Аталған театрда бұған дейін көркемдік жетекші қызметін атқарған Қуандық Қыстықбаевпен сұхбаттасқан едік. Ол қазақ театрына қазір бірқатар өзгеріс қажет екенін айтты. Әңгіме барысында Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының бүгінгі ахуалы, жалпы театр актерлерінің шығармашылық және қаржылық мәселелері және театр саңлақтарының қазіргі күйі жайында сөз қозғады.
– Театр әлемінде жүргеніңізге біраз жыл болды. Сіздің түсінігіңізде театрға, өнерге адалдық деген не?
– Театр сахнасы қалт жіберіп алған қателікті кешірмейді. Сахна киелі дейміз ғой, шынында солай. Қазір есепсіз қалатын дүние жоқ. Өнердегі адалдықтың жастық шақта білінуі қиын, орта буынға келгенде театр алаңында жүріп өткен жолыңызға қарап адал болғаныңызды бағамдауға болады. Неге? Қазіргі актерлер театрды көбіне екінші орынға қояды, түрлі рөлді де байқамай ойнай береді. Мен оны басшылыққа келгенде жүріп өткен жолыма, өткеніме қарап түсіндім. Өнерін бірінші орынға қоятын замандастарым да болды. Еңбегі еленіп, ұсынылатын марапат та ойнаған рөлінің сапасына, адалдығына байланысты беріледі. Ал кейде өзі жіберіп алған олқылығын түсінбейді, түсінсе де мойындағысы келмейтін өнер адамы да кездеседі. Алдыңғы аға буындардың өміріне қарап сахнаға, өнерге адал болғанын байқаймыз. Адалдық деп айтып отырмыз, оның басында ең бірінші тәртіп тұрады. Театрда біреудің уақытын ұрлау – ең үлкен қателік. Біз әлі осыған бейімделе алмай жүрміз. Өнерді шетке қоя тұрайық, мұның бәрі, алдымен өз жұмысыңызға адал болудан келіп шығады. Жасырмаймын, театрда небір таланттар берілген рөлін де өз деңгейінен жоғары алып шығады. Бірақ олар тәртіпке бағынбаса дым шықпайды.
Театрымызға талантты режиссер Барзу Абдураззаков «Ләйлі-Мәжнүн» спектаклін қойды. Шәкірттеріне «Көзіме қарап сұрақ қойыңдар, көзіме қарап тыңдаңдар» дейтін. Оның бір сөзі маған өмір бойына сабақ болып қалды. Егер бір жұмыспен айналысатын болсаңыз, басқа жаққа алаңдаудың керегі жоқ, зияны өзіңізге тиеді. Сол сияқты спектакльге берілген уақытты тек дайындыққа арнаған жағдайда жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Кейде әріптестеріме қарным ашатыны содан. Бірақ бәрін тәртіпке тіреп қоюға да болмайды. Бейсен Құранбектің керемет сөзін оқығаным бар. Ең жақын адамы деп бірі анасын, бірі жарын айтуы мүмкін. Жоқ, жақын адамың – дәл сол сәтте жаныңда отырған адам.
– Театрдың актерлерге қойған басты талабы қандай?
– Әрине, актерлердің талантын құрметтеу керек. Дегенмен тәртіптің аты – тәртіп. Жақында ғана менде де осындай оқиға болды. Алдыңғы буын ағаларымызды да білеміз ғой, Әзекең 30 жыл театр басқарып тұрған кезде атақты Әнуар Молдабековтің өзін сахна жұмыскері етіп қойған. Неге? Репитицияға кешіккені үшін. Тәртіп талантқа қарамайды. Бойдағы талантты сахнада көрсетеді. Ал оған дейін қаншама жұмыс бар. Талантты адам кейде белгілі бір шеңберге сыймайды, оған түсіністікпен қараймыз. Бірден жаза берілмейді, шегінен шыққаннан кейін ғана шара қолданамыз. Оған дейін ескертулер, сөгіс жарияланады. Актер дайындыққа түрлі себеппен қатыса алмауы мүмкін, кешігуі мүмкін. Егер театрдың атынан үлкен жобаларға қатысатын болса, қолдау көрсетуге тырысамыз. Шын таланттардың аяғынан шалу, оларды бұғып қою тәжірибемде болған емес.
