Премьер-Министр облыс орталығындағы тұрғын үй алаптары бекіністерін тексеру кезінде Атырауда су тасқынының болжамды екінші толқынына дайындық жұмысымен танысты. Еліміздің батыс өңірінде Ресейдің Ириклин су қоймасынан судың келуіне байланысты, сондай-ақ Жайық өзеніне құйылар сағадағы ірі тасқын мен су деңгейінің көтерілуі салдарынан жағдай күрделі болып отыр. Бұл аймақтағы ірі су тасқынынан кейін ағын су өзен арнасымен Атырау облысына қарай жылжып, Каспий теңізіне құяды. Соңғы тәулікте БҚО бағытынан келетін судың әсерінен Атырауда су деңгейінің 6 см-ге көтерілгені тіркелді (су тасқыны басталғаннан бері жалпы көтерілуі 227 см болды). Тұрғын үй алаптарын нығайту, сондай-ақ Жайықтың өткізу қабілетін арттыру үшін өзен түбін тереңдету жұмысы, тиісті күштердің көлемді судың келуіне дайындық деңгейі тексерілді.
Бүгінде су тасқынының алдын алу шаралары 92% орындалды. Жұмысты тиімді жүргізу үшін қала 111 секторға бөлінген. Ұзындығы 482 шақырым қорғаныс бөгеттері салынды, аяқталған учаскелер техникалық тұрғыда тексеріліп жатыр. Бұл жұмыстарға ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұланның 6 мыңға жуық әскери қызметшісі, әкімдік қызметкерлері, 2 мыңға жуық техника жұмылдырылды. Еріктілер тарапынан белсенді көмек көрсетілуде. Өткен сенбіде жағалауды нығайту сенбілігі аясында қаланы қорғау жұмысына 9 мыңға жуық ерікті қатысты. Жайық өзенінен Каспий теңізіне су өткізу қабілетін арттыру үшін өзен түбін тереңдету жұмысы жүргізілуде. Су жолдарын тазарту, тереңдету және кеңейту мақсатында арнайы техникалық флоттық кемелер, гидравликалық экскаваторлар қолданылып жатыр.
Сонымен қатар суару-суландыру жүйелерінде су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізілуде. Атырау облысында 15 каналдың 14-і Жайық өзені бойында орналасқан. Төрт жүйеде (Соколок, Нарын, Черная речка, Бақсай) тасқын судың өздігімен ағуына мүмкіндік бар. Осыған байланысты суды бұру үшін жер бедерін пайдалану мақсатында арналар тазартылып, каналдың жиегі бұзылады. Мысалы, NCOC компаниясы қолданыстағы құрылыстарды бөлшектей отырып, ұзындығы 24 шақырым болатын «Соколок» қосымша айналма арнасын салу үшін жерді қазу жұмыстарын жүргізуде. Жалпы алғанда, аталған су бұру арналары тасқын суды 139,9 м3/сек ағызу мүмкіндігіне ие. Барлық негізгі су қабылдағыштарда сорғы стансаларының қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқаруда.
Айта кетейік, қауіпті аймаққа Жарсуат және Құрылыс елді мекендері кіреді, бұл аумақта 10,5 шақырым бөгет орналасқан. Қазір бұл аумақта арнайы техникалар арқылы бөгеттер тұрғызылған. Сондай-ақ су басу қаупі бар Индербор, Елтай, Есбол, Көктоғай, Бөдене, Өрлік және Ынтымақ ауылдарында бөгеттер көтеріліп жатыр. Индер, Махамбет, Исатай және Құрманғазы аудандарында жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар су тасқынынан зардап шеккен Жылыой ауданында ТЖ зардаптарын жою жұмыстары жүріп жатыр. Электр және газбен жабдықтауды қалпына келтіру жалғасады. 201 үйде газ беру қалпына келтірілді, 41 үйде дезинфекциялық жұмыстар аяқталды. Зардап шеккен тұрғындарға баспананы уақытша жалға алу үшін және басқа мақсаттарға 100 АЕК мөлшерінде қаржылық көмек көрсетіледі, 3 271 отбасы төлем алған. Залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия жұмысын жалғастырып жатыр.
Асыл ТҰМАР