Тасқыннан зардап шегіп, халқы бір мезгілде Бейнеу, Теңіз ке­ніші және Атырауға эвакуацияланған Құлсары қаласы қазір біртіндеп қа­лыпты өмірге орала бас­тады.
Тасқыннан кейінгі Құлсары
2,395
оқылды

ЭВАКУАЦИЯЛАНҒАН ТҰРҒЫНДАР ҮЙІНЕ ОРАЛУДА

15 сәуір күнгі мәлімет бойынша, тас­қын кезінде эвакуацияланған құл­са­рылықтардың 1 049-ы үйіне оралды. Айталық, Теңіз вахталық қалашығына жет­кізілген 4 620 адамның 1 049-ы Құл­сары қаласына қайтып келді. 

Жылыой аудандық жедел штаб­тың мә­ліметіне сәйкес, 5 сәуірден бастап Маң­ғыстау облысына – 25 211, Атырау қа­ла­сына – 2 653, Мақат ауданына 173 тұр­ғын уақытша көшірілген. Құлсары қа­ласының өзіндегі эвакуациялық қо­сын­дарға 166 адам орналастырылған бо­ла­тын.

2000-ҒА ЖУЫҚ ЖЫЛЫОЙЛЫҚ ӨТІНІМ БЕРДІ

Тағы бір жаңалық – 2000-ға жуық жылыойлық бірреттік әлеу­мет­тік көмек алуға өтінім беріп үл­герді. 

15 сәуірдегі жағдай бойынша, Жы­лыой ауданында тасқыннан зардап шек­кен 1 942 отбасынан бірреттік әлеу­мет­тік төлемге өтініш қабылданды. 100 ай­лық есептік көрсеткіш, яғни 369 200 тең­ге көлеміндегі бірреттік әлеуметтік тө­лемге құжат қабылдау Жылыой ау­да­нын­да 12 сәуірден басталды. Қазір құ­жат­тар үш мекенжай бо­йынша, Жы­лы­ой аудандық жұмыс­пен қамту және әлеу­меттік бағдар­ламалар бөлімінде (Қаб­дешов кө­шесі, 1 үй), Жылыой ау­дандық Ман­сап орталығының ғима­ра­тында (Махамбет даңғылы, 178 үй) және Теңіз қалашығындағы эвакуациялық пункт­те қабылдануда.

«Күні бүгінге тасқыннан зардап шек­кен 1 942 отбасынан өтініш қабыл­дан­ды. Жоспар бойынша, 2 800 отбасы­нан өтінім қабылдау күтілуде. Бірреттік әлеуметтік төлем алу үшін небәрі төрт құ­­жат керек. Өтініш, жеке басын куә­лан­дыратын құжат, банктен арнайы есеп­шоттар және қала әкімдігінен бе­рілген анықтама», – деді Атырау об­лыс­тық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасы басшысы Аза­мат Мәмбетов.

Құлсарыда су басқан үйлердің саны нақ­тыланып жатыр. Атырау облысы тө­тенше жағдайлар жөнін­дегі жедел штаб мәлімдеді. «8 сәуір­дегі ресми де­рек бойынша, Құлсары қаласында су бас­қан үйлердің саны 2 810 болып отыр. Са­наттар бойынша суға кеткен нысан­дар саны су кеткен соң әлі де нақ­тылана­ды» деп түсінік берді Атырау облысы әкі­мі­нің орынбасары Жа­сұлан Бисем­биев.

ГАЗ ЖЕЛІСІ ҚАЙТА ҚОСЫЛДЫ            

Құлсарыда тасқын судан кейін газ беру қалпына келтірілді. Жылы­ой ауданының орталығында 8 сәуір­ден бері «ЖылыойГаз» ЖШС қыз­меткерлері газ беруді қалпына кел­тіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Газ беру жұмыстарын 4 бригада екі ауы­сыммен атқару үстінде. Қазір газ мә­селесіне қатысты апаттық диспет­чер­лік қызмет тәулік бойы өтініш қабылдап жа­тыр. Айта кету керек, тасқын су сал­да­рынан газ қондырғылары мен құбыр­лары көп зақым алған. Ішіне су кіріп кету және кейбір үйлер құлағаннан газ же­лілеріне зақым келіп, сынып кету жағ­дайлары болып жатыр.

Апаттық диспетчерлік қызметі (104 немесе +7 701 845 72 45 теле­фоны арқы­лы) күні-түні тұтынушы­лардың тапсы­ры­сын қабылдайды.

ТҰРҒЫНДАР ҚОҒАМДЫҚ ШТАБ ҚҰРДЫ

14 сәуір күні Жылыой ауданы орта­лы­ғы – Құлсары қаласында қоғамдық штаб жұмысын бастады.

Штаб құрамына ауданның қо­ғам­дық белсенділері, мәслихат депу­тат­тары, қоғамдық кеңес мүше­лері, жастар көш­басшылары мен кәсіпкерлер кірді. Ау­данның құр­метті азаматы Ербол Дәу­летбаев қоғамдық штабты бас­қаруда. 

ТЖ жөніндегі қоғамдық штаб құру­дың мақсаты – өңірлерде тұрғындармен тиімді коммуни­кациялар құру, су тас­қы­нынан зардап шеккендерге кеңес бе­ру және әлеу­меттік шаралар туралы кеңі­нен ақпарат беру.

Бұған несие мен ипотека төлем­дерін кейін­ге қалдыру, тұрғын үй үшін өтема­қы төлеу, бірреттік мате­риал­дық көмек, бүлінген мүлікке өтемақы төлеу, үйлерді жөндеу және қалпына келтіру және бас­қа мәсе­лелер кіреді. 

