Қуғын-сүргін мен ашаршылықтың зардабын көп көрген халықтың бірі – қазақ екені даусыз. Зұлмат жылдардың қиындығын көзбен көрмесек те, оқып-біліп-ақ ол кезеңнің қандай ауыр болғанын аңғаруға болады.
Ленинградта атылған он екі қазақ
1,260
оқылды

1937-1938 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін кезінде Қазақстан ау­мағында құрылған лагерьлерге 5 миллионнан астам адам қамал­ған екен. Олардың арасында жер­гі­­лікті халықтың өкілдері де көп бол­­ған. Қазақстанда жүздеген мың адам жазаланып, 25 мыңы атыл­ған. Атылғандардың басым бө­лігі ұлт зиялылары болды. 

Сол бір зұлмат кезеңде, яғ­ни 1937-38 жылдары Ле­нинг­радта да жап­пай қуғындау бас­талған. Ле­нинград пен басқа өңір­лерде «зиянкес халық жаула­рын» ұстау туралы «айрықша» тап­сырма болғаны белгілі. 

Белгілі де белгісіз жандар

Сондай қуғын-сүргінге ұшы­ра­ған жандардың қатарында қазір есім­дері белгілі де белгісіз 12 қазақ бар. Олар Ленинградта атылып, бел­гісіз зиратта мәңгілік мекен тап­ты. 

Тұрғанбек Ахметов. 1905 жы­лы Қарағанды облысында туған, пар­тия мүшесі емес. ЛМУ-дың ас­пиранты. Ленинградта, 7 линия, 42 үй, 16 пәтерде тұрған. 1938 жыл­дың 28 қаңтарында ұсталған. 1938 жылдың 17 сәуірінде өлім жа­засына кесілген. 1938 жылдың 26 сәуірінде Ленинградта атылған. 

Ордабай Ағыбаев. 1908 жылы Оң­түстік Қазақстан облысында ту­ған, партияға мүше болмаған, ЛМУ-дың аспиранты. Ленинг­рад­та, Добролюбов даңғылы, 6/2 үй, 146 пәтерде тұрған. НКВД үш­тігі 1937 жылдың 4 қараша­сын­да ұстаған. 1938 жылдың 17 сәуі­рін­де 17-58-8, 58-10-11-бабы бойын­ша өлім жазасына кесілген. 1938 жыл­дың 26 сәуірінде атылған. 

Ғадылша Аяпбергенов. 1910 жы­лы Ақтөбе облысында дүниеге кел­ген, Партияға мүше болмаған. ЛМУ-дың аспиранты. Ленинг­рад­та, 7 линия, 42 үй, 14 пәтерде (жа­­­­тақхана) тұрған. НКВД үштігі 1937 жылдың 4 қарашасында ұс­тал­­ған. 1938 жылдың 17 сәуірінде өлім жазасына кесілген. 1938 жыл­дың 26 сәуірінде Ленинградта атыл­ған. 

Кәрім Бекенов. 1905 жылы Сол­түстік Қазақстан облысы Көк­ше­тау ауданы Қарағаш ауылында ту­ған. 1930-1937 жылдары ВКП(б) мү­шесі болған, ЛМУ-дың аспи­ран­ты. Ленинград қаласы, Доб­ролю­бов даңғылы, 6/2 үй, 142 пә­­­тер­де тұрған. 1937 жылдың 11 жел­­тоқсанында НКВД ұстаған. 1938 жылдың 17 сәуірінде өлім жа­засына кесілген. 1938 жылдың 26 сәуірінде Ленинградта атылған. 

Құсайын Бекентаев. 1896 жы­лы Қостанай облысы Жетіқара ау­данында туған. Партияға мүше бол­маған. КСРО ҒА тарих инс­ти­тутының кіші ғылыми қызметкері бол­ған. Ленинградта, 3 Июль кө­ше­сі, 40 үй, 82 пәтерде тұрған. НКВД үштігі 1937 жылдың 5 қа­за­нында ұстаған. 17-58-8, 58-10-11-бабы бойынша өлім жазасына ке­сілген. 1938 жылдың 26 сәуі­рін­де Ленинградта атылған. 

