Сондай-ақ Мәжіліс жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру туралы заң жобасы мен оған ілеспе Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Жалпы отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік наградалары туралы» заңға өзгертулер енгізу жобасын да қабылдады.
«Жол жүрісі туралы» заң мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер бойынша жұмыс тобының жетекшісі, депутат Екатерина Смышляева баяндады.
Оның айтуынша, депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобалары – шағын электрлі және жекелеген көлік түрлерінің қозғалысын реттеу жұмысының жалғасы.
– Жолдардағы мопедтер санының көбеюі және олардың қатысуымен болатын апаттар көліктің осы түрінің қозғалысын реттеу қажеттілігін туындатып отыр. Тек 2023 жылдың өзінде 750 жазатайым оқиға орын алды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4 есеге көп, – деді Екатерина Смышляева.
Мәселені шешу үшін мопед жүргізушілеріне автокөлік жүргізушілерімен тең талаптар белгілеу ұсынылады. Қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аз мопедтерді мемлекеттік тіркеу де енгізіледі. Әкімдіктерге электр самокаттардың жұмыс тәртібін анықтау құзыретін беру жоспарланып отыр. Жол қауіпсіздігін цифрландыру стандарттары да енгізіледі.
Түзетулер көлік құралдарын жүргізуге құқығы жоқ және оны алмаған адамдарға да қатысты. Заң жобасы қабылданғаннан кейін жүргізуші куәлігі жоқ және оны алмай тұрып көлік құралын басқарған, оның ішінде алкоголь немесе есірткі қолданған мас күйінде жауапкершілікке тартылған тұлғалар жеті жылға дейін емтихан тапсыруға жіберілмейді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген заңнамалық түзетулер де бірінші оқылымда мақұлданды. Әділет министрі Азамат Есқараевтың айтуынша, заң жобасы «қоғамдық жұмыстарға тарту» әкімшілік жазасының жаңа түрін реттеуге және оны жүзеге асыру тетігін анықтауға, сондай-ақ заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған.
– Заң жобасында қоғамдық жұмыстарды 9 бап бойынша қолдану ұсынылады. Мысалы, ұсақ бұзақылық (434-бап), алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу (440-бап), қоғамдық орындарда тиісу (449-бап) сияқты құқықбұзушылықтар. Қоғамдық жұмыс түрлерін және қоғамдық жұмыстар орындалуы тиіс ұйымдардың тізімін әкімдіктер айқындайды. Өз кезегінде ұйымдар тоқсан сайын жергілікті атқарушы органдарға қоғамдық жұмыстардың орындалуы туралы есеп беретін болады, – деді Әділет министрі.
Сондай-ақ белгілі бір құқықбұзушылықтар, атап айтқанда, табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы заңсыз мәмілелерді тіркегені және клиникалық зерттеулер жүргізу тәртібін бұзғаны үшін қамауға алуды айыппұлмен алмастыру жоспарланған. Денсаулыққа зиян келтірмейтін жазатайым оқиға үшін жүргізуші куәлігінен айырмау ұсынылды. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған адам шақыруға дәлелді себепсіз келмеген кезде күштеп әкелу тәртібі, құқықбұзушылықтың саралануын тек құқық бұзушының жағдайын жақсарту бағытында өзгерту, құқықбұзушылықтарды соттан мемлекеттік органдардың құзыретіне беру бойынша жұмысты жалғастыру сынды өзгерістер де ұсынылды.
Мәжіліс «Масс-медиа туралы» заң мен оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Жұмыс тобының жетекшісі Жанарбек Әшімжанның айтуынша, БАҚ қызметкерлерінің құқықтарын қорғау үшін құқықтардың бұзылуына байланысты БАҚ материалдарына талап қоюдың ескіру біржылдық мерзімі енгізіледі. БАҚ өтініштеріне жауап беру мерзімі бес жұмыс күніне дейін қысқартылды. Желілік басылымдар мен ақпараттық агенттіктер біртұтас «интернет-басылым» ұғымына біріктіріліп, интернет-басылымдар БАҚ түрінің бірі болады.
