Елімізде су тасқынынан туын­даған мәселе күн санап күрделеніп барады. Оның ішін­де батыс өңірін­дегі ахуал алаңдатарлық күй­де тұр.
Сырдан төнер қатер жоқ
191
оқылды

Осы орайда «тасқыннан қауіп жоқ па?» де­ген сауал Сыр жұртшылы­ғын да тол­­ған­­ды­ратыны ақи­қат. Шы­нында Қызылор­да облы­сын­­­дағы қазіргі ахуал қалай?

Тасқын қаупі жоқ, бірақ босаңсуға болмайды

Мемлекет басшысы еліміздегі бірқатар өңірде тасқын қаупі сезілген тұста табиғи апатқа қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізгені белгілі. Онда су құр­сауында қалған халықты қауіпсіз жерге көшіру және қарғын судан зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек беруге ерекше назар аударды. Әрбір облыс тасқынға тосқын болуға тастүйін дайындық жүргізу қажеті де айтылды.

Өз кезегінде Қызылорда облы­сының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аталған мәселе бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, өз бақылауына алды. Бұл жайында облыс әкімдігінде өткен арнайы мәжілісте аймақ басшысы нақты тоқталып өткен болатын. «Өңірдегі елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Дегенмен апат айтып келмейді. Алдын алу шаралары қатаң бақылауда болуы қажет. Бұл тұрғыда «Су тасқынына қарсы іс-шаралар» Жол картасына облысқа қатысты 17 іс-шара еніп, жүзеге асырылуда. Осы орайда елі­міздің тасқыннан зардап шеккен өңірлеріне көмек көрсету ба­ғы­тындағы жұмыстарды үйлестіру де аса маңызды. Осындай қиын кезеңде бірлігімізді көрсету қа­жет», – деді облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы.

Нақты мәліметке сәйкес, бүгінгі күнге облыс аумағына 339 текше метр көлемінде су түсуде. Өткен жылдың есепті кезеңінде бұл көрсеткіш 314 текше метрді көрсеткен. Демек, тоқмейілсуге болмайды. Бүгінде аймағымызда орналасқан су қоймалары транзиттік режимде жұмыс жүргізуде.

Дайындық шаралары күнделікті бақылауда

Көктемнің алғашқы айында облысқа қарасты Арал ауданының Ақеспе ауылы маңындағы «Бозой–Шымкент» газ құбырына қызмет көрсететін техникалық жолды су шайып, өңір жұртын дүрліктерген еді. Бұл бірінші кезекте, Ақеспе елді мекені халқының Жол қаты­насына қиындық туғызды. Алайда су шаю қаупі дер уақытында ауыз­дықталып, тиісті шаралар атқа­рылды. Жауапты орындар бұл келеңсіздікті аудан тұрғындарына ері­ген қар суының салдары деп тү­сіндірді. «Арал аумағында төтенше жағдай бол­ған жерге аудан әкімі бастаған жұмыс тобы арнайы барды. Тиісті мекемелер мен жауапты сала басшылары мәселені қатаң бақылауда ұстап, дер кезінде қал­пына келтіру жұ­мыс­та­рын жүргізді. Осы орайда ау­дан­дық маңызы бар «Ақеспе елді ме­кеніне кіреберіс 6 шақырым ав­томобиль жолының құрылы­сына 2023 жылы жоба-сметалық құжат­та­масы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытынды­сы алынды. Жобаның жалпы құны – 497 876,0 мың теңге. Бүгінде қа­жетті қаржыны сұрату мақса­тын­да облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқар­масына бюджеттік өтінім тапсырылды», – деп мәлімдеді бұл жайында бізге Арал ауданы әкі­мінің баспасөз қызметі. 

Ал жауапты сала мамандары тарапынан, бүгінде облыста ахуал тұрақты екенін алға тартады. Тас­қын қаупі төніп тұрған жоқ. Дейтұрғанмен, бақылау, тасқын­ның алдын алу шаралары тұрақты жүріп келеді. «Су тасқынының дайындық шаралары күнделікті бақылауда. Қазір су деңгейі бір­қалыпты. Тасқын судың қаупі жоқ. Көп ұзамай егіске су беру жұмыстары қолға алынатын болады. Бүгінде осы бағытта жұмыс жүріп жатыр», – деп түсіндірді бізге «Арал – Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Зейнулла Қазтоғанов. 

Оның айтуынша, нақты уа­қытта Шардара су қоймасында 4 млрд 705 млн текше метр су бар. Ал Көксарайда 1 млрд 473 млн тек­ше метр су жиналған.  Оның ішінде Шардарадан секундына – 200, Көксарайдан – 100 текше метр су Қызылорда облысына құйылып жатыр.

Сыр өңірі қолдаудан қалыс қалмады

Елімізде табиғи апаттың сал­қынын сезінген өңірлерге үздіксіз көмек көрсетіліп жатыр. Бұл тұр­ғыда Қызылорда облысы да қолдау білдіруде. 

Бұған дейін су тасқыны болған аймақтарға көмекке 296 қызылор­далық құтқарушы, 135 техника жіберілді. 

Тасқынның зардабын тартқан өңірлерге гуманитарлық көмек көрсету мақсатында қала және аудан әкімдіктері  «Күшіміз – бірлікте» акциясын ұйымдастырып отыр. Оған облыстың жанашыр азаматтары мен еріктілері үлес қосуда. Соның негізінде арнайы жинақтау пункттері де ашылып, жұмыс істеуде. Осы пункттерге су тасқыны басталғаннан бүгінгі күнге дейін Сыр өңірінен 150 млн теңгенің гуманитарлық көмегі жөнелтілген.

Соңғы мәліметке сәйкес, Сыр өңірінен Батыс Қазақстан облысына арнайы техникалар жіберіліп жатыр. Нақты айтқан­да, су тас­қыны болған аймаққа Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен 106 арнайы техника жөнелтілген. Техникалар қажетті­лі­гіне қарай бір тәулік ішінде әзір­леніп, теміржол арқылы жіберіл­ген. Мұндай  қолдау шаралары әлі де жалғасып жатыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы