Бүгін Бишімбаев ісіне қатысты сот отырысында судья Қуандық Бишімбаевтың телефонындағы бірнеше видеожазбаны көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Айтбек Амангелді судьядан Бишімбаевтың телефонындағы зорлық-зомбылық белгілері бар бейнежазбаны көпшілікке көрсетпеуді сұрады. Видео тараптарға көрсетілді.
Салтанат Нүкенова қаза табатын күні түсірілген бейнежазбаны көргенде ағасы Айтбек Амангелді көзіне жас алды. Адвокат Жанна Оразбахова да бетін қолымен жауып отырды.
Судья бейнежазбаны «Нүкенова жалаңаш, үстінде тек қара күрте бар. Ол еденда еңбектеп, диванның қасынан бірдеңе іздеп жүр» деп сипаттады.
Судья Айжан Құлбаева видеоның дауысын шығарғанда Бишімбаев Нүкенованы қатты балағаттағаны естіледі. Ол Нүкеновадан Райымбек Баталовпен байланысы туралы дөрекі түрде сұрап, мойындауын талап еткен.
Ал Бишімбаев «мұның бәрі монтаж, менің телефонымды бұзып, біреу енгізіп қойған. Бұл видео 9 қарашада түсірілуі мүмкін емес» деп жауап берді.