– Әңгімемізді Қаллеки театрының ғажайып әлеміне бұрайықшы. Бұл театрдың басты ерекшелігі неде?
– Ең басты ерекшелігі – актерлердің театры. Театрды Жақып Омаров ағамыз өзі ашып, өзі басқарды. 1996 қайтыс болған соң орнына бірге оқыған досы Қадыр аға келді. Ол Ақмола Астана болып жатқан кезде театрдың бір гримеркасында тұрды. Өзіне берілген үйде тұра алмай дүниеден өтті. Одан кейін 1999 жылы отыз жыл басқарған театрынан қуылып, он жыл өнер айдынында жоғалып кеткен Әзірбайжан Мәмбетовті Президент шақырып алып Халық Қаһарманы атағымен қоса осы театрдың тізгінін берген еді. Ол кезде театрдың ескі ғимаратының аядай жерінде жұмыс істеді. Басында істей алмаймын дегенінде Н. Назарбаев «Халық Қаһарманы болып сіз жыласаңыз, басқалары не демейді. Қане, жұмыс істеңіз, болашақта салынады театр» деген. Сол ғимаратта қоймаған спектаклі жоқ. Иә, «М. Әуезов театрында қойылған классикаларды қайталады» деп сөзге де қалған. Бірақ қайталаған жоқ. Осындай ұлы режиссерлермен жұмыс істедік. Кейін театрға драматург әрі театр сыншысы Еркін Жуасбек ағамыз келді. Ол театрдың директоры мен көркемдік жетекші қызметін қатар алып жүрді. Өзі басқарған бес жылдың ішінде белгілі бір деңгейге көтеріп тастады. Осындай тұлғалардың ізі қалған театрдың басқа театрдан ерекшілігі – нағыз талантты актерлердің шоғырын жинауы. Марқұм Әшірбек Сығаев біздің театрды, әр актерлерді жанындай жақсы көрді. Қайтыс болар шағында осы театрда директордың кеңесшісі қызметін атқарды. Сонымен қатар Асанәлі ағамыз театрымызды әлі күнге дейін жақсы көреді, себебі әр актердің бойынан өз заманы, сол кездегі тұлғаларды көретінін айтады.
– Қалибек Қуанышбаев театрындағы соңғы жаңалық – көркемдік жетекшілікке Гүлсина Миргалиеваның тағайындалуы. Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрынан шақыртудың себебі не деп ойлайсыз? Осындай лауазымға ұжым ішінен лайықты адамның табылмағаны ма?
– Талғат аға қызметтен кеткен кезде орнына мені лайықты деп тапқанда өзім бас тартқан едім. Өзіміз эмоцияның адамымыз. Алдымдағы аға-апаларымнан актердің директор, көркемдік жетекші болуының ақыр аяғы немен бітіп жатқанын көріп, білгенмін. Олар да бұл қызметке келмеуімді айтып, ақыл-кеңес берген. Бірақ, өзіңіз айтпақшы, лайықты адамның болмауы және әріптестерімнің маған артқан сенімі, өзімнің өнерде атқарған еңбегім осыған лайықты деп әкелген шығар. Жаратушы сүйген құлына көтере алмайтын жүк бермейді ғой.
Ал енді қазір қызметке ұжымның ішінен емес, сырттан алып келу лайықты ешкімнің болмағанынан шығар. Не дегенмен оны министрлік таңдайды, солар шешеді. Біз де таңдауымызды ұсына аламыз. Өкінішке қарай, қазір оны айтатын адам да, біріккен ұжым да болмай тұр. Гүлсина Миргалиева тәжірибесі бар, 20 жыл театрды басқарған маман, осы жұмысты да ары қарай дөңгелетіп алып кете алады. Оған қоса, біздің жұмыстың ішінде сәл бұзылған ауа райын реттеу үшін, ұжымды біріктіру үшін келіп жатқан шығар деп ойлаймын. Өйткені шынында сан саққа бөлініп, істеп жатқан ісімізге ризашылық білдірмеу көбейіп кетті. Сондықтан осының жарасын жазу үшін келіп отыр деген ойым бар. Мен де шамам келгенше жұмыс істедім, енді ол ары қарай басқа біреулердің құзырында. Күрестім, шамам жетпеді, үстімнен арыз-құрыз жазылып, маған риза еместер көбейіп кетті. Содан ақырын өзім де кеткенім дұрыс деп шештім. Мұндай шешімге бір жыл бұрын да келген едім. Бірақ ұжымым жібермей, басқалардың пікіріне мән бермеуімді айтып, мені алып қалған болатын. Бұл қызметте жүргенде көбіне шығармашылық еркіндік бердім, қозғалмаған тақырыптарды қозғадым. Мысалы, «Алтайдан ауған ел» деген керемет тақырыптарды ұсынғаным бар.
