Сот алқабилердің қатысуымен өтіп жатыр.
Павлодар облысы әкімінің орынбасарын бопсалау ісі: сотталушы әйел "заттай айғақты" көрсетті
Фото: ratel.kz
701
оқылды

Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Батырғожиновты аса ірі көлемде бопсалады деп айыпталған 39 жастағы павлодарлық әйелдің ісі бойынша сот отырысы басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Сот алқабилердің қатысуымен өтіп жатыр. 

Айыптау актісінен сотталушы К. жәбірленушімен былтыр сәуірде әлеуметтік желі арқылы танысқаны белгілі болды. Әйел мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар санатындағы тұрғын үйге кезекте тұрған.

"2023 жылғы 19 мамырда сағат 18:30 шамасында Батырғожинов Павлодар облысы әкімдігінің қызмет кабинетінде К.-ні қабылдады. Кейін Батырғожинов пен К. байланыста болып, 2023 жылғы мамыр-қыркүйек айлары аралығында әкім орынбасары 50-ден 160 мың теңгеге дейін материалдық көмек беріп келген. Қыркүйектің аяғында  К. Батырғожиновтан ақша сұраған, ол бас тартқан. Осы сәтте әйелдің облыс әкімінің орынбасары лауазымындағы Батырғожиновты бопсалауға бағытталған қылмыстық ниеті пайда болды. К. қылмыстық жоспар әзірледі, оған сәйкес ол Батырғожиновтан жұмыс орнында интим қатынас туралы шындыққа жанаспайтын мәліметтерді тарату түрінде психологиялық зорлық-зомбылық қолдану арқылы аса ірі мөлшерде ақша бопсалаған", – деді мемлекеттік айыптаушы Азамат Гарифулла.

Айыптау қорытындысы бойынша, 24 қыркүйекте сағат 17:00-де сотталушы әрекетке көшті.

"Әйел YouTube, Facebook, Telegram түрлі әлеуметтік желілерінде, Батырғожиновтың жұбайына жұмыс орнындағы жақын қарым-қатынастары туралы шындыққа жанаспайтын мәліметтердің тарату қаупін төндіріп, WhatsApp арқылы Батырғожиновпен хат алмасып, сол арқылы мәжбүрлі психологиялық қысым көрсеткен. Әрі қарай, айыпталушы жәбірленушіден 10 мың доллар талап етті. Батырғожинов К.-нің төндірген қаупінен сескеніп, жұбайымен ажырасу және мемлекеттік қызметтің беделін түсіру түрінде оның мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін екенін түсініп, К.-нің заңсыз өтінішін орындауға келісті және 27 қыркүйекте өзіне және оның жақындарына таныс арқылы масқара ететін мәліметтерді таратуда көрсетілген қауіп-қатерлердің салдарынан қорқып, шотқа 4,8 миллион теңге аударды", – деді прокурор.

Іс материалдары бойынша, павлодарлық әйел 6-14 қараша аралығында Павлодар облысы әкімінің орынбасарымен WhatsApp арқылы хат алмасқан, алайда ол кезде әйел Астанада болған.

"Жәбірленушіні ұятқа қалдыратын, атап айтқанда, олардың арасындағы интим қатынас туралы шындыққа жанаспайтын мәліметтерді таратамын деп Батырғожиновтан 20 миллион теңге беруін талап еткен", – деп атап өтті прокурор.

Сарапшының қорытындысына сәйкес, К.-нің хат-хабарларында жәбірленушінің жеке басына қатысты мәліметтерді тарату түрінде жанама түрде көрсетілген қауіп бар.

"Қосымша сот-психологиялық сараптама К.-нің хат-хабарларында ақша қаражатын беруге, жәбірленуші туралы өте жағымсыз мәліметтерді таратуға бағытталған ашық түрде айтылған сөздер бар екенін көрсетті. Осылайша, К. Қылмыстық кодекстің 194-бабы 4-бөлігі  2-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасады, яғни жәбірленушіні немесе оның жақындарын ұятқа қалдыратын мәліметтерді тарату қаупімен бөтеннің мүлкін алу туралы аса ірі мөлшерде талап қойды", – деп қорытындылады мемлекеттік айыптаушы.

Айыптау мәліметтері бойынша, 20 миллион теңгеге әйел өзіне баспана сатып алғысы келген.

Айта кетейік, айыпталушы өзінің кінәсін мойындамайды. Процесс барысында ол тағайындалған адвокаттың өзгертілуін өтінді, ол адвокатқа сенбейтінін айтты. Журналистермен әңгімелесу кезінде әйел жазғы белдемшесін көрсетті, ол облыс әкімінің кабинетіне осы киімді киіп барған. Ол бұл киімді айғақ деп санайды. 

Бұған дейін Facebook қолданушыларының бірі Батырғожинов павлодарлықты зорлады деп айыптаған болатын. Жазба авторының айтуынша, шенеунік "қызды полицияға шағымданбауға көндіре бастады, оны сыйлықтармен, ақша аударымдарымен және оған пәтер алуға көмектесуге уәде берген". Кейін ІІМ басшысы Ержан Сәденов журналистерге зорлау туралы арыз шынымен келіп түскенін, тіпті іс қозғалғанын айтты. Бірақ тексеріс кезінде зорлау дерегі расталмады және іс тоқтатылды.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Батырғожинов биыл 8 қаңтардан бастап ауруханада жатыр. Шенеунік Павлодарға Майқайыңнан оралғанда апатқа ұшыраған. Әкімдік өкілдері Батырғожинов отырған көлік кюветке ұшып кеткенін айтты. 

Айта кетейік, Серік Батырғожинов 60 жаста. 2023 жылғы қарашада Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары болды. Бұған дейін облыстың Қашыр, Ақтоғай, Ертіс, Тереңкөл, Баянауыл аудандарының әкімі қызметтерін атқарған.