BBC News сайтында құбыр суын тазартуға арналған сүзгілердің пайдасы мен зияны зерттелген мақала жариялады. Осы материалға сүйенген Aikyn.kz тұрмыстық су сүзгілері ауыз суды қаншалықты тазалайтынын талдайды.
АҚШ тұрғындарының жартысы құбыр суы ішуге қауіпті екенін айтады. Фото inosmi.ru сайтынан алынды
Күнделікті құбырмен ағып келетін ауыз суда кездесетін зиянды бактериялар немесе паразиттерден тазартуда тұрмыстық сүзгілер кеңінен қолданылып келеді. Шима Чин-Си ханым құбырдағы суды тазартпай ішпейді, тамақ жасауға да қолданбайды. Ол отбасымен бірге Нортвичтегі (Ұлыбритания) үйіндегі тоңазытқыштың есігіне орнатылған сүзгісі бар су диспенсерін қолданады. Ал үйден шыққанда өзін-өзі тазалайтын сенімді бөтелкесіндегі суды қолданады. Бөтелкенің қақпағына орнатылған ультракүлгін чип суды зарарсыздандырады.
«Сүзілген судың дәмі жақсырақ. Мен құбыр суындағы химиялық заттардың иісін және дәмін сеземін», – дейді Чин-Си.
Кейбір адамдар оның көзқарасымен келіспейді, оның ішінде Чин-Сидің күйеуі де бар. Бірақ Чин-Сиді қолдайтындар аз емес. Коммерциялық емес Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жұмыс тобы АҚШ-та тұратын 2800 адамға сауалнама жүргізгенде, олардың жартысы құбыр суы ішуге қауіпті екенін айтқан, ал 35%-ға жуығы суды сүзгіден өткізіп қана ішетін болған.
Құбырмен келетін ауыз суда зиянды бактериялар немесе паразиттер болуы мүмкін. Фото etrlabs.com сайтынан алынды
2023 жылы Ұлыбританияда 500-ден астам адам арасында жүргізілген Tappwater сүзгісін шығаратын швед компаниясының сауалнамасына сәйкес, тұтынушылардың 42%-ы «құбыр суының дәміне сенбейді немесе ұнатпайды». Респонденттердің төрттен бірі «құбырдағы су таза емес» деп санайды және олардың негізгі алаңдаушылығын ластаушы заттар, химиялық қоспалар мен бактериялар туғызған. Нәтижесінде лондондықтардың жартысынан көбі (54%) су сүзгісін қолданатынын айтқан.
Су сүзгілерін қолдану Солтүстік Америкада, Еуропада және Қытайда өсіп келеді. Әлемдік су тазартқыштар нарығы 2022 жылы 30 миллиард долларға бағаланған және 2030 жылға қарай 7%-дан астам өседі деп күтілуде.
Қолданушылардың айтуынша, суды сүзгілеу токсиндер мен патогендерді жоюдан бастап, қаттылықты азайтуға, иіс пен дәмді жақсартуға дейін әртүрлі артықшылықтар береді.
Сүзгілеу токсиндер мен патогендерді жояды, судың қаттылығын азайтады, иісі мен дәмін жақсартады. Фото aquashop.com сайтынан алынды
Сүзгіден өткен су құбырдағы сумен салыстырғанда пайдалы ма?
Бүгінде сүзгілердің көптеген түрлері бар: құмыра сүзгілері, құбырға орнатылатын сүзгілер, үстел үсті немесе тоңазытқышқа орнатылған тазартқыштар. Қарапайым құрылғылардың бағасы екі доллар болса, күрделі құрылғылар (мысалы, суды тұтынуды бақылайтын және су құбырындағы ақауларды анықтайтын Wi-Fi қосылған гаджеттер) бірнеше мың доллар тұруы мүмкін.
Сүзгілер жасалған материалдардың түріне қарай ерекшеленеді және суды басқа молекулалардан бөлу үшін әртүрлі технологияларды пайдаланады – адсорбция, ион алмасу, кері осмос және механикалық бөлу.
Түрлі сүзгілер әртүрлі тазарту мақсаттарына қызмет етеді. Ең бастысы ауыз суды ішек таяқшалары мен Legionella сияқты бактериялардан тазарту. Ластанған су диарея тудырады, алдын алуға болатын бұл ауру жыл сайын миллионға жуық адамның өліміне себеп болуда, олардың жартысына жуығы бес жасқа дейінгі балалар.
Көптеген елдерде ауыз су мәселесі әлі де күрделі. Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images
Батыс әлемінде ауыз су сапасы жоғары деңгейде реттелген және әдетте қауіпсіз деп саналады. Мысалы, АҚШ-та су жеткізуші компаниялардан су сапасының қатаң стандарттарына сай болуы және қоғамдық ауыз суда болуы мүмкін 90-нан астам ластаушы заттардан тазарту талап етілетін заң бар.
Ұлыбританияда тұтынушылардың үйіне жеткенше су сүзгілеудің бірнеше циклінен өтеді, содан кейін ультракүлгін дезинфекция және хлорлау жүреді.
Британ елі 2022 жылғы Экологиялық өнімділік индексінде ауыз су сапасы мен санитария бойынша әлемде бірінші орынға шықты.
АҚШ-та су жеткізуші компанияларға су сапасына қатысты қатаң талаптар қойылған. Фото filter.ru сайтынан алынды
Ескірген, тот басқан құбырлар да үлкен мәселе туғызады. Ескі су құбырларында улы қорғасын болады. Сондықтан сүзгілер судан қорғасынды кетіру үшін де пайдалы болуы мүмкін.
Сарапшыларды алаңдататын ағын судағы токсиндердің бірі – бұл PFAS деп аталатын 15 000-нан астам жасанды химиялық заттар тобы. «Мәңгілік химиялық заттар» деп аталатын PFAS қоршаған ортада ыдырамай сақталады, қатерлі ісік, бауырдың зақымдануы сияқты әртүрлі аурулар туғызады.
Мысалы, 2023 жылы Англияның 18 су компаниясының 17-сінен алынған ауыз су үлгілерінен кем дегенде бір PFAS анықталған. АҚШ-та PFAS ағынды судың 45%-ында кездеседі, әрбір 10 адамның алтауы химиялық заттардың әсеріне ұшырайды. Тұрмыстық сүзгілер осы зиянды химиялық заттарды жоюға көмектеседі.
Химиялық заттар қатерлі ісік, бауырдың зақымдануы сияқты аурулар туғызады. Фото mk-hakasia.ru сайтынан алынды
Сүзгілер судағы зиянды химиялық заттардан тазалау үшін пайдалы болғанымен, кейде олар пайдалы минералдарды да ұстап қалады. Оларға магний мен кальций, сондай-ақ темір мен марганец жатады, олар суды жұмсарту кезінде жойылады. Сүзгілер кейбір елдерде тіс жегісімен күресу үшін кран суына қосатын фторды да өткізбейді.
Сүзгіні пайдаланып отбасыңыздың, балаларыңыздың денсаулығын сақтайсыз. Фото celitel05.ru сайтынан алынды
Қазір сүзгіленген суға пайдалы минералдарды қайта қосатын реминерализацияға арналған арнайы картридждері бар сүзгілер де сатыла бастады. Кейбір адамдар сүзгіден өткен суға бір шымшым теңіз тұзын қосады, бірақ тұздың жоғалған минералдарды толтыруда тиімді екендігі туралы ешқандай ғылыми дәлел жоқ.
Су сүзгілерінің тағы бір кемшілігі – олар кейде көп зиян келтіруі мүмкін, әсіресе картридждер уақытында ауыстырылмаса.
Атап айтқанда, сорғыш тәрізді белсендірілген көмір сүзгілері жағымсыз бактериялар үшін көбею алаңына айналады. Қолдану ережесінде жазылған мерзімнен ұзақ уақыт сүзгіні пайдаланбаңыз. Ондай сүзгі – денсаулыққа зиян.
Егер сіз құбыр суы ішуге, тағам әзірлеуге жарамсыз деп ойласаңыз, отбасыңызға ыңғайлы және құбырдағы судың құрамындағы ластаушы заттарды тиімді кетіретін дұрыс сүзгіні табу керек.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мекемелерінің мамандарын шақырып немесе өзіңіз су сынамасын зертханаға апарып тексертіп, үйіңіздегі құбырдан келетін судың құрамын анықтап, соған сәйкес сүзгі алуға кеңес береміз.
Бұл – отбасыңыздың, балаларыңыздың денсаулығын сақтауға көмектеседі. Бірақ ең бастысы – сіз міндетті түрде сатып алған сүзгіңіздің сертификаты бар екеніне көз жеткізіңіз.