ӨЛГЕН МАЛ ӨЛЕКСЕСІ ЖОЙЫЛЫП ЖАТЫР

15 сәуірдегі жағдай бойынша, Жы­лы­ой ауданында 70-ке жуық малдың өлек­сесі жойылды.

Қазір Құлсары қаласында су тас­қыны салдарынан өлген жан-жа­нуарлар мен хайуанаттардың өлксе­лерінен жою жұмыстары жалғасуда.

Ветеринариялық бақылау және қа­дағалау комитетінің Жылыой аудандық аумақ­тық инспекция басшысы Жәнібек Сабыровтың айтуынша, малдың өлек­сесі мал қорымдарында және арнайы бел­гіленген шұңқырларда өртеу жолы­мен жою жұмыстары жүріп жатыр. «Қа­зір төлдерін қоса алғанда 60 қой-еш­кі малы, 8 үй құсы және бір-бірден ит-мы­сық өлексесі жиналып, жойылды. Жұ­мыстар одан әрі жал­ғасады», – деді Ж.Сабыров.

ҚҰЛСАРЫ – АТЫРАУ ТАСЖОЛЫ УАҚЫТША АШЫЛДЫ

 4 сәуір күні Жем өзені арнасынан асып, тасқын су аудан аумағындағы Дос­сор – Құлсары тасжолын шайып кет­кен еді. Тасқынның тоқтамауы өн­ді­ріс орындарындағы компа­ниялар мен мер­дігер мекемелердің мүмкіндігін шек­теді. Осыған бай­ланысты жол қоз­ға­лысын уақытша ашу қажеттілігі туын­дап, «Қазавто­жол» компаниясы трас­са­ның су басқан бөліктерін қалпына кел­­­­тіруге кіріскен-ді. 

 Аталған жұмысқа 45 адам, 28 тех­ни­ка жұмылдырылып, су шайған учас­ке­лерге су өткізетін 12 құбыр салынды. Оның бетінен инертті материалдар тө­се­ліп, 14 сәуір күні кешкі уақытта кө­лік­­тердің уақытша жүріп-тұруына рұқ­сат берілді.

Жөнделген тасжолдағы қауіп­сіздікті па­трульдік полиция ротасы үздіксіз ба­қы­лауда ұстап отыр. Бү­гіннен бастап қоз­­ғалыс бір бағытта кезекпен ретте­ле­тін болады.

– Міне, көлік қатынасы қайтадан қал­пына келтірілді. Жағдайға байла­ныс­ты уақытша қолайсыздыққа түсініс­тік­пен қарап, сабырлыққа шақырамын, – дейді «Қазавтожол» ұлттық компаниясы Атырау облыс­тық филиалының дирек­торы Мұрат Мықтыбаев.

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ҚОЗҒАЛЫСЫ ҚАЛЫПҚА КЕЛЕ БАСТАДЫ

Құлсары қаласында қоғамдық көлік қозғалысы қалыпқа келе бастады. Бұл ту­ралы «Батыс Тех Инвест» ЖШС бас­шы­сы Әуез Әбіләкім мәлімдеді. 

– Бүгінде қала ішінде 4 бағытта 14 ав­тобус қатынауда. Қосшағыл, Жаңа Қа­ратон, Майкөмген, Жем ауылдық ок­ругтерінде автобустар қалыпты жұ­мы­сына кірісті. Төтенше жағдай бол­ған­­ға дейін Құлсары қаласы ішінде, ауыл­дық округтерді қоспағанда 12 ба­ғыт­та 55 автобус қатынайтын. 

Қала көшелері судан тазар­тылып, көліктерге жүру толықтай қолайлы болған жағдайда қатынау бағыттары мен автобустар санын артатын болады, – деді Әуез Әбіл­әкім.

Табиғи апат айтып келмейді. Деген­мен қысылтаяң шақта нағыз батыр­лар­ша әрекет етіп, өз ауылын тасқыннан сақ­тап қалған азаматтар да болды. Со­лар­дың бірі – Тұнғатар Лұқпанов.

Ол – Құлсары қаласының маңын­­да­ғы «Береке» ауылының тұрғы­ны. «Бе­реке» ауылы Құлсары қаласын Жем өзе­нінің суы басқанда табиғаттың дүлей апа­тынан аман қалды. Ауылдың орна­лас­қан жері өзен суының деңгейіне жуық­тағанмен, тұрғындардың ауыз­бір­лі­гінің нәтижесінде тасқыннан қорғап шықты. Қиын шақта жоғары көр­сеткіш­ке қол жеткізу тек халықтың бірлесе қи­­мыл­дауының арқасында жүзеге аса­ты­нына бұқараның көзі жетті.

«Қазір елімізде су тасқынына бай­ла­нысты келеңсіз оқиғалар болып жа­тыр. Үйлер суға кетіп, халыққа ауыр тиіп тұр. Осындай шақта бірлік керек! Жұ­дырықтай жұмылғанның арқасында тас­қын суды бөгеп, жеңгендей болып отыр­мыз. Бірінші кезекте сабыр керек. Ке­лең­сіз шақтың тез өте шыға­тынына үмі­тіміз зор», – дейді ауыл тұрғыны Тұн­ға­тар Лұқпанов.

Қазір Жылыой ауданында тас­қын су­дың келтірген зардаптары пы­сық­талып, оңалту шаралары жалғасып жа­тыр.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы