Күннен-күнге азық-түлік қымбаттап жатыр. Ал жалақының аздығы көп нәрсеге қол байлады. Сондықтан бюджетті дұрыс басқара білсеңіз, мына кеңестер азық-түлікке жұмсалатын ақшаны үнемдеуге көмектеседі.
Азық-түлік сатып аларда ақшаны үнемдеудің жолы
378
оқылды

Ең алдымен дүкенге ашқарынмен бармаңыз! Ондай кезде азық-түлікті ақылмен емес, тез арада тамақ жеуді ойлайсыз. Ал ол артық шығынға әкеледі. Сол үшін үйден тойып тамақтанып шығыңыз. Уақытыңыз болмаса жол-жөнекей банан немесе алма жеп алған жөн. 

Екіншіден, қажет деген азық-түлік тізімін жасап алған жөн. Әйтпесе, супермаркетке кіргеннен қызығатын зат өте көп, соның бірін алып қана қоймай, қажетті азықты да алмай шығу мүмкін.  Егер дүкенге балаларыңызбен барсаңыз, үйден шықпас бұрын олардың алғысы келетін заттарын сұрап, тізімге қосыңыз. Ауладағы дүкенге бір зат үшін кіріп шықсаңыз да, соны ғана алуды әдетке айналдырыңыз.

Үшіншіден, міндетті түрде өнімдердің жарамдылық мерзімін тексеріп алу керек. Кейде бағасы арзандатылып тұрған нәрсені үнемдеу үшін көп алып қоятынымыз бар. Ал оның кейбірінің жарамдылық мерзімі өтіп кетіп, жеуге жарамсыз болып қалуы мүмкін. Бұл қосымша шығынға әкеледі. Сол себепті қажетті өнімдерді алу үшін алдымен тоңазытқышта не бар, не жоғын көріп алған дұрыс. 

Ол үшін бір параққа үш бөлікке бөлінген кесте сызып, тоңазытқышқа іліп қойыңыз. Бірінші бағанға 2-3 күн сайын сатып алу керек азық-түлікті жазыңыз: мысалы, нан, ботқаға және шайға қосатын сүт және таңғы асқа қажетті жұмыртқа. Екінші бағанға 1-1,5 аптада алу керек өнімдерді қосыңыз: макарондар, ет өнімдері, тұздықтар (томат пастасы). Ал үшінші бағанды 1 ай немесе одан да көп уақытқа жететін өнімдерге арнаңыз. Бұл жерге жармалар, ұн, қант және т.б жатуы мүмкін. Содан соң тоңазытқыштағы азық-түлікті қарап, жарамдылық мерзімі өтуге жақын қалғанын сөренің алдыңғы жағына қарай ысырып, көзге көрінетіндей етіп қойған жөн. 

Дисконттық карталарды немесе купондарды ұмытпаңыз. Осы арқылы азық-түлікті жақсы жеңілдікпен алуға болады. Кей супермаркет желілері жинақтаушы жүйені ұсынады.

Бесіншіден, дүкенге жақсы көңіл күймен барған жақсы. Аяқасты қажетсіз заттарды алмайсыз. Оған қоса, көңіл күйіңіз жақсы болса, азық-түлікті асықпай қарайсыз. Сондықтан акциялық тауарларды көбірек табасыз. Одан кейін азық-түлікті таныс жерден алған жөн. Өзіңіз жақсы білетін супермаркеттің ішінде қай затты қай бөлімнен алуға болатынын білесіз. Әйтпесе, шаршап немесе асығып тұрғанда белгісіз дүкеннің ішін шарлап, іздеп жүріп қалуыңыз мүмкін. Салдарынан қажет емес, әрі қымбат зат алып шығуыңыз әбден мүмкін.

Жетіншіден, жеміс пен көкөністі базардан алыңыз. Қалаңыздан демалыс күндері өтетін жәрмеңке тауып алып, алған дұрыс. Себебі супермаркеттерге қарағанда мұндай жерлерде жеміс-жидектің жаңа піскен түрі көп, әрі бағасы да қолжетімді болады. Соңғы кеңес, кей өнімді артығымен алыңыз. Мысалы, қажетті деген жармаларды, макарондарды, ұнды және дәмдеуіштерді үлкен қаптамада алған жөн. Сол секілді үй жинауға және гигиенаға арналған тауарларды да көп мөлшерде ұсынылған түрін алыңыз. Өйткені кішкентай қаптамадағы азық-түліктен гөрі оның үлкені сәл арзанырақ шығуы мүмкін. Алсаңыз, бұл өнім көпке дейін жетеді.