Жаңа орталықта еліміздің кез келген тұрғыны ауыл шаруашылығының түрлі бағыттары бойынша теориялық білім алып, практикалық дағдыларды үйренеді. Жоба жұмысы мен келешегі туралы «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиевпен сұхбаттасып, көкейдегі бірқатар сауалға жауап алдық.
− Эльдар Тынышбайұлы, сұхбатымызды елдегі төтенше жағдайдан бастағым келіп отыр. Су тасқынының басты себептері неде? Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсынған партия ретінде Үкіметтің жұмысын қалай бағалайсыздар?
− Қазіргі Премьердің келгеніне көп болған жоқ. Осы салаға жауап беретін Премьердің бірінші орынбасары Роман Склярға көптеген сын айтылуда. Оның объективті, субъективті себептері бар деп ойлаймын, Р.Склярдың жұмыс ауқымын қарайтын болсақ, өте ауқымды. Әрине, жаңадан құрылған Су министрлігі бөгендер салып, су тасқынан қорғауға міндетті. Дегенмен қазіргі жағдай жергілікті атқарушы органдардың құзіретіндегі мәселе, солардың жауапкершілігі. Өзім де Үкіметтің жиналысына қатысқанымда өңір әкімдерінің су тасқынына дайындық туралы есебін тыңдадым. «Бәрі тап-тұйнақтай, жеке бақылауымызда» деген есептер айтылған еді.
Ал қазір негізінен ауыл-аудандардың су астында қалғанын байқап отырмыз. Екінші жағынан, ауыл әкімдерінде су тасқынынан қорғанатын жүйелі жоспар болған жоқ, оған бюджет те жоқ. Тіпті, қайық пен етік те болмаған. Сондықтан ауыл әкіміне өз ауылын қорғау үшін бюджет пен құзірет беру керек. Бұл тек су тасқынына ғана емес, көптеген мәселеге қатысты. Ауылының мәселесін әкімдердің өзінен артық ешкім білмейді. Астанадан біреу келіп, бүкіл мәселесін шешіп береді деп қол қусырып отырмауы керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі су басқан бірнеше аймақты аралады. Тұрғындармен кездесті. Төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңестер өткізіп, ел халқына үндеу жасады. Президент мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмағанын, бұл көлемі жағынан соңғы 80-жылдағы ең ірі табиғи апат екенін айтты. Расында да, бірнеше өңірді қамтитындай алапат су тасқыны болғаны есте жоқ. Содан да болар, бұрынғы қалыптасқан ирригация, тасқыннан қорғану жүйесін жоғалтып алған секілдіміз. Судың тілін білетін, қашан, қайдан және қандай көлемде келетінін болжайтын мамандар да азайып кетті. Көптеген қалаларда судың келіп-кететін орындарына жаңа үйлер салып тастағаны айтылуда. Өзім өскен Атырау облысында Жайықтың қызыл суынан қорғанатын үйінділер болатын, оның бәрін тегістеп тастады. Жалпы, су тасқынынан қорғануға байланысты түбегейлі бетбұрыс керек деп есептеймін.
Соңғы деректер бойынша, су тасқыны басталғалы бері 5 800-ден астам үйді, 18 мыңнан астам саяжайды, 1 мың аула мен 91 ғимаратты су басты, ел бойынша 119 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Оның 44 мыңы – бала. Дегенмен 31 112 адам өз үйлеріне қайтып оралды. Әлі 8 566 адам, оның ішінде 3 718 бала эвакуациялау пункттерін паналап отыр.
Су тасқынының зардаба аз болмай тұр. Бұрананың жан бағып отырған малы мен көліктері суға ағып кетті. Оның біразы кредитке алынған дүние еді. Үкімет зардап шеккендерге келтірілген барлық залал өтелетінін, материалдық шығынды мемлекет жабатынын мәлімдеді. Бұл – дұрыс шешім. Қалай болғанда да, су тасқыны – жеке адамның емес, жергілікті атқарушы органның жұмысының нәтижесі. Халық бұдан зардап шекпеуі керек. «AMANAT» партиясы да өз жауапкершілігін түсінеді, көптеген ауыл-аудан әкімдері мен депутаттар – біздің партия мүшелері. Сондықтан партия жұмысында су тасқыны мәселесіне көп көңіл бөлу керек, депутаттар өзекті мәселелерді көтеруі керек. Бұл жерде әкімдерді сөгіп-қаралауды емес, керісінше бас қосып, кемшіліктерді мойындап, соны түзету жолын іздеуді ұсынамыз.
