Ақша берген адамның тегі есімде, мүмкін білмеген де шығармын. Олар Арқалықта балалар үйіне жақын маңда тұрды. Білуімше, ағылшынша білетін жалғыз адам болды. Мен онымен байланыста болдым. Бірақ Жәнібекті Бельгияға алып кеткеннен кейін байланыста болмадық. 12-13 жасқа толғанда Жәнібек туралы көбірек білу үшін ол әйелге электронды пошта арқылы жаздым. Ол кезде Жәнібек басынан қиын кезеңдерді өткізіп жүрген. Сол әйел көмектеседі деп ойладым. Бірақ көмектеспеді.

Мен делдал арқылы Қазақстаннан бала асырап алған әйелмен таныстым. Бала асырап алуға алғашқы қадам жасауға сол көмектесті. Бірнеше жылдан кейін сол көмектескен әйел агенттік ашты.

Барлық құжаттарды дайындау үшін Қазақстанда екі айдай болдым», – деді ол.