Аймақ басшысы Ақсуат ауданына барған сапарында Кіндікті ауылының тұрғындарымен жүздесіп, олардың өтініштеріне ден қойды. Әкім жұртшылық тарапынан көтерілген мәселелердің орындалуын бақылауға алатындығын жеткізді. Сонымен қатар «Қарағанды–Аягөз–Боғас–Кіндікті» тасжолындағы көпірдің жайын көзімен көрді. Қазіргі уақытта көпірдің құрылыс жобасына сараптама жүргізіліп жатыр. Сараптама аяқталысымен жобаны жүзеге асыру басталады. Көпір құрылысының жұмыстары биылғы жылдың қараша айында аяқталады деп жоспарлануда.
Аягөз ауданына жасаған жұмыс сапарында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Бозай ауылының тұрғындарымен кездесті. Бозайлықтар әкімге көпірді қалпына келтіру мен уақытша айналма жолдың мәселесін жеткізді.
Ауыл тұрғындарымен кездесуге құрылыс мекемелерінің жетекшілері де шақырылып, Бозай елді мекеніндегі автомобиль көпірін қалпына келтіру мерзімі бойынша өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ көпір құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу, көпір пайдалануға берілгенге дейін уақытша айналма жол салу мәселелері талқыланды. Облыс әкімі кездесуде айтылған мәселелердің барлығын өз бақылауына алатынын жеткізді. Аудан әкімі мен жауапты басқармаларға жұмысты жеделдету және айналма жол құрылысына үнемі мониторинг жүргізіп отыруды тапсырды.
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Аягөзге жасаған сапары барысында «Қуаныш» ықшам ауданында салынып жатқан 600 орындық мектептің құрылыс жұмыстарын тексерді. Аталған құрылыс «Жайлы мектеп» жобасының аясында жүргізіліп жатыр. Қазір іргетас құйылып, үстіне дайын іргетас блоктары төселді. Сондай-ақ гидроизоляция және сейсмикалық белдеу жұмыстары жүргізілген.
«Жалпы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облысымызда 2025 жылға дейін 5 700 оқушыға арналған 11 мектептің құрылысы жоспарланған. Соның ішінде Семей қаласының Ақсай кентінде 600 орындық, Восточный (оң) кентінде 300 орындық, Қарағайлы ықшам ауданында 900 орындық, Аягөз ауданының Ақтоғай кенті, Ақсуат ауданы Екпін ауылы мен Жарма ауданының Қалбатау ауылында 300 орындық мектептің құрылысы бар», – деп атап өтті әкім халықпен кездесу барысында.
Облыс әкімі 18 сәуір күні Жарма ауданына қарасты Үшбиік ауылына барып, тасқын салдарынан үйлеріне су кірген тұрғындармен жүздесті. Ауыл халқы көтерген мәселелерді тыңдап, елді мекеннің бүгінгі жағдайын соның ішінде су кірген үйлердің бірін өз көзімен көрді. Қазір су тасқыны бойынша аудандағы жағдай тұрақты. Су кірген үйлердің тұрғындарына барлық қажетті көмек көрсетілді.
Сапар барысында аудандық маңызы бар «Шар–Көшек» автомобиль жолы да назардан тыс қалмады. Облыс әкімі орынбасары Димитрий Гариков пен аудан әкімі Жарқынбек Байсабыровқа жолдарды қалпына келтіру жұмыстарын күшейту жөнінде тиісті тапсырмалар берді.
Аудан орталығы Қалбатауда ескерткіштердің аумағын тазарту, сондай-ақ бірқатар сәулет нысандарын ретке келтіру жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде Нұрқасым Садықов атындағы саябақтың «Даңқ» аллеясының аумағында, Зере ана, Қалихан Алтынбаев, Тұрсынхан Әбдірахманова ескерткіштерінің жанында жұмыстар атқарылды. Сондай-ақ жазушы Әзілхан Нұршайықовқа арналған сквер тазартылды. Жарма ауданындағы 400-ге жуық адам қатысқан акцияға ауыл тұрғындары, мекемелер, ұйым қызметкерлері, аға буын өкілдері белсене атсалысып, жалпы саны 16 тарихи-мәдени ескерткіштің аумағы тазартылыпты. Жалпы, Абай облысында жүргізіліп жатқан «Киелі мекен» апталығы аясында барлық ескерткіштің аумағы тазаланып, ретке келтірілетін болады.
Ұлағат БЕКБОЛАТ