2025 жылдан бастап мемлекеттік тілдегі теле-, радиобағдарламалар мен отандық өнім олардың жалпы көлемінің кемінде 55 пайызын, 2027 жылдан бастап 60 пайызын құрауы тиіс. Бұл талап «Масс-медиа туралы» заңға енгізіледі. Шетелдік теле-, радиоарналардың бағдарламаларын қайталап көрсету отандық арналардың апта сайынғы хабар тарату көлемінде 20 пайыздан 10 пайызға дейін қысқарады.
– Жекелеген журналистерге оңайлатылған аккредиттеу құқығын беретін баспасөз картасын енгізу жөніндегі норма ұсынылды. Ашығын айту керек, бұл норма жұмыс тобында, жалпы қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Жұмыс тобы мүшелерінің басым көпшілігі бұл норманы – демократиялық принциптерге қайшы, журналистерді алалау, жан-жақты ақпарат таратуға кедергі келтіретін норма деп бағалады. Сондықтан баспасөз картасы туралы норманы жою бойынша нақты шешім қабылданды, – деді Жанарбек Әшімжан.
Сондай-ақ депутаттар «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң мен оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Жұмыс тобының жетекшісі Таңсәуле Серіковтің айтуынша, ұлттық ғылыми жүйені дамыту тетіктері қарастырылып, Ұлттық ғылым академиясының құқықтық мәртебесі бекітіледі. Зерттеу университеті мәртебесін беру және оны дамыту бағдарламасын бекіту тәртібі де реттеледі.
Құжатта кәсіпкерлерді ғылыми жетістіктерді өнеркәсіптік пайдалануға енгізу, оның ішінде тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға байланысты шығыстар бойынша салық салынатын кірісті азайту жолымен ынталандыру шаралары, сондай-ақ зерттеу университеттері жанынан ғылыми орталықтар құру кезінде салықтық преференциялар беру көзделіп отыр.
Мәжіліс «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға енгізілетін түзетулерді қабылдап, Сенатқа жолдады. Жұмыс тобының жетекшісі Бақтықожа Ізмұхамбетов Мемлекет басшысы «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» Ұлттық құрылтайының үшінші отырысында сөйлеген сөзінде «Айбын» орденінің әртүрлі дәрежесіне Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рахымжан Қошқарбаев есімдерін беруді тапсырғанын атап өтті. Заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Жалпы отырыста мәжілісмендер мемлекеттік органдарға 10 депутаттық сауал жолдады, оның басым бөлігі елдегі су тасқынының зардаптарына қатысты. Мәселен, депутат, «AMANAT» фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев қазір су тасқынымен қабаттаса қате ақпараттың да қауіп төндіріп тұрғанына тоқталды. Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында ол бұрынғы жүйенің бай-бағландары қазіргі табиғи апаттан ұпай жинау үшін жанталасып жатқанын мәлімдеді. «Қазіргі су тасқынының бетін қайтаруы тиіс болған бөгеттер мен бөгендердің салынбауы, каналдардың ретке келтірілмеуі 30 жыл бойғы салғырттық екенін, 30 жыл бойғы жемқорлық екенін тәуелсіздік алғалы қазақты қан қақсатып тонағандар мойындағысы келмейді, әрине. Қазақстандағы су қоймалары мен бөгеттер 50-70 жылдары салынған. 1990 жылдан ол жерлер жөндеу көрмеген. Жаңа су қоймалары салынбаған. Осынша олқылыққа, яки қылмысқа жол берген 30 жылдық ескі жүйенің шабармандары, бүгінгі жаңа буынға қарсы ақпараттық соғыс ашып әлек. Олар жалған ақпараттың жарға жығатынын білсе де, ағайынды арандату үшін барын салып әлек. Бірақ қазақтың бірлікті бірінші орынға қоятынын және ұлтының қамын құлқынының қамынан артық қойғандарды ұмытпайтынын білу керек олар»,– деді Н.Сәрсенғалиев. Басты міндет елдің талабын орындау екенін ескерткен депутат жұмысына салғырт қараған мемлекеттік қызметкерлердің ешқайсысының лауазымына, тегіне қарамастан жазаға тарту қажет екенін айтты.
