БҚО ТЖД бастығының міндетін атқарушы, полковник Руслан Қасыбаев Орал қаласы тұрғындарына үндеу жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Үндеуді batystoday жариялады.
"Құрметті Орал қаласының тұрғындары мен қонақтары! Қазіргі таңда Орал қаласы қауіпсіз аймақта. Өйткені судан құтқару шаралары алдын ала жасалды. Десе де Жайық өзенінің көтерілуіне байланысты өзен жайылымында орналасқан саяжайларды су басты. Орал қаласындағы су басудың қауіпті деңгейі 8,5 метр. Ал саяжай жақтағы қауіпті деңгей 6,5 метр. Сол себепті сәуір айының басынан саяжай тұрғындары алдын ала қауіпсіз жерге көшірілді. Әсіресе, 1,2,3 Саяжай, Венера, Речник, Стеновик және тағы басқа серіктестік тұрғындары қауіпсіз аймаққа жеткізілді. Эвакуациядан бас тартқан азаматтар құқық қорғау қызметкерлерінің күшімен көшіріліп жатыр. Осыған байланысты көшуден бас тартқан тұрғындарды құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар қызметкерлері мәжбүрлеп эвакуациялайды. Уақытша орналастыру орындары, қажеттінің барлығымен қамтылды. Келушілерді қабылдауға дайын. Өзіңіздің және жақындарыңыздың өмірін қатерге тікпеңіз!"