Жақында ҚР Президенті әйел құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңға қол қойды.
Айгерім Құсайынқызы: Денсаулыққа зиян келтірген ер де, әйел де жауапқа тартылады
1,931
оқылды

Заңға сәйкес, бірқатар нормаға түзету мен өзгерту енгізілді. Алайда бұған қатысты әртүрлі алыпқашпа әңгімелер де айтылып жатыр. Сондықтан бұл туралы істің ақ-қарасын анықтау үшін заңгер, аталған заң жобасының жұмыс тобында болған Әйгерім Құсайынқызының пікірін біліп, енгізілген өзгеріс пен түзетуді талқылап көрдік.

- Күні кеше өзгеріс енгізілген заңнамаға қатысты айтылып жатқан әңгіме көп. Оны жұрт түрліше атап жүр. Аталған заңның ресми атауы қалай? Әрі оның негізгі мәні неде?

- Көптеген БАҚ-та ақпаратты «Қазақстан Республикасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң қабылданды» деп жатыр. Десе де бұл заң олай аталмайды. Қазақстан Республикасындағы әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты кейбір заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу деп аталады. Заңның тікелей атауы – криминазациялау емес. «Салтанат заңы» да емес. Иә, біз әуелі заң туралы сөз қыларда, оның атауына абай болуымыз керек. Ең негізгі өзгеріс – тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминазациялау. 2017 жылдың 3 шілдесіндегі сол кездегі Президенттің қаулысы бойынша, ҚР Қылмыстық кодексіндегі 108-бап, яғни денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу деген баптар әкімшілік құқықбұзушылық кодекске ауысқан болатын. Қысқаша айтқанда, декриминизацияланған еді. Бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға жаза жеңіл болды. Дәлірек айтсақ, 15 күнге әкімшілік қамаққа алу немесе айлық есептік көрсеткіште айыппұл төлеу, болмаса бірінші мәрте ескерту берілетін. Ал қазір адам денсаулығына тигізген жеңіл зиянға 50 тәулікке дейін қамау немесе 200 АЕК дейін айыппұл салынады.

- Заң жобасында тек әйелдер емес, сонымен қатар балалар қауіпсіздігі жайлы айтылған. Айтыңызшы, балалар құқығына байланысты қандай нормалар бар?

- Әрине, балалар құқығына байланысты да жаңа нормалар бар. Мәселен, 99-баптың 3-тармағы «Адам өлтіру, соның ішінде кәмелет жасқа толмаған балаларды өлтіру» бойынша ең ауыр жаза енді өмір бойына бас бостандығынан айыру болады. Педофилияға қатысты кәмелет жасқа толмаған баланы зорлау бойынша барлық жаза қатайтылды.

Жалпы әйелдер құқығына қатысты осы 108-ші және 109-шы деп аталатын екі бап – ең маңыздысы. Қылмыстық кодексте аталған екі бап қайта қаралды және жазасы қатайтылды. Енді денсаулыққа зиян келтіргені үшін екі жүз айлық көрсеткіш, демек жеті жүз отыз мыңның көлемінде айыппұл төлейді немесе елу күн әкімшілік қамаққа алынады. Егер бұл бір жылдың ішінде қайталанатын болса, адам екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Бірақ та осы жерде денсаулыққа қасақана зиян келтіру не екені айтылуы керек. Себебі оны сот-медициналық сараптамасы ғана анықтайды. Қылмыстың ауырлығы жеңіл, орта және ауыр зиян келтіру болып бөлінеді.

- Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру дегеніміз не?

- Егер әйел адамды ұрып-соққаннан кейін өзінің ағзасын қалпына келтіру үшін ол емханада 21 күннен аз уақыт жатса, бұл жеңіл зардап болып танылады. Ұрып-соғу, яғни 109-бап – бұрынғыдай жеңілден де аз.

Ал біздегі Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстегі 73-бапта мынадай нәрсе бар, яғни тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алатын, мысалы, ыдыс сындыру, бір-бірін қорлау, отбасы мүшелерінің бір-біріне тіл тигізуі де жазаланады. Бес айлық көрсеткіш есебінде айыппұл салынады. Егер бұл бір жыл көлемінде қайталанса, он айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынады. 