– Негізгі сұрағымызға оралсақ, партия бастамасымен Қазақстандағы алғашқы «Агросауат» оқу-әдістемелік орталығы ашылып отыр. Мұны «Қарызсыз қоғам» жобасының жалғасы деуге бола ма?
– Иә, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов «Қарызсыз қоғам» жобасының екінші кезеңін бастау туралы тапсырма берді. Өздеріңіз білесіздер, елімізде қарызын 90 күннен артық төлей алмай жүргендер саны 2 миллионға жақындады. Бұл Қазақстан халқының 10 пайызын, экономикалық белсенді азаматтардың 20 пайызын құрайды. Үлкен мәселе! Себебі 2 млн адам банкке қарыз, картасына түскен ақшаны банк алып қойғандықтан жалақысын қолма-қол беруді сұрайды. Оған жұмыс берушілер басын ауыртқысы келмейді. Осылайша, несие құрсауындағы адамдар өз мәселесімен бетпе-бет қалды.
Біз «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы бірінші кезекте халықтың қаржылық сауатын ашатын оқу курстарын өткіздік, дегенмен бұл олардың қарызынан құтылуға нақты көмегін бермей отыр. Сондықтан екінші кезеңде пилот ретінде Меркі ауданында «Агросауат» орталығын ашып, нақты дағдыларды үйрету арқылы қарыздан құтылуға көмектесетін мүмкіндіктер ұсынбақпыз. Себебі адамның табысын көбейту оның білім деңгейіне тікелей байланысты.
Сонымен бірге партия жанынан барлық жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіретін Тұтынушы кооперативі құрылады. Тұтынушы кооперативінде құлпынай, таңқурай, қант қызылшасы, жем-шөп, сүт өнімдері, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы секілді әр бағытқа жеке-жеке ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Осылайша, Тұтыну кооперативі тыңдаушыларға сабақ өткізеді, керек-жарағын береді, қадағалайды және өндірген тауарын сатуға да көмектесетін болады. Ең бастысы, өтімділігі жоғары өнімдер мен бағыттарды таңдадық. Себебі сатқанда сұраныс болу керек.
– Меркі ауданы қандай артықшылығымен іріктеліп алынды? Одан басқа қандай өңірлер қаралған еді?
– Мұндай орталық ашу идеясы қайдан келгенін түсіндірейін. Біздің сарапшылар елдегі әрбір ауылдық округке скрининг жүргізіп, экономикалық перспективасына талдау жасап шықты. Скринингтің мақсаты – тауарлық массаны көбейту еді. Біз қазір әрбір ауылда жеке қосалқы шаруашылықтардың қанша тауарлық масса жасағанын, неше тонна өнім жиналатынын көріп отырмыз. Бұл өнімдерді көбейтудің келешегі бар ма, тауар сақтайтын орын бар ма, оны сатып алатын нарық бар ма – скринингтің көрсеткені осы.
Осылайша, Меркі ауданында 9 бағытта тауар өндіріп, адамдардың табысын көбейту мүмкіндігі барын анықтадық. Қазір сол 9 бағыт бойынша орталықта оқыту басталып кетті. Бір отбасының мысалында көрсетсек, олардың 1,5 млн теңге қарызы бар және 10 сотық жері бос жатыр. Соған көп сұранысқа ие құлпынай өсіру жолдары үйретіліп жатыр. Бұл бизнесті бастап кетуге бар жағдай жасалады. Дәрістен кейін, құлпынай сортының көшеттері 4 мың дана, пленка, тамшылап суару жүйесі, гербицид, пестицид секілді 2 млн теңгеге жуық құралдар тауарлық несие ретінде беріледі. Оған қоса, агроном мамандар ақыл-кеңесін береді. Ауданның табиғатын ескерсек, бір жылда 5-6 рет өнім жинауға болады. Бір маусымда 3-4 тоннаға жуық өнім өседі. Осылайша, табыстың жартысы қарызды өтеуге жіберілсе, 25 пайызы – құрал-саймандар ақысын өтеуге жұмсалады, ал қалған 25 пайызы өзіне қалады. Бұл жердегі басты принцип – балық емес, қармақ беру! Қарызды жай ғана кешіре салу ұзаққа апармайды. Халық нақты кәсіпті үйрену арқылы тұрақты түрде табыс таба алуы шарт.
– Бұған дейін сіз жұмыс істеген «Атамекен» палатасында «Бастау бизнес» жобасы болды, кейінірек «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске қосылды. «Агросауаттың» алдыңғы жобалардан нақты айырмашылығы неде?