Ал мәжілісмен Еділ Жаңбыршин Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында өңірлерді су басып жатқанда билет бағасын негізсіз көтеріп жіберген әуе және теміржол компанияларының әрекетін сынады.
«Мәселен, баспасөз беттерінде жарияланған деректерге қарағанда, Атыраудан Ақтауға ұшақпен жеткісі келген жолаушылар, бір билет үшін 170 780 теңге төлеуге мәжбүр болды. Ал Атыраудан Алматыға билет бағасы 675 мың теңгеге дейін көтерілген. Алматы, Астана қалаларынан осы өңірлерге қатынайтын әуе рейстерінің де бағасы шарықтап кеткен. Мұны «Жығылған үстіне жұдырық» демегенде, басқаша не деуге болады?!» – деп сауал тастады Е.Жаңбыршин.
Тасқын зардабынан туындаған мәселелерді еске салған депутат шұғыл түрде шешілуі қажет түйткілдерді атап көрсетті. «Біріншіден, әуе, теміржол, автомобиль көліктері тасымалдаушыларының бағаларын тұрақты бақылауға алып, оның негізсіз көтерілуіне жол берілмесін. Әсіресе, топан судан зардап шеккен өңірлерді жалғайтын көлік қатынасына ерекше назар аударсын. Екінші, әуе қатынастары тарифтерінің өспеуін тек 24 сәуірге дейін ұстап тұрмай, одан кейін де билет бағасының жыл он екі ай тұрақты болу мәселесін қарастырсын. Үшіншіден, су тасқыны орын алған өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, жанар-жағармай, құрал-сайман, құрылыс материалдарының және тағы да басқа тауар түрлерінің бағасын тұрақтандыруды қолға алсын және өсуіне жол бермесін. Сонымен қатар Үкімет тиісті министрліктер мен ведомстволарды ұйымдастырып, жүйелі түрде жұқпалы ауруларға қарсы жедел кешенді шаралар қабылдасын», – деді Е.Жаңбыршин.
«AMANAT» фракциясының тағы бір мүшесі Ринат Заитов та Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында тасқын суды табиғи құбылыс дегенімізбен, апатқа кінәлі адами салғырттықтар бар екенін ескертті. «Дәлелімен айтсақ, Атырау облысы мен Құлсары қаласының маңынан заңсыз салынған су бөгеттері, жергілікті биліктің көктемгі су тасқынына әлсіз әзірленгені, сын сағатта абдыраған жұрттың әрекетін үйлестіре алмауы да осындай салдарға әкеліп соқты. Жергілікті билікпен жауапты министрліктер оған дейін дабыл қаққан әріптестерім Д.Тұрғанов, Б.Базарбек, Жылой аудандық мәслихатының депутаты С.Сәрсенбаевтардың депутаттық сауалдарына бей-жай қарағаны да бұл апаттың бір себебі деуге әбден болады. Сондықтан Президентіміз айтқандай, жауапкершілік алудан қашып, жұмысты бір-біріне сілтеп отыратын қызметкерлер мен жергілікті ірі компаниялар әрекеттері жазалануы тиіс», – деді ол.
Сондай-ақ Р.Заитов апат салдарынан зардап шеккен халық өз шығындарының қалай есептеліп, қалай өтелетінін әлі де толық білмейтінін жеткізді. Оның айтуынша, шаралардың нақты алгоритмі жасалмаған, «Комиссия қалай құрылып, қалай жұмыс жасайтыны жайлы халыққа дұрыс хабарланбаған. Сол себептен комиссия жұмысын жеңілдетіп, халықпен тікелей байланыстыру мақсатында оның құрамына ел сеніміне ие болған жергілікті белсенді азаматтарды қосу керек деп есептейміз. Үшіншіден, апат болған аймақтардың тұрғындарына уақытша несиелік каникулдарды жан-жақты қарастыруды сұраймыз», – деді депутат.
Бұған қоса, жалпы отырыста Мәжіліс жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олар: нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер; экономикалық құқықбұзушылықтарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы; Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары. Бұдан бөлек, биологиялық материалмен алмасу туралы келісім мен Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы Қазақстан мен Ресейдің біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді ратификациялау жобаларын да жұмысқа алды.
Ұлағат БЕКБОЛАТ