- Жалпы осы заңның маңызы, қоғамдық талқыда дұрыс түсіндірілмей жатқан нәрселерді де айтсаңыз. Мысалы, «енді балаңды оңай тартып алады екен», «әйелің арыз жаза алады да, сонда еркек шағымдана алмай ма не?» деген сияқты пікірлер де бар. Осыған кеңірек тоқталсаңыз...

- Біріншіден, «баланы оңай тартып алады» дейтіндер заң мәтінін мүлдем оқымағандар деп нақты айта аламын. Бұл заңда баланы тартып алуға қатысты бап мүлдем жоқ. Ақпаратты алу, тексеру, талдау мен таратудан бөлек, тағы да бір қажет машықтардың бірі бар. Ол – фактчекиң жасау. Ақпараттың ақиқат не жалған, манипулятивті ақпарат екенін анықтамай жатып, мұндай ақпарат таратудың зиянын есептеу мүмкін емес.

Бұл заң «еркектерге қарсы», «әкелерге қарсы», «отбасын ойран ететін», «антиқазақи тәртіп» заң деген пікірлерді де естідім. Қайталап айтайын, бұл заң әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.

«Баламды тартып ала ма?» деген ата-аналар дәл қазір баланың құқығын емес, өздерінің құқыққа қарсы әрекеттерін, демек баланы жазалау шараларын қолданатынын және оны дәстүр я тәртіппен ақтап алуға талпынатынын ғана көруге болады. Заңды оқымай жатып, ол туралы пікір айту да құқықтық нигилизмді білдіреді.

Ақпараттық заманда ақпаратты манипулятивті жалған ақпарат ретінде тарату да құқықтық жауапкершілікке әкелетінін білмейтіндер бар. Көрінеу жалған ақпарат таратудың салдарынан негізгі мәселе: отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминилизациялау назардан тыс қалып отыр. Бұндай аргумент айтатындар – ресейлік ультраконсервативтердің пікірімен парапар. Олардың көздегені – құқықтық мемлекет құру мен бала құқығын қорғау емес, отбасыдағы вандализмді ақтау мен өздерінің баланы жазалау әрекеттерін ақтаудың сондай әлсіз әрі сауатсыз түрі. Ақ пен қараны ажырата алмайтын оқырмандарға бұл қауіпті көрінуі мүмкін, бірақ «соқыр тауыққа бәрі бидай» деген де бар. Әлеуметтік немесе ақпараттық соқырлық – емдеуге келетін дерт.

«Еркектер шағымдана алмайды, тек еркектермен түрмені толтырамыз» деу де бұл заңды түсінбеушілікті білдіреді. Заң денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірген адамды анықтауда оның жынысына басымдық бермейді. Конституцияның 14-бабына сәйкес, жынысы бойынша кемсітуге жол берілмейді. Бірақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарының 75 пайызы – әйелдер, 10-15 пайызы – еркектер, қалғаны – балалар. Бұл ресми дерек!

Еркектер физикалық тұрғыдан әйелдерден күшті болғандықтан, олардың әйелді жарақат ету жағдайы жиі кездеседі. Еркектер әйелдермен бірдей отбасылық зорлық құрбаны деп айту – тіптен нонсенс.

Әйелді «ұзын тілі» үшін жазалай алмай қаламын деп алаңдайтын еркектерге айтарым: қамшымен жазалау ешқашан қазақ дәстүрінде болмаған. Бұл адам құқығына, адам денсаулығына қарсы жасалатын қылмыстық теріс қылық пен қылмыс болып саналады.

- Ал бұл заң тұрмыстық зорлық-зомбылықтың азаюына әкеле ме?

- Солай болжанады. Кемінде 2 жылда 2 есеге азайса, бұл – біздің миссияның орындалғаны. Бірақ әйел мен бала өлімі тек статистика емес, ұлттық трагедия екенін ұмытпасақ екен.

Бәрі сан туралы сұрайды, мәселе істің санында емес. Адам өмірінде! Адам өмірін санға айналдырғанда, біз адамдығымыздан айырыламыз. Қарусыз майданда екенімізді мойындаймыз.

- Сұрақтарыма жауап бергеніңізге көп рақмет!