Қазақ әдебиетіне қосылған үш роман

Таяуда Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында үш жаңа туындының тұсаукесері өтті. Осы­ған дейін Қазақстан Жазушылар одағы мен BELES құрылыс компаниясы роман жазуға ниетті жастар арасында байқау жариялаған еді.

Басылып шығатын кітап авторларына жетекшілік ету мақсатында көрнекті жазушылар Жүсіпбек Қорғасбек, Нұржан Қуантайұлы және Дәурен Қуат сынды проза майталмандары таңдалып алынды. Осы ретте жоғарыда есімі аталған жазу­шылардың кейінгі жастардың шы­ғарма­шылық әлеуетін бақылап, бағамдап жүретін, қазіргі заман әдебиетінен жіті хабары бар қаламгерлер екенін атап өткен жөн. Жиында «Жас қаламгер – жаңа ро­ман» жобасының аясында үш қалам­гердің, тарқатып айтсақ, Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл», Қанат Әбілқайырдың «Ағы­раптағы аты жоқ адам», Әлібек Байболдың «Мұтылған» кітаптарының тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартты. Жазушы Жүсіпбек Қорғасбек жастар арасында жаңашылдығымен танылған, «Жұмбақ кітап», «Ағаш адам» кітаптарының авторы Мақсат Мәліктің романының концеп­циясын таңдап алған. Сондай-ақ романның жазылу барысын қадағалап, кем-кетігін түзеп, кітап авторымен пікірлесіп отырған. Ал Нұржан Қуантайұлы жазушы-драма­тург, «Теміржол вокзалы», «Құлдар патша­лығы» кітаптарының авторы Әлібек Бай­бол­ға, Дәурен Қуат «Текес теріс ағады», «Көр­шінің қызы», «Қарағайлы күмбез», «Жылан кегі» шығармаларының авторы Қанат Әбілқайырға тәлімгерлік еткен. Тағы бір маңызды атап өтерлік жайт, үміт­кер­лерден келіп түскен өтінімдердің ара­сында концепциясы лайық деп танылған авторларға үш ай көлемінде 500 мың тең­геден қаламақы төленген. Одан өзге роман­ның авторлық құқығы қаламгерлердің өз иелігіне беріліп отыр. Бұл дегеніміз, автор­лардың кітапты өз еркімен қайта басып шығаруға, сыйлыққа ұсынуға, онлайн платформаларға жариялауға құқығы бар. 

«Абыл мен Қабыл»: ақ пен қараның шайқасы

Тұсауы кесілген шығарма авторларының бірі Мақсат Мәлік романның үш ай көлемінде жазылғанын айтады. Қаламгер бірлескен жобаның аясында романның дүниеге келуі – көптен бері іште жүрген ойды қағаз бетіне түсіруге сәтті уақыт болды деп бағамдайды. Автор шығарманың басты кейіпкерлері Абыл мен Қабылды мифтік образдан бүгінгінің кейіпкеріне айналдырған. Романда сиам егіздерінің өмірі, адам құқығы, Қазақстанның саяси өмірі, сондай-ақ ізгілік пен зұлымдықтың шайқасы көрініс табады. 

– «Жас қаламгер – жаңа роман» жоба­сы­ның аясында үш қаламгердің романы жарық көрді. Сол романдардың ішіндегі менің шығармам «Абыл мен Қабыл» деп аталады. «Абыл мен Қабыл» – сиам егіздері туралы роман. Негізі, «Абыл мен Қабыл» деген аңызды көбіміз жақсы білеміз. Бірақ шығарманы тікелей осы аңыздың негізінде жазылған деуге келмейді, дегенмен кон­текс­тері де бар. Кітапта сиам егіздерінің бір күндік оқиғасы төрт бөлімнен тұрады: таң­сәрі, талтүс, кешқұрым және түн қараң­ғысы. Бір күннің оқиғасы арқылы үш-төрт линияда сиам егіздерінің отыз үш жылдық ғұмыры бейнеленеді. Одан өзге шығармада түр­лі психологиялық қақтығыстар бар. Мұ­ның барлығын оқырман кітапты қолына алып оқығаннан кейін өзінше түйіндей жатар. Шығармадан екеудің арасындағы психологиялық айқастың соңында кім жеңеді, адамның миссиясы қандай деген секілді көптеген сауалға жауап іздеуге болады, – дейді туынды авторы М.Мәлік.

Бүгінде тұсауы енді ғана кесілген ро­ман­дар сатылымға шығып үлгерген. Автор­лардың мәлімдеуінше, бұл демеушілердің қолдауымен жүзеге асып отыр. Шығарма басылып шыққаннан кейін авторларға 400 дана кітап берілген. Бір қызығы, тұсауы ке­­сілген кітаптардың арасында Қанат Әбіл­­қайырдың туындысы сатылымға шы­ғып, қазірдің өзінде 100-ден аса данасы оқырман қолына тиген. Демек, басылып шыққан кітаптардың төрттен бір бөлігі сатылып кеткенін аңғаруға болады. Қанат Әбілқайырдың сөзінше, кітапты сатып алған оқырмандардың арасында шығар­маны күні бойы бас алмай соңына дейін оқып шыққанын айтып, авторға лебізін білдіргендер де бар.

«Жұмақ пен тозақтың ортасындағы ағырап мекені секілді»

– «Ағыраптағы аты жоқ адам» романы – ұзақ жылдар бойы жазуға дайындалған, іштей идеяның барлығы тоғысып жетілген дүние болды. Кітап үш айдың ішінде жазы­лып шықты. Шығармада қазақтың соңғы отыз жылдағы ішкі рухани ахуалы сөз бола­ды. Осы тұста оқырман тарапынан «ағырап деген не?» деген сауал туындауы мүмкін. Дінде жұмақ пен тозақ деген ұғым бар. Соның ортасындағы мекенді ағырап деп атайды. Күнәлары мен жақсылығы тең түскен адамдар не жұмаққа, не тозаққа кіре алмай ортада қалады. Негізінде, адамдар Батыс елдерін дамыған мемлекет деп, яғни жұмақ ретінде қарайды, керісінше соғыс болып жатқан елдер тозақ секілді елестейді. Менің көзіме колонияда болған, отарлық езгіні көрген мемлекеттер жұмақ пен то­зақтың ортасындағы ағырап мекені секілді көрінеді. Сондықтан бұл атау мен суреттеп отырған қоғамды анық әйгілеп беретін бол­ғандықтан, кітапқа осы тақырып таң­дап алынды. Кешелі бері шығарманы оқы­ған адамдар көңілдерінің босап, тіпті көзіне еріксіз жас келгенін айтады. Соған қарағанда осал дүние жазылмады деп се­нім­мен айта аламын. Отыз жылдың ішін­дегі шынайы қоғамды айнадан қарап отыр­ғандай оқырманға көрсетіп берсем, қоғам содан сабақ алса жеткілікті, – деп сөзін түйіндеді жазушы Қ.Әбілқайыр.

Кітап авторлары шығарма оқырман көңілінен шығып, халық арасында жақсы таралымға ие болса, тағы да қосымша дана­сын басып шығару жоспарда барын атап өтті. Егер оқырман тарапынан жоғары сұранысқа ие болып жатса, енді демеуші тарапынан емес, автордың өз қаражатына басып шығарылады. Тұсаукесерге жинал­ған көпшілік жазушылардың қарымды қабілетіне қолдау танытатын осындай игі бастамалар жалғасын тапса, қазақ көркем әдебиетінің қазынасы үздік туындылармен толығар еді деген ізгі тілегін айтып тар­қасты.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы