Эстрада жұлдызы екінші жұбайының намазхан екеніне қызығып, бірден тұрмысқа шығуға келісім берген. Алайда отбасы болғаннан кейін, түрлі қылық шығарып, тастап кеткен.
"Намазхан жігіттердің бәрі періште емес": Мөлдір Әуелбекова екінші күйеуі туралы шындықты айтты
801
оқылды

“Құрмет” орденінің иегері, әнші Мөлдір Әуелбекова тұрмыс құрмаған қыздарға кеңес айтып, жақсы жар таңдауға үндеді. Бұл туралы ол “Мамский әңгіме” подкастында айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Өнер иесінің айтуынша, намаз оқып, дін ұстанатын ер-азаматтардың бәрі жігіттердің төресі деген сөз емес екен.

“Дін деген адамның ішкі сенімі болғандықтан, намаз оқуым туралы көп жерде айтпайтын едім. Бірақ дәл қазір бөлісуді жөн көріп отырмын. Намазға келгеніме 9 жыл болды, себепкер әкем еді. Үйдегілердің бәрі – намазхан кісілер. Мен біздің жанұядағы намазға соңғы келгендердің қатарындамын. Ойлаңызшы, талай жыл өнерде жүріп намазға келу өте қиын еді. Әкем де "Қашан намазға жығыласың, ол – парыз ғой" деп сұрайтын. Мен сол кезде әкеме уәде бергем: "Алла қаласа тұрмысқа шығамын. Қалай шығамын, бірден жығыламын" дедім. 12 желтоқсан тойымыз болды, қаңтардан бастап бірден намазға жығылдым. Күнделікті намаздың қалай оқылатынын көріп жүрген соң оқу оңай болды. Өз ортамда намаз оқитынымды ешкім білмейтін. Өйткені мен солай болуы керек деп ойладым. Қазір барып намаз оқып келейін, тоқтаңдар!" демей, үндемей "бізде 5 минут уақыт бар ма? Қазір келемін. Күте тұрыңыздаршы" деп намазымды оқып келетін едім. Ол кезде көбі білмеген соң, орамал таққан кезде ғана намазға келді деп ойлады. Өйткені орамалды жасыра алмайсың", – деп әңгімесін бастады әнші.

 

Эстрада жұлдызы екінші жұбайының намазхан екеніне қызығып, бірден тұрмысқа шығуға келісім берген. Алайда отбасы болғаннан кейін, түрлі қылық шығарып, тастап кеткен.

“Намаз оқитын адамдар адал, қиянат жасамайды деп ойлайтынмын. Бірақ екінші некем маған арғы бетін көрсетті. Менің түйген ойымды жоққа шығарды. Екінші рет тұрмысқа шығатынымды білдім. Менің бірінші талабым – намазхан болуы шарт. Шариғат бойынша тұрмысқа шықтым. Намазхан жігіт қиянат жасамайды деп ойладым. Сол үшін, қыздар, тұрмыс құрмастан бұрын жақсылап танып алыңдар. 5 уақыт намаз оқиды, мені ұрмайды деп күйеуге тие салмаңдар. Намазхан жігіттердің бәрі періште емес. Асығыс шешім қабылдамаңдар! Менің қатемді қайталамаңдар!”, – деді өнер иесі.