– Иә, кезінде «Бастау» бағдарламасын да өзіміз бастама етіп ұсынған едік. Онда кәсіпкерліктің негізі үйретілетін, банктегі тиімді несиені алу жолдары оқытылып, бизнес-жоспар жасалатын. Мысалы, тұрғындардың бірі шаштараз ашқысы келсе, айналада қанша халық тұрады, нешеуі ер, нешеуі әйел, қандай бағыттағы шаштараз ашу жолы қаралатын. Дүкен ашу керек болса, ауылда тұрақты табыс алатын бюджеттік қызметкерлер мен зейнеткерлер санын есептеу сияқты үлкен көмек берілетін. «Бастауды» оқып шықпайынша, несие берілмейтін.
Ал қазір «Ауыл аманатына» байланысты халықты оқыту жүйесі жоқ. Бұл үлкен кемшілік деп есептеймін және соған байланысты оқу орталықтарын ашып жатырмыз. Онда кәсіпкерліктің негізі емес, құлпынай өсірудің технологиялық жүйесі, қант қызылшасын өсіру, мал бордақылау секілді керекті дағдылар үйретіледі. Негізгі айырмашылығы – осында. «Бастау» бағдарламасында мұндай дағдылар үйретілген жоқ, оның кемшілігі сол деп ойлаймын. Қазір сол кемшіліктің орнын толтырып отырмыз.
Ең басты нәрсе – «Ауыл аманаты» мен «Қарызсыз қоғам» жобасының келесі кезеңі болуы, бір-бірін байланыстыруы. Осы жүйені құрып алсақ, кепілі бар адамдарға да, қара тізімдегі адамдарға да көмектеседі. Сондықтан екі жобаны біріктіреді дегенім сол, бара-бара «Ауыл аманаты» жобасының ережелеріне тиісті өзгерістер жасап, 90 күннен астам қарызы бар адамдарды да қаржыландыруға байланысты үлкен бағдарлама қалыптасады деп ойлаймыз.
– Неліктен ауыл шаруашылығы саласына басымдық беріп отырсыздар?
– Оны жоғарыда айтқан скрининг көрсетіп отыр. Қазір «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша халықтың 80 пайызға жуығы жеңілдетілген несиені мал алуға жұмсаған. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігімен бекітілген жаңа ережеде 50 пайызға дейінгі шектеу бар. Мемлекеттік орган несиенің жартысын өсімдік бағытына бағыттағысы келіп отыр. Бірақ халықтың басым бөлігінің оған байланысты тиісті дағдысы қалыптаспаған. Міне, сол үшінде оқу орталықтарын ашу маңызды.
Тұрғындардың мал шаруашылығын ата-бабадан қалған дәстүрлі кәсіп ретінде таңдайтыны анық. Бірақ оның шығыны мен табысын есептеп жатқан адам аз. Себебі технологиялық карта бойынша, малдың салмағы күніне 800 грамм–1,5 келіге дейін өсіп отыруы керек. Сонда ғана мал бағу табысты болады. Көзімізбен көрдік, кейбір ауылдарда малды қамыстың ұнтағымен асырап отыр. Бұл жүйе ауыл адамының табысын көтеруге мүмкіндік бермейді. Сондықтан халықты оқытып, дұрыс бағыттауымыз керек.
Қазір ауыл адамдары өз өнімін өздері сатып жүр – жол бойында тұрады, базарға барады. Енді дүкен сөрелеріне жете алмай отыр, ол үшін сертификаттау керек. Тауар өндіруді көбейткен соң, болашақта кездесетін ең басты проблема – сертификаттау мәселесі болмақ. Соған байланысты ауыл өнімдеріне жеңілдетілген сертификаттау жүйесін жасауды ұсындық. «Ауылда жасалған» деген бренд жасасақ, қалалықтар қуана-қуана сатып алады деп ойлаймын. Себебі ол тауарлар қазір де таныс арқылы өз араларында сатылып жүр.
Сертификаттау орталықтары ауылдарға өздері барып, жағдайды көруі керек. Жеке қосалқы шаруашылықтар өзінің ауласында өнім өндіреді. Бір тауарды он шақты жеке шаруашылық жасауы мүмкін. Осының бәрін бір қоймаға біріктіріп, дүкен сөрелеріне жеткізіп отырсақ, адамдардың нақты табысы көбейеді. Әрине, негізгі іргетасы – агросауат.
– Орталықтың жұмыс істеу механизмі туралы айтып беріңізші. Мұнда кез келген адам қатыса алады, тіпті құлпынай еккісі келгендерге тегін көшетіне дейін беріледі екен. Бұл Президент жақында ғана сынға алған «масылдыққа» ұласып кетпей ме?