– Өткенге өкпеңіз бар ма?
– Өкпем жоқ. Мен алалау емес, бағалауды дұрыс жасамаған шығармын. Мысалы, бір спектакльдің дайындығы үстінде күні-түні жұмыс істеп жатқандарға үстемеақы беріп отырдым. Өзім ол жұмыстан бос болсам да, үстемеақы жазбаушы едім. Үлкендер бізді алалап, шеттетіп жатыр деп ойлады. Үстемеақы нақты күндіз-түні тынымсыз жұмыс істеп жүргендерге берілді. Сол кезде өзіме көп ескерту естідім. «Неге алалап жатырсың, баяғыдан істедік қой» дейді. Олар баяғыдан істеп жатыр, дұрыс. Бірақ қазір жұмыс істеп жатқандарды да бағалау керек. Сол жағынан түсінбестік болған ғой. Неге маған риза емес деп өзіме де жиі есеп бердім. Тағы бір түсініспеушілік жағдай болды. Алдағы үш жылға репертуарлық саясат жоспарын құрған кезде Нұрлан Жұманиязов пен Болат Ұзақовты биылғы жылдың спектакліне қоспаған едім. Неге? Жас буындарды шақырайық, олардың қолтаңбасын көрейік, қазақ ертегілерін қояйық, тың тақырыптарды көтерейік деген ұсыныс айттым. Бірақ олар өздерінің жоспарға неліктен енбей қалғанын менен келіп сұрамады. Егер келіп сұраса, «Биыл демалыңыздар, сырт жаққа қойып келіңіздер, жалақы болса жүріп отырады» деп айтар едім. Бірақ олар бұған жеткізбей, басқаша іс-әрекет жасады. Ақыры осындай бір кикілжіңге алып келді.
– Театрда артынан із қалдырған режиссерлердің бар екенін жоққа шығармаймыз. Олардың қойылымдары әлі күнге дейін көрерменімен қауышып отырады. Ал солардың ізін жалғайтын бүгінгі жас режиссерлер жайлы не айтасыз?
– Театрда бір режиссермен шектеліп қалуға болмайды. Осындай жағдаймен алысып та жүрмін. Жас режиссер Әлібек Өмірбекұлын жұмысқа ала алмай жүргенім де осы. Қалибек Қуанышбаев атындағы театр 1991 жылы құрылған болса, 1996 жылға дейін марқұм Жақып аға қызмет атқарды. 1997-1999 жылдар арасында Қадыр Жетпісбаев ағамыз қызмет етті. Содан 1999 жылы Әзірбайжан Мәмбетов келген кезде ең жас режиссер болып, Болат Ұзақов пен Нұрлан Жұманиязов жұмысқа қабылданған. Олар әлі күнге дейін істеп келе жатыр. Олардың өзі қазір зейнет жасында. Ойлаңызшы, 26-27 жылдың ішінде жас режиссер алынбады. Аға буындар берерін берді, қазақ өнеріне сіңірген еңбектері көп, әлі де береді. Дегенмен театрға жаңа қан керек, мен осымен күресіп жүрмін. Кез келген салада мықты тұлғалар берерін беріп болған соң ары қарай сарқылады, сондықтан бұл кісілердің де қазір сарқылған жерлері бар. Заман ағымына, көрермен сұранысына, театрдың алған бағытына сай келмей жататын тұстары болады. Бұрынғы көзқараспен қалып, өзін-өзі дамытпау, ізденбеу осыған кеп тірейді. Қазір театр актерлерін даярлайтын мектеп жоқ. Ұстаздар Кеңес үкіметінен келе жатқан қалыпта интуициямен сабақ өтеді, бірақ бұрынғы қалыптасқан қағидаларды өзгертуден аулақпын. Айтайын дегенім, сол деңгейде, бір ұйықта тұрып қалмай, жас таланттарды тарту керек. Қазір театрларға сырттан режиссерлер шақырып, қойылымдарын қоюдың да себебі сол. Шетелдік театрлар туралы айтсам, олар, тіпті режиссер түгілі актердің өзін штатта ұстамайды. Ал бізде 80-90 актерды жинап алады, екі-үш режиссер штатта отырады, жылына жоспарланған спектакль қою керек. Бізде әлі өнер саласында өзгертетін дүние көп. Ол оқу саласынан басталады. Тек бір адамның қолтаңбасымен жұмыс істеп отырған, сырттан режиссер шақырмай, өз қазанында өзі қайнап жатқан театрлар да бар. Оның да өз пайдасы бар. Бірақ басқа жақтан қан кіргізу – ол да бір тәжірибе.
Болат Атабаев қандай күрескер режиссер еді. Таланттарды сыйдыру қиын ғой. Олар қоғамда болып жатқан дүниелерге бейжай қарамайды, ондай тақырыптарды сахнаға алып келеді. Театрда еркіндік бар, бірақ бәрібір кішігірім кедергілер болып жатады.
– Театр тақырыбы қозғалғанда драматургтерді міндетті түрде атап өтеміз. Қазір көрермен танымына, заман ағымына сай жазатын драматургтер бар ма?
– Қазір драматургтер өз әлінше жазып жатыр. Ең көп қойылатыны – Қанат Жүнісовтің жазғандары. Жәнібек Әлкеннің де шығармалары біраз театрларда қойылды. Бірақ драматургия саласы сәл кенжелеу қалып тұр. Бұрынғымен салыстыруға келмейді. Бұрынғы драматургтердің еңбектері, тақырыптары қазіргі заман талабына сай ескіріп қалады, оны заманауи етіп өзгертіп қойып жатамыз. Кейде жақсы нәтижесін берсе, кейде бермейді, бермей қалуы мүмкін. Қазір керемет жазатын драматургтеріміз саусақпен санарлықтай. Роза апаларымыз бен Дулат ағаларымыздан басқа ауызға іліп алып айтатын адам аз.
– Қазіргі қазақ театрында қандай жанр басымырақ болуы керек?
– Өкінішке қарай, қазір біздің киномыз да, театрларымыз да кейде жеңіл тақырыптарды толқындатып жатады. Бірақ театр әлемінде дәл бір бағыттағы тақырып басымырақ болуы керек деген қағида жоқ. Өйткені 600 орындық болатын болса, сонша түрлі пікір айтылып жатады. Бірі комедияны, бірі драманы, трагедияны жақсы көреді. Сондықтан театрда репертуарлық саясатты ұстанған кезде балансты сақтау маңызды. Солардың арасында заманауи, классикалық шетелдік және отандық туындылардың бір жағы басым болып кетпеуі керек. Тек классиканы қойған театр – болашағы жоқ театр, өлетін театр. Негізі, қандай тақырып болса да ойланатын, ой салатын тақырыптар болғаны дұрыс.
– Театр мен кино екі бөлек сала болғанымен, бір-бірімен тығыз байланысты. Театрда шыңдалып, киноға кетіп жатқан актерлер қаншама? Оның басты себебі неде? Бұл театр актерлерінің әлеуметтік жағдайына байланысты туындап отыр ма?
– Иә, ең бірінші жалақыны айтып өтер едім. Театрда жалақының жағдайы сорақы. Ауылда тұратындар мұғалім, дәрігерлер Астанадағы актердің жалақысынан бірнеше есе артық алады. Театр актерінің бір айда алатын еңбекақы мөлшері – 130 мың теңге. Одан сорақысы, театрдағы өзге де қызметкерлердің жалақысын айтуға келмейді. Енді ұлттық театр болып жатырмыз, ол кезде өсетін шығар деген ойдамын. Күні кеше Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев келіп кетті. Жалақымыздың мөлшерін естігенде осы мәселені қозғайтынын айтқан болатын. Әзірге тыныш. Бұған қарап мәдениетке деген көзқарасымызды аңғаруымызға болады. Бірақ нағыз өнерсүйгіш таланттар жалақыға қарамай театрға келеді.
Өзім бір сұхбатымда да айтқан едім. Маған медицина жайында түсіріліп жатқан сериалға бір рөлді ұсынды. Мен күніне 1000 доллар төлеуін сұрадым. Олар менің түскенімді қалап тұрғандарын айтып, 700 доллар ұсынды. Мен келіспедім. «Сіз театрда жүріп айына ондай жалақы алмайсыз, мойындаңызшы» дейді. Мен нағыз өнерде жүрген адаммын, өз-өзімді сатқым келмейді деп бас тарттым. Яғни, киноға келгенде театрды айырбастап кететін жағдайлар да болады. Менің өнер жолымда екі жағдай болды. Бірі «Сәкен Сұңқар» спектаклі қойылатын кезде кинодан да ұсыныс түсті. Амал жоқ, Сәкен болып ойнайтын рөлімді Сырымға беріп, «Жат» фильміне кеттім.
Екіншісі «Зере» спектаклі мен Эмир Байғазиннің «Өзен» фильміне таңдау қатар келіп қалды. Сол кезде де рөлімді Сырымға беріп, киноға кеткенім бар. Кейін көрермен де «Өзіңіз бірінші театр дейсіз, театрды тастап, киноға кеттіңіз ғой» деп жатты. Оның бәрі жаңағы тұрмыстық, әлеуметтік жағдайға кеп тіреледі.
– Қоғамда театр актерлерінің орны қандай? Болашақта қазақ театрының ахуалын қалай елестетесіз?
– Біріншіден, театр актерлері қазір қоғамда бағаланбайды. Иманғали Тасмағамбетов қала әкімі боп тұрған кезде бір жылда, бір айдың ішінде Қаллеки театрына 17 үй берген болатын. Бұл өнерді бағалағаны ғой. Ал қазір жастарымыздың бәрі үйсіз жүр. Қазір театр актерлерін белгілі бір шаралар болса ғана іздейтін болды. Тіпті, Өнер университеті, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын ақылы етіп қойды. Ақылы болған өнер ешқашан оңбайды. Ақысын төлесе, таланттысы да, талантсызы да бірдей оқи береді. Ал таланты бар, қаржысы жоқтар оқи алмай қалуы мүмкін. Өнерді сүйген таланттардың көбі шеттегі облыстарға да барып жатыр. Бірақ ол жақта да жағдай мәз емес. Ержан Қауланов бауырымыз Қостанайға, Павлодарға барды. Қазір қайда жүргенін білмеймін. Шет аймақтарда не режиссер жоқ, не өнер жоқ. Елестетіңізші, қай облыста режиссер бар? Маңғыстау театрында жалғыз Гүлсина бар еді, оның өзі бізге келді. Енді сол жақтағы театрдың жағдайы не болады? Иә, көпке топырақ шашып айтуға болмайды, мысалы, Қарағандыда Айдын Салбанов, Атырауда Мұқанғали Томанов, Гүлназ Қамысбаева, Жанат Тельтаев бар. Қостанайда Батырбек Шамбетов актерлікті бітіріп, режиссер болып жүр. Кәсіби режиссерлер саусақпен санарлық.
Қазақ театрының ахуалы құлдырап бара жатыр. Бұл мәселені Барзу Абдураззаков бірнеше жыл бұрын қозғаған. «Құтқаруға болады» деген пікірін айтқан. Кейбір мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда деңгейіміз жоғары, бірақ жас таланттарды қолдамасақ, былыққа батамыз. Спорт әлемінде қаржы бөлініп, шетелден маман, бапкер шақырып жатады. Мәдениетте де солай болуы керек. Досжан Жанботаев ағалар актерлік курсты оқып алып, бірінші Арқалықта, кейін Жезқазғанда театр ашқан. Содан, міне деңгейін қалай көтерді. Бүкіл фестивальдарды озық шықты. Орыстың білімі – білім, мойындауымыз керек. Екінші жоғары біліммен тегін оқытқан орыстар қазақтың талантты тұлғасын өзіне алып қалмақ болғанда «қазағым» деп еліне келді. Ал біз мұндай таланты бар адамды сыйдырмаймыз. Осындай ащы шындық айтылуы керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