Мырза-Ғазы Исполов (Испу­лов). 1891 жылы Қос­танай облы­сын­да туған. Пар­тия­ға өтпеген. Қызылорда қала­сын­да тұрған. 1931 жылдың 18 қаң­тарында ұста­лып, 10 жылға ай­дауға жіберіледі. Белбалтлагта жа­засын өтеген. Медвежья Гора стан­циясына тұр­ған. 1937 жылдың 17 қазанында НКВД үштігі ұстап, 1938 жылдың нау­рызында өлім жа­засына кеседі. 1938 жылдың 9 сәуірінде Ле­нин­град­­та атылған. 

Сәдуақас Жармұхамедұлы Му­син. 1912 жылы Талдықорған об­лысы Андреевка ауданында туған. Партия мүшесі емес, Театр учи­лищесінің студенті. Ленингрда Мо­ховоя көшесінде, 34 үй, 12 пә­терде тұрған. 1937 жылдың 4 қара­ша­сында сотталған. 1938 жылдың 17 сәуірінде өлім жазасына кесіл­ген. 1938 жылдың 26 сәуірінде Ле­нинградта атылған. 

Мадияр Мұхамеджаров. 1909 жы­лы Солтүстік Қазақстан об­лы­сы Қызылту ауданында туған. Пар­тия мүшесі емес, Ауыл шаруа­шы­лығы институтының 5 курс сту­денті. Ленинградта, Карпов­ки­де, 32 үй, 16 пәтерде тұрған. 1937 жыл­дың 22 желтоқсанында ұста­ла­ды. 1938 жылдың 17 сәуірінде өлім жазасына кесілді. 1938 жыл­дың 26 сәуірінде Ленинградта атыл­ған. 

Шәкен Тәкежанов. 1912 жылы Қарағанды об­лы­сы Қоңырат ауданы 14 ауылда ту­ған. Партия мүшесі болмаған. Театр училищесінің студенті. Ле­нинградта Моховоя көшесі, 34 үй, 10 пәтерде тұрған. 1937 жылдың 22 желтоқсанында НКВД-нің ар­найы үштігі ұстаған. 1938 жылдың 17 сәуірінде өлім жазасына кесіл­ген. 1938 жылдың 26 сәуірінде Ле­­­­нинградта атылған.

Темір-Болат Телжанов. Омбы об­лысында туған. Комсомол мү­ше­сі, Қазақ мал шаруашылығы ғы­лыми-зерттеу институтының ди­­­­ректоры болған. Тұтқынға тү­сер алдында уақытша жұмыссыз болған. Ленинградта Турбинная кө­шесі, 2 үй, 75 пәтерде тұрған. 1937 жылдың 4 қарашасында НКВД-ның арнайы үштігі ұс­та­п, 1938 жылдың 17 сәуірінде өлім жазасына кесілген. 1938 жыл­дың 26 сәуірінде Ленинградта атыл­ған. 

Жүнісбек Тұрғанов. 1913 жы­лы Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы 9 ауылда туған. Пар­тия мүшесі емес. Театр учили­ще­сі­нің студенті. Ленинградта Мо­хо­вая көшесі, 34 үй, 10 пәтерде (жа­тақхана) тұрған. 1937 жылдың 4 қарашасында ұсталған. 1938 жыл­дың 17 сәуірінде өлім жа­за­сы­на кесілген. 1938 жылдың 26 сәуі­рінде Ленинградта атылған. 

Ерғали Жүсіпов. 1908 жылы Қос­танай облысында туған. Ком­со­мол мүшесі. Ленинград қала­­­сын­да 7 линия, 42 үй, 20 пәтерде (жатақхана) тұрған. 1938 жылдың 21 ақпанында НКВД-ның арнайы үштігі ұстаған. 1938 жылдың 17 сәуірінде өлім жазасына кесілген. 1938 жылдың 26 сәуірінде Ле­нинг­радта атылған. Міне, 12 қа­зақ. Бір жылы бір күнде атылған. Бірі – аспирант, бірі – студент, енді бірі – қызметкер.

«Не жазығы бар еді аға­лар­дың?»...

Бір жылда – 21 536 адам

Зерттеу деректеріне сүйен­сек, 1937 жылы Ленинград­та 19 370 адам атылса, 1938-де 21 536 жан ату жазасына кесілген. Жар­ты жыл ішінде қырық мың адам­ды өлім жазасына кескен. Олар­дың көпшілігі танымал ға­лым­дар еді. Тіпті, кейбірі түрме­дегі ауыр азапқа шыдамай көз жұм­са, кейбірі ауру тауып, сол жер­ден тірі шыққан жоқ.

Ұсталғандарды тергеу кезінде азап­тады, тіпті сот үкімі шық­қан­нан кейін де қинап ұстаған. Олар­ды әйелдерінің, балаларының тағ­­дырын талқандаймыз деп үркі­тіп-қорқытып, протоколға қол қоюға мәжбүр еткен. Қағазда не жа­зылғанын білместен, қол қой­ған­дар да болыпты. Кейбірін сот­тан кейін ақтап аламыз деп те ал­да­ған. Алданған. Түрмеде қор­лан­ған тағдырлар...

Жуырда «Ленинградтық мар­тиролог» кітабы қолымызға тиді. Жинақ 2008 жылы Санкт-Петер­бор­да шыққан. Онда 1937-1938 жылы «халық жауы» атанып, өлім жазасына келісілгендердің тізімі беріліпті. Арасында жоғарыда біз айт­қан он екі адамның да есім-сойы бар. 

Жинаққа тұтқындалушы Анна Алек­сеевна Павлованың 1937 жы­лы 20 сәуірде берген жауаптарынан үзін­ді келтіріпті. Ол Сталин мен НКВД-ға арнайы хат жазған. Хатында: «Сталин комедия ойнап отыр. Өзін халық көсемі санайды, бір­ақ елдің қалай тұрмыс кешіп жат­қанынан бейхабар. Мен Со­веттер одағын түрмеге теңедім, тіп­ті фашистік Германияның өзін­де халық бізден жүз есе артық тұра­ды» деп жазған екен. Турасын айт­қанда, ол өз жауабында: «ха­лық­тың бақытсыздығына кінәлі бір­ден бір адам Сталин деп санай­тынын» жасырмайды. 

... Ленинградта (қазіргі Санкт-Пе­терборда) Левашов ме­мо­риал­дық зираты (Левашовское мемо­риа­льное кладбище) бар. Бұл зи­рат өзге зираттарға ұқсамайды. Ағаш­тарға атылған жандардың суреті ілінген. Жерде қарағай бүр­шік­тері (шишкалар) мен қиыр­шық тастармен үйілген үйінділер жатыр. Тіпті, тура сол зиратта анық кімдердің жерленгені ту­ра­лы ешкім де нақты дерек айта ал­майды. Бұл құпия зираттың та­р­ихы 1937 жылдың қазан айы­нан басталған. Дәл сол жылы Қа­зан төңкерісінің 20 жылдық ме­рейтойын атап өткен еді. Қазан төңкерісінің мерекесі зұлым­дық­қа, сұмдық зұлматқа ұласты.

Жазықсыз жандар құрбан­дық­қа шалынды. «Ха­лық жауы» деген желеумен ал­ды­мен ұлт қаймақтары ұстала бас­­­тады. Соңыра жаппай «асыра сілтеуге» жол берді. 

Ленинградта 26 сәуірде атыл­ған қазақтардың кейбірі әлі күнге бел­гісіз. Жоқтаушысы жоқ. Кей­бірі­нің туыс-туғаны деректерін жи­нақтағанымен, нақты мәлі­мет­тер жоқтың қасы. Кейбірі туралы еш жерде айтыла да бермейді. 

Біз осы мақала арқылы жоға­ры­да аты аталған 12 қазақ азаматы ту­ралы деректерді ортаға тас­та­дық. Бәлкім, бұл азаматтардың ті­келей ұрпақтары немесе туыс-ту­ғандары табыла ма деген бір үміт. Егер табылып жатса, осы қо­рымға Қазақстан атынан ар­найы барып, туған жердің бір уыс топырағын салу да біздің буынның ұрпақтық парызы болар еді.

Мұнда эстон, еврей, армян жә­не басқа бірталай ұлттың аты­нан қойылған ескерткіштер бар. Қазақстанның жазықсыз атылған 12 азаматына сондай бір ескерткіш тақта немесе құлпытас қойылса де­ген ұсыныс жасағымыз келеді. 

Жылдар өтсе де зұлмат заман зар­даптары халық жадында. Мұн­дай қасірет енді қайталанбауға тиіс. Ал сол заманды еске алып оты­ру, тағзым ету – біздің пер­зент­тік парызымыз!

Гүлзина БЕКТАС