Сонда жүріп қазақстандық қобызшы Мақсат Медеубектен онлайн сабақ алған. Қазақ музыка өнеріне деген махаббаты оны ақыры Қазақстанға жетелеп алып келіпті.
Венгер қызы Богларка Фехер алты жасынан виолончельде ойнаған. Ол бірде Қазақстаннан келген «Тұран» этнографиялық ансамблінің концертіне қатысып, қазақ мәдениетіне бар жан-тәнімен ғашық болады. «Іс-шара түркі халықтарының V үлкен құрылтайы аясында ұйымдастырылған. Құрылтай екі жылда бір рет Венгрияның Бугац қалашығының (Bugac) жанындағы «Кишкуншаг» ұлттық саябағында өтеді және әлемдегі халықтық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды көрсететін ең үлкен форумдардың бірі. Бұл іс-шара маған қазақтың ұлттық аспаптарымен шырқалған әндерді тыңдағандағы әсерімді тілмен жеткізе алмайтындай керемет әсер сыйлады. Этникалық мотивтегі көмейден шыққан сырлы саздар мені өзіне еріксіз баурап алды. Концерттен әсер алғаным сонша, өмірім, көзқарасым түбегейлі өзгерді. Бұл елге міндетті түрде баруым керек деп шешім қабылдадым», – дейді Богларка. Ата-анасы перзентінің бұл шешімін қолдап, бетін қайтармайды. Венгерлік ару Қазақстанға баруға, сонда білім алуға біртіндеп дайындала берді. Венгрияда тұратын этникалық қазақ Оңайша Мандокиден қазақ тілі сабақтарын алды.
Оңайша Мандоки шәкіртіне Түркістандағы халықаралық қазақ-түрік университетіне шетелдіктердің грантпен оқуға түсуге мүмкіндігі бар екенін айтады. Осылайша, Богларка өзінің көптен күткен арманы қазақ еліне келуіне жол ашылып, Қ. Ясауи университетіне оқуға түседі. Бастапқыда университетте шетелдіктерге арналған дайындық курсын бітірді. Бір жыл бойы әртүрлі елдің студенттерімен бірге қазақ тілін үйренеді. Одан кейін өзінің қалауы бойынша Богларка «Дәстүрлі музыкалық өнер» мамандығы бойынша оқи бастады.
«Тілдерді үйрену маған өте оңай болды. Мені барлық жағынан қолдап, тілдік ортаны қамтамасыз еткен достарыма рақмет. Жалпы, қазақ тілі күрделі деп санайтындарға олай емес екенін айтқым келеді. Абай шығармаларын түпнұсқада оқығанымды мақтан тұтамын, венгр және қазақ тілдерінде ұқсас сөздер көп. Мысалы, кез келген қазақ венгр тіліндегі «кош» (қошқар), «сақал» (сақал), «аня» (ана), «алма» (алма), «керек» (маған керек), «кичи» (кішкентай), деген сөздерді түсінеді. Менің ойымша, адам неғұрлым көп тіл білсе, оның жаны соғұрлым бай болады. Ежелгі Рим тарихшысы және жазушысы Квинт Энниус Тацит өзінің үш жүрегі, үш жаны бар екенін айтты, өйткені ол грек, оскс және латын тілдерінде сөйлей алады. Шет тілдерін үйрену өзіңізге бірнеше жерде өмір сүруге, бірнеше жанға ие болуға және өз ойыңызды білдіруге көп мүмкіндік беру. Жеке өзім мектептен бастап ағылшын және неміс тілдерін білемін, қазір орыс тілін үйреніп жатырмын», – деп өзі туралы сыр ақтарды Богларка Фехер.
Қазақтың тілін ғана емес, домбырасы мен қобызын ұршықша иіретін шетелдік ару Венгрияның Кешег ауылынан шыққан. Биыл өзі қалаған мамандығы бойынша дипломын алатын бойжеткеннің арманы көп. Богларка Түркістан облысында түрлі концертте өнер көрсететін Е. Кәумбаев басқаратын «Сарқыт» ансамблінде ойнайды. Кейіпкеріміз «Қобыз дыбыстары сиқырлы күшке және ерекше жұмсақ тембрге ие», – дейді. Богларканың өзінің тапсырысы бойынша жасалған қобызы бар. Ол әйгілі композиторлардың шығармаларын орындап қана қоймай, өзі де ән жазады. Орындайтын күйлерінің бірқатарының авторы өзі. Ол келешекте өз елінің тұрғындарын қазақ халық музыкасымен және ұлттық мәдениетімен таныстырғысы келетінін айтады. Мысалы, оның репертуарында «Дала ірімшігі» күйі бар. Бұл – ел мен халықты сүюге арналған өте әдемі әуен.
Университетті тәмамдаған соң Отанына оралатынын айтқан ол, онда отбасын құрып, жұмыс істеп, қазақ мәдениетін насихаттауды жоспарлап отыр. Богларка Қазақстан мен Венгрия арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға өз үлесін қосуды жоспарлап отыр. Бірақ оның жүрегінде Қазақстанға деген сүйіспеншілік мәңгілік өшпейтінін, болашақта балаларын Түркістанға әкелуді армандайтынын жеткізді. Көз алдында ежелгі қаланың өзгеріп, жаңа кейіпке енгеніне қуанады. «Бүгінде Түркістан барлық қазақстандықтың мақтанышы, түркі әлемінің рухани астанасы» дейді ол.
Өткен жылдың соңында Богларка қазақ мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін Президент Қ. Тоқаевтың атынан алғысхат пен төс белгі иеленді. Сонымен бірге шетелдік кейіпкеріміз Қазақстанда болған 5 жылында халықтық рәсімдерді көруге болатын түрлі мерекеге қатысып, салт-дәстүрімізге қаныққанын, үйлену тойларына, бесікке және басқа да отбасылық іс-шараларға шақырылғанын айтады. Оған қазақтың жаңа туған нәрестенің атын таңдағанда мағынасына үлкен мән беретіні ұнайды.
Біз қазақ мәдениетіне осынша ғашық қызға сүйсініп, ақ жол тіледік.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы