Астанада мектептің төртінші қабатынан оқушы секіріп кеткен. Қазір ол ауруханада жатыр, жағдайы өте ауыр. Жасөспірімнің мұндай қадамға не себеппен барғанын полиция анықтап жатыр. Ал туыстарының болжамы бойынша, баланы басқа оқушылар бопсалаған секілді, – деп жазады Aikyn.kz сайты KTK арнасына сілтеме жасап.
Оқушының есімі – Бекболат Сайлау. 8-сынып оқиды. Ол кеше түсте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Қолы, екі аяғы сынған, беліне зақым келген. Дәрігерлер операция жасап, бала бүгін ғана есін жиған.
Бала есін жиған соң ғана мән жайды ата-анасы бүгін біліп отыр.
"Ердәулет деген бала, Аружан екеуі "мені бопсалаған" деді. "Оны әзірге айтпаймын" деді. Ал Ердәулет, Димаш, Әділет деген сыныбындағы бала мені дәретханада ұрып, "қоңырау болғанша сені өлтіреміз, полицияға береміз, әзір көресің, сабақтан шыққанда өлтіреміз" деп айтқан. Содан қоңырау шалынды, ағылшын пәнінің мұғалімі кірді, сабақ бітейін дегенше терезеге қарап отырдым. Сабақ біткеннен кейін "өліп алайыншы, әйтпесе мыналар мені өлтіреді, полицияға береді"деп секіріп кеттім", – дейді оқушының анасы Ләззат Рахмаш.
Туыстары бала буллингтің құрбаны болды деп санайды. Олардың айтуынша, оның осы мектепке ауысқалы қысымнан көз ашпады, бірнеше рет үйге беті көгеріп келді". Мектеп басшылығы да осы оқиғадан кейін абдырап отыр. Бекболатты тыныш, сабырлы бала деп мінездеме берген директор "одан мұндайды күтпедік" дейді.
"Ешкім байқамай қалды. Балалар тапсырма орындап, мұғалім кітап қарап отырған. Мұғалім санаулы секундта басымды көтергенде, баланың терезеде ілініп тұрып, құлағанын көрдім деп отыр", – дейді №72 мектеп-лицей директоры Айман Дүйсенова.
Оның айтуынша, ешқандай буллинг болмаған.
"Оқиғаны сотқа дейінгі тергеу реестріне тіркедік. Тергеу басталды, соның нәтижесі бойынша қорытынды шығара аламыз. Оқиғаның себебін дәл қазір нақты айта алмаймын", – дейді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.
Бір өлімнен аман қалған оқушы енді ұзақ емделуі керек. Ақ халаттылар таяу арада оның екінші аяғына операция жасауды жоспарлап отыр.