Атырау қаласының әкімі қайтыс болды деген жалған ақпарат тарады. Облыстық жедел штаб бұл ақпаратты жоққа шығарды, - деп хабарлайды Aikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
«Төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың жалған аккаунтында Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің кенеттен қайтыс болғаны туралы ақпарат шықты. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Төтенше жағдай режимі аясында жалған ақпарат таратқаны үшін құқық бұзушыға қылмыстық жауапкершілік жүктелетінін еске саламыз. Қазір құқық қорғау органдары тиісті шараларды қолдану үшін төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың атын жамылған жалған аккаунт иесін іздеумен айналысуда», - деп хабарлады облыстық жедел штаб.
Облыстық жедел штабтың ақпаратына қарағанда, Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин жедел штабтың жиналысына қатысқан. Әкім Атырау қаласындағы су тасқынына дайындық барысы туралы кезекті баяндама жасаған.