− Масылдыққа өзіміз де қарсымыз, онымен алысқа бармаймыз. Барлық құрал-жабдықтар мен көшеттер тегін берілмейді. Кейін түскен табысының 25 пайызымен өтеп отырады. Сондықтан адамдарға дұрыс дағды берсек, техникалық карталарды сақтауды үйретсек, әрі қарай өздері-ақ жалғастырып әкетеді. Қазірден бастап осы бағдарламаға қатысқысы келетін адам саны көп. Әсіресе, көпшілігінің мойнында несие бар. Әзірге Меркі ауданына көршілес ауыл-аймақтан хабарласып көруге болады.
Негізгі оқыту 5-7 күн аралығында өтеді, сол жердегі мамандар, кәсіпкерлер дәріс оқиды. Бұл жұмысқа кәсіпкерлер де мүдделі, себебі оларда сату ісі жолға қойылған, ал шикізат жетіспейді. Кейін тұтынушы кооперативпен келісімшарт жасалып, керекті құралдарын алады. Осы тұтынушы кооперативінің мамандары барлық процесті қадағалап отырады, агрономдар тауарлық несие алған адамдарға күнделікті барып, кеңесін береді. Жобаның техникалық картасында үш күн сайын суару, тыңайтқыш себу секілді нақты әрекет тіркеліп отыруы керек.
– Оқырман арасында орталықты қаржыландыру жөнінде сұрақтар туындауы мүмкін. Жоба қанша уақытқа жоспарланған және «Халық» қоры толық демеушілік көрсете ме?
– Бұл жоба бойынша үш банкпен – «Халық банк», «Хоум банк» және «Банк центр кредитпен» келісім бар. Мәселен, «Халық банкі» тұрғындарды қайтарымды гранттармен көмектеседі. Ал «Халық» қоры оқу орталығын салуға көмектесті.
Сонымен бірге бұл банктермен бірігіп, «Қамқоршы Аманат» қорын құрудамыз. Бұл қорға банктер қаражат бөледі және бұл қайтарымды қаражат болмақ. Бұл жерде банктер де өз жауапкершілігін түсініп, барынша көмек көрсетуде. Өйткені еш әрекетсіз жүре берсек, қарызы 90 күннен асқан адамдар саны 3 миллионға жетеді. Оған жеткізбеу үшін осындай шешімді ұсынып отырмыз. Қазір «Агросауат» орталығы өз тиімділігін көрсетсе, мемлекеттік бағдарламаға айналады. Мемлекеттік бағдарлама болса, ауыл, аудан әкімдері жауапты болады және тұтынушы кооперативтерін әрбір ауданда ашуды ұсынып отырмыз.
– Сұхбат соңында мерзімдерге тоқталсақ, жыл соңына дейін қандай жұмыс атқарылуы керек? Келесі жылға жоспар қандай?
– Биыл 3,5 мың әйелді несие құрсауынан шығару, экономикалық белсенді халық қатарына қосу міндеттемесін алдық. Соның 300-і Жамбыл облысында тұрады. Осыны жақсы жүзеге асырсақ, менің ойымша, келесі жылы мемлекеттік бағдарлама қабылданып, қарызы 90 күннен асқан барлық 2 млн адамға байланысты тиісті шаралар қабылданады. Біздің қазіргі мақсатымыз – Үкіметке осы жүйенің тиімді екенін көрсету және үлкен бағдарламаға жол ашу. Әрине, бұл 2 млн адамның арасында да жұмыс істегісі келмейтін, дайын нәрсеге үйренгендер де болады. Бұл – адамның өз таңдауы. Ең бастысы, біз қарыздан құтыламын деп ниет білдірген әрбір адамға қолдау көрсетуге дайынбыз.
«Агросауатқа» кез келген ниет білдіруші, кооперативке қосыламын деген тұрғындар қатыса алады. Әсіресе, «Ауыл аманаты» мен «Қарызсыз қоғам» бағдарламасының қатысушылары көбірек келетін шығар. Несиеге батқандарды реабилитациялау бағдарламасы келесі жылы қабылданатын болса, тек қана несие төлемі 90 күннен асып кеткен адамдарға арналады. Оларға да «Агросауат» орталығында білім алуға мүмкіндік беру керек, себебі оқусыз, білімсіз табысты көбейту мүмкін емес.
– Сұхбатыңыз үшін көп рақмет! Сәттілік тілейміз!
Дайындаған
Асыл ТҰМАР