Бүгінгі күні қала маңындағы саяжайлардағы 2 994 үйді су басты. Төтеншеліктер 13 732 адамды эвакуациялады. Оның ішінде 5 703 -і – бала-шаға. Бұлардың ішінде 19 адам мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Қазір өңірде 2 300 адам эвакуациялық пункттерде тұрып жатыр. Қазір аймақта судан зардап шеккен ағайынға бір жолғы әлеуметтік төлемдерді төлеу жүріп жатыр. Бұдан бөлек, комиссия келтірілген шығынды есептеу үстінде.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің ақпараты бойынша, Жайық өзенін жағалай орналасқан Орал қаласы мен Бөрлі, Бәйтерек, Теректі, Ақжайық аудандарында 84 елді мекен болса, бүгінде осы елді-мекенді су басу қаупі бар. Өңірде ахуал әлі де күрделі болып отыр. Қазір төтеншеліктер тәулік бойына тынымсыз саяжай тұрғындарын қауіпсіз жерге көшірумен айналысып жатыр.
Облыс орталығы мен үш шағынаудандарында да су басу қаупі төнген. Су тасу қаупі бар Зачаганск, Круглозерный, Желаев ауылдарында өзен жағалауларын бекіту жұмыстары қарқында жүргізілуде.
Жалпы, көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында облыс аумағында 56,1 шақырым уақытша валдар соғылып, 60 мыңға жуық топырақ толтырылған қаптар салынған. Жалпы, су тасқынына қарсы жұмыстарға 6 478 адам жұмылдырылған.
Тасқынға тосқауыл болу жұмысына техникадан бөлек, адам күші де көптеп тартылуда. Адам күші қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қауіпті аймақтарда қалған тұрғындарды эвакуациялау, құтқару жұмыстарын жүргізу, медико-психологиялық көмек көрсету және жағаларды биіктету жұмыстарына тартылған.
– Қазір Орал маңындағы Комитерн, Курени, Исатай-Махамбет көшесінің бойы, Жеңіс алаңы, Жас натуралистер стансасы, Круглоозерный, Серебряков елді мекендері мен Елизаров және Яикская көшелерінің қиылысы қауіпті аймақ саналады. Адам күші негізінен осы жерлерге шоғырландырылды. Одан бөлек, құм толы қап дайындау пунктерінде де жұмыс қайнап жатыр. Су Оралға қатты келіп жатыр. Біз барлық сценариге дайын болуымз керек, – деді Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов.
Бұл жұмыстарға негізінен ТЖМ қызметкерлері, полиция қызметкерлері және әскери қызметкерлер тартылған. Қиын сәтте өңірге Қызылорла, Қостанай, Маңғыстау, Түркістан, Ақтөбе, Қарағанды облысынан және Шымкент, Астана, Алматы қалаларындағы төтеншеліктер мен әскери бөлім сарбаздары келіп, көмек қолын созуда. Сондай-ақ волонтерлер да қолғабыс қылып жүр. Жалпы, БҚО-на өзге өңірлерден 800-ге жуық техника келген. Қазір бұлардың бәрі қауіпті аумақтарға қойылып жұмыстар жүріп жатыр.
– Су тасқыныны ең қауіпті кезеңі 19 сәуірден кейін басталады, – деп болжап отыр «Қазгидромет» РМК БҚОФ директорының орынбасары Олжас Садыров.
Өңірде су тасқынының екінші кезеңіне дайындық жүріп жатыр. Ал су тасқынының бірінші кезеңінен зардап шеккендер әлеуметтік төлемдерді, гуманитарлық көмектерді алып бастады.
Бұл туралы БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов айтты.
– Бүгінгі күні облыс бойынша 677 отбасы бір реттік әлеуметтік төлемді алды. Бұл үшін 124,8 млн қаржы жұмсалды. Бұрын әлеуметтік төлемнің көлемі 184 600 теңге болды, қазір бұл сома 369 200 теңгеге өсті. Қазір тұрғындардан 2013 өтініш келіп түсті.Олар қажетті құжаттарын тапсырғаннан кейін тисті көмекті алады. Ешкім де көмектен тыс қалмайды,– деді БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы.
Бұдан бөлек, саяжайларда тұратын тұрғындарға азық-түлікпен көмек беріліп жатыр.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы