Түркі жұртына ортақ қазына болып саналатын шығарма осыдан сексен жылдан аса уақыт бұрын, яғни 1940 жылдың 29 сәуірінде Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында театрсүйер көрерменге жол тартқан еді.
Сол уақыттан бері әр режиссер аталған қойылымды әртүрлі трактовкада сахналап келді. Араға жылдар салып қайта оралған қойылымның осы жолғы басты ерекшелігі – ұлттық театр мен ұлттық өнімнің ерекше коллаборациясы. Нақтырақ айтсақ, демеушілік танытып, тарихи туындыны қара шаңыраққа қайтарған – Bayan Sulu кондитерлік фабрикасы. Осы тұста қара шаңырақ өз тарихында алғаш рет қойылымның жабық көрсетілімін өткізгенін атап өткен жөн. Бүгінге дейін кинопремьералардың жабық көрсетіліміне табан тіресек, енді өнердің биік шыңы саналатын театрдың алғашқы жабық көрсетілімін тамашалаудың сәті туды. Көрсетілімге келген қадірлі қонақтардың арасында театр саласында қызмет етіп жүрген жас буыннан бастап сахна саңлағына айналған аға буын өкілдері, медиа мен киноиндустрия бағытында танылып жүрген бірқатар халық қалаулылары жиналды. Жабық көрсетілімнің театрдағы премьералардан тағы бір өзгеше тұсы – арнайы шақыру алған қонақтардан бөлек, қойылымды тамашалауға келген әрбір көрерменге ұлттық өнімнің атынан тәттілер табысталды.
Ғашықтар зарына тас керең ғасырда дүниеге келіп, жақын-жуықтарынан қолдау таппай, бақиға аттанып кете барған қос мұңлықтың махаббат оқиғасын ұлы қаламгер Ғабит Мүсірепов кезінде өз пьесасына өзек еткен еді. Екі актілі махаббат дастанын жаңа трактовкада ұсынған қойылым режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Әубәкір Рахимов. Махаббат үштігі сахналатын қойылымның жабық көрсетілімінде басты кейіпкер Қозының рөлін театр актері Мағжан Асаубай, ал Баянның рөлін талантты актриса Индира Құлмағанбетова сомдады. Одан өзге актерлік құрамның қатарында Б.Тұрыс, Д.Жүсіп, Ш.Асқарова, А.Ағымбай, Ғ.Оспанов, Ж.Толғанбай, Ғ.Құлжанов, Н.Абилов сынды өнер иелері бар. Қойылым басталар алдында театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек ірі бизнес өкілдерінің өнермен, соның ішінде театрмен әріптестік негізде жұмыс істеуі Қазақстанда көп кездесе бермейтін құбылыс екенін негізге алды.
– Өздеріңіз білетіндей, кондитерлік фабрикамыз да Bayan Sulu деп аталады. Әу баста біз театр директорымен қандай қойылым қоятынымыз туралы ақылдасып, нәтижесінде дәл осы «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» дастанына тоқталдық. Бүгін қазақ өнерінің қара шаңырағы мен Bayan Sulu кондитерлік фабрикасының арасындағы байланыстың нәтижесін көріп отырмыз. Кезінде Мұхтар Әуезов: «Сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі – театр», – деп айтқан еді. Премьерада көрермен назарына ұсынылатын қойылым да сол сымбатты, ең зор өнердің туындысы», – деді «Баян Сұлу» АҚ Президенті-Басқарма төрағасы Тимур Садықов.
Биыл қойылым әкемтеатрда бесінші рет қайта жарыққа шығып отыр. Қойылым режиссері Әубәкір Рахимов қаншама жылдық тарихы бар жауһар туынды кезінде Еуропаны аралап, ел арасында үздік қойылым ретінде танылғанын атап өтті. Режиссердің сөзінше, ол «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» қойылымын барынша заманға сай жаңғыртуға тырысқан.
– Кезінде театрымызда сахналанған алғашқы қойылымдарды Серке Қожамқұлов, Камал Қармысов, Шолпан Жандарбекова сынды театр тарландары сомдаған еді. Біз студент шағымызда көпшілік сахнасына қатыстық. Одан кейін Әзірбайжан Мәмбетовтің қойылымында Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков және т.б. әртістер сомдап шықты. Расында, олардың қойылымда өз рөлін сомдап шығуы біз үшін нағыз мектеп болды. Қазір орта буыннан асқан жастарымыз сол қойылымның көпшілік сахнасына қатысты. Кейінірек, Қайрат Сүгірбеков есімді жас режиссер өзінің трактовкасын ұсынды. Бүгін сахналанатын жаңа қойылымда түгел дерлік жастар ойнайды, – дейді Ә.Рахимов.
Режиссер қойылымды әзірлеу барысында ұлттық құндылықтарымыздың бояуын кетірмей, халықтың шынайы болмысын беруді басты орынға қойған. Әңгіме барысында Әубәкір Рахимов ұлттық классикалық туындыларға интерпретация жасағысы келіп, бірақ «артық қыламын деп, тыртық етіп қоятын» жағдайлардың бар екенін, осының әсерінен ұлттық ерекшеліктердің жоғалып бара жатқанын түйреп өтті.
– Біздің шетелге танытуға лайықты негізгі брендіміздің бірі – «Қозы Көрпеш–Баян сұлу». 1984 жылы осы қойылымды Францияға фестивальге алып бардық. Ал бүгінгі трактовкада махаббат дастанын ұсынамыз деп шештік. Өйткені біздің алдымызға қойған мақсатымыз бен демеушілердің тілегі де осы идеяға сәйкес келді. Өкінішке қарай, қазір классикалық дүниелерімізге интерпретация жасаймыз деп ұлттық ерекшеліктерімізден айырылып бара жатқан тұстарымыз бар. Бүгінгі ұрпаққа керегі – классикалық туындылардың алтын қорда сақталып қалуы. Біз бас театр болғандықтан, осы мақсаттың орындалуына баса назар аудардық, – деді қойылым режиссері.
Сөз соңында режиссер қойылымға дайындық кезінде кейіпкерлердің басқа қырынан көрінгенін, сондай-ақ актерлерді театр сахнасында бұрын сомдаған рөлдеріне ұқсамайтындай жаңаша қырынан көрсетуге әрі өнер жолына енді ғана қанат қаққан жас актерлердің талантын ашуды мақсат тұтқанын айтып пікірін түйіндеді.
«Қозы Көрпеш–Баян сұлу» дастаны – әлемдік мәдени-тарихи құбылыс. Махаббат символына айналған Қозы Көрпеш пен Баян сұлу оқиғасы риясыз махаббат, қатыгездік, достық, шынайылық секілді қасиеттерді пайымдайды. Қойылым сол дәуірдегі жастардың сүйіп қосылуын арман еткен тілек-мүдделерін негізгі идеялық мазмұн ретінде қарастырады. «Өнер махаббаттан тұрады, ал махаббат таластан тұрады», – деген театр директоры Еркін Жуасбек Ғашықтар күні қарсаңында сахналанған қойылым жастарға оң әсер етіп қана қоймай, атаулы күн ел арасында айтылып жүрген ұлттық болмысымызға жат «Әулие Валентин күнін» алмастырғанын айтып қорытындылады.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы