Елімізде экономиканы әртарап­тандырудың ресурстық мүмкін­діктері зор. Мәселе оның ұйым­дас­тырылуында болып тұр.
Экономиканы әртараптандыру – даму кілті
1,075
оқылды

Бұл жерде бірінші кезекте адами капиталдың сапасы қолбайлау болса, екінші ке­зек­тегі кедергі – бюрократия. Әрине, одан да басқа факторлық мәнге ие проблемалар жоқ емес. Десе де, егер осы аталған екі ке­дер­­гіні шешер болсақ, экономика­ның «аяғындағы тұсау» да шешілер еді.

АДАМИ КАПИТАЛ САПАСЫН «ЦИФРЛАНДЫРУ» АРТТЫРАДЫ

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы ел экономикасын дамыту­дың алғышарттарының бірі болмақ. Өйткені жаһандық үрдістің жалғасындай, еліміздегі барлық сала цифрлануда. Әуелі ақпараттық қамту жағын жолға қояр болсақ, кейіннен өндірісті механикалан­дыру, тіпті роботизациялау еңбек өнімді­лігін арттырмақ. Ал бұл – экономиканы әртараптандырудағы әрі мультипли­кативті, әрі қозғаушы күшке ие фактор. Ендеше диверсификация мәселесін қолға аларда, оған кешенді түрде қарау керек. Мәселен, бізде кластерлік әлеует бар: алқапта өскен мақтаны үстімізге көйлек етіп кигенге дейінгі процестерді терең цифрландыру жасауымыз қажет, міне сол кезде ғана әртараптандырудағы талабы­мыз жемісін беріп, экономикаға соны тыныс бітетін болады. Ал ол үшін бірінші кезекте инновациялық технологияларды жасаумен, оны өндіріске енгізумен қатар, қызмет көрсетумен айналысатын білікті мамандарымыз көп болуға тиіс. Болашақ­та қойшының өзі ақпараттық технология­лар­дың тілін білуі міндетті болады. Өйт­кені әр қойдың бойында оның дене қызуын, жүрек соғысын, сүттілігін, етті­лігін, ауырып тұрғанын анықтап тұратын чип орнатылмақ. Ал оны гаджеттерден оқып, күтімін жасайтын шопан – IT-дан хабары бар маман болуы керек. Адами капиталдың ең бірінші шарты – «цифр­ландыру» дегеніміз осы.

«Экономиканы әртараптандыру үшін әр алуан сипаттағы отандық тауар өндіріп қою аз. Ол өндірістің өзі кем дегенде 50%-ға цифрлануы керек. Кейіннен бұл көрсеткішті бірте-бірте арттыра беруге болады. Міне, сонда ғана біздің тауарлар ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да бәсекеге қабілетті болмақ. Ол үшін ши­кізат қорымыз жеткізікті. Тек оны шетелге асыра бермей, өзімізде өңдеуіміз керек. Мәселен, Қарағандыдан шығатын мыс пен мырыш концентратынан Түркияда, Араб түбегі елдерінде дайын өнімдер өндіріледі. Одан соң ол дайын өнімдер шикізаттан он есе бағаға әлемдік нарықта сатылады. Ендеше ондай өнім­дерді неге өз елімізде шығармасқа. Оның бір жолы – локализация. Егер шетелдік алпауыт компаниялардың елімізде өкілдіктері ашылып, өндірісі орнайтын болса, олар өздерімен бірге инновациялық техно­логияларын әкелмек. Ал бұл деге­німіз онда жұмыс істейтін қазақстандық­тардың біліктілігін арттыру үшін тап­тыр­мас мүмкіндік болмақ. Ол үшін шикізат да, кадр да жергілікті мазмұндағы ресурс­тар болуын міндеттеуге тиіспіз», – дейді экономист Оразбек Мырзағали.

Ендеше ақпараттық технологиялар күнделікті өмірімізге дендей енген сайын, оның экономикамыздың да ажы­рамас бөлшегіне айналып бара жатқаны екібастан. Бұл құбылыс осы саладағы мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. ІТ маманына, әсіресе бағдарлама­шыларға тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде сұраныс жоғары. Шетелдік зерт­теу компаниялары қазір технология саласында 4 миллиондай маман тапшы деген дерек келтіреді. Ендеше оларды даярлау – күн тәртібіндегі мәселе. 

МАМАНЫ МЫҚТЫ БОЛСА...

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы 5 бағыт бойынша іске асырылуда болса, соның төртінші бағыты – адами капиталды дамыту. Цифрлық технологияларды пайдалану мен дамыту арқылы экономиканың бәсекелестігін, халық өмірінің сапасын арттыру. Осы ретте Үкімет кадрлық қажеттілікті болжау негізінде сұранысқа ие сервистік және индустриялық 100 кәсіптің тізбесін әзірлеп шығарды. Олардың ішінде IT-мамандар, 3D модельдеу, өндірісті авто­маттандыру кезеңінде талап етілетін «ақылды» қала құрылысы мамандықтары бар. Сондай-ақ ақпараттық-коммуника­циялық технологиялар саласында маман даярлауға бөлінетін мемлекеттік грант­тардың саны да артуда. Одан бөлек, ақ­параттық-коммуникациялық техноло­гия­лар пәні бастауыш сыныптан бастап енгізілуде. Бағдарламалаудың жалпы негіздерін үйрететін робототехника үйірмелері ашылуда. Жоғары сынып оқушыларына арналған информатика пәнінің мазмұны жаңартылуда. Бұл – маман тапшылығын болдырмау үшін атқарылып жатқан шаруалар.

«Әрине, жоғары оқу орындарына инфокоммуникациялық технологиялар саласы мамандарын нарық талабына сай етіп даярлау оңай емес. Себебі біз ақпараттық технологиялар қарыштап дамып жатқан заманда өмір сүрудеміз. Бүгін шыққан технология ертең-ақ ескі­ріп қалады. Бұл – әлемде болып жатқан үрдіс. Мысалы, жоғары оқу орны бекіткен бағдарлама бойынша 4 жыл білім алған студент университетті бітіріп шыққан кезде, оның алған білімі жарамсыз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан бірінші кезекте, мамандарды жаңашылдыққа тез бейімделуге үйрету маңызды деп ойлай­мын. Ол үшін жоғары оқу орындары заманауи және инновациялық трендтерді ескере отырып, білім беру бағдарламала­рын жаңартуы керек. IT-өнімдерді басқару, интернет-заттар әзірлемесі, деректерді визуализациялау, робототех­ника және IT жүйелері пәндерін енгізген дұрыс. Бұл бағытта жоғары деңгейде жұмыс жүргізіп жатқан бірден бір оқу орны – Astana IT University. Олар нарыққа қажетті Big Data, жасанды интеллект, кибер қауіпсіздік, IТ-менеджер және т.б. мамандарды даярлауда. Оқу ағылшын тілінде жүреді», – дейді ақпараттық қауіпсіздік сарапшысы Абылай Аманұлы.

Адами капиталдың сапасын арт­тыруда өлшеусіз үлес қосып жатқан тағы бір орта – Astana Hub. Өздерінің тех­нопаркінде IT бастамаларды дамытудың тегін бағдарламалары ұсынып отырған бұл алаң стартап мектебі, инкубация және акселерация бағдарламалары не­гізінде жұмыс істеуде. Технологиялық иннова­ция­ларды дамытпай, төртінші өнер­кәсіптік революцияға қадам басу мүмкін емес. Ал өндірістің дамуына ықпал ететін бірден бір қозғаушы күш – технологиялық бастамалар. Бұл үрдіс тек орталықта ғана емес, аймақтарда жүзеге асуда. Өңірлерді технологиялық парктер мен иннова­циялық орталықтар және зертханалар жұмыс істеуде. Тоқетерін айтқанда, IT-салада адами капиталды дамыту мақ­сатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі TechOrda бағ­дарламасын іске қосқан. Бүгінде осы бағдарлама бойынша 3 мың Ваучер берілді. Жобаның мақсаты – 2025 жылға қарай  20 000 маман даярлау.

ИНВЕСТИЦИЯ МЕН АЙМАҚТАР – ҚОЗҒАУШЫ КҮШ

Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына экономиканың орташа жылдық өсу қарқынын 6-7% деңгейде сақтай отырып, 2029 жылға қарай ЖІӨ-ні 450 млрд АҚШ долларына дейін екі есеге арттыру міндетін қойып отыр. Экономикалық реформалардың жаңа цикліне қозғау салған бұл өршіл бастамада инвестициялар мен аймақтар үлкен рөл атқармақ. Сондықтан да әкімдерге қойылар талап та арта түспек. Бірақ бүгінгі ахуал көңіл көншітпейді. Өйткені бюрократиялық кідірістер процестерді кешіктіріп, сыбайлас жемқорлыққа жағдай тудырып отыр. Сондай-ақ өңірлік биліктің жеке инвесторлармен тиімсіз жұмысы тағы бар. Сондықтан Президент әкімдердің басты міндеттерінің бірі ретінде жеке инвестициялар тартуды атап өтті.

«Елімізге белгілі бір жоба алып келген шетелдік инвесторлардың бастапқы кезеңде әртүрлі кедергілерге тап болып отырғаны туралы мысалдар жиі кездесуде. Соның салдарынан, мерзімдер мен жоспарлар бұзылады. Мәселен, нысан­ның құрылысын бастау үшін әртүрлі инс­танциялардан 60-тан астам рұқсат қажет екен. Сонымен қатар инженерлік же­лілерге қосылу, жер учаскесін алу және тағы да басқа проблемалар өз алдына.  Осы проблемаларды шешу үшін өңірлерде «бір терезе» қағидаты бойынша фронт-офистер іске қосылды. Әрбір прокурату­рада инвесторларға қатысты құқыққа қарсы іс-қимылдарды болдырмау және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі call-ор­талықтар құрылды. Бүгінде елімізде 7,5 миллиард АҚШ долларынан астам сомаға 1 011 инвестициялық жо­баның Бірыңғай пулы қалыптасты. Олар – 40 отандық және әлемнің 32 елі­нен келген шетелдік инвесторлар. Бұл жоба­лар экономикалық өсімге септік етпек. Өңірлерге бөліп қарар болсақ, тікелей шетелдік инвестициялар­дың ең көп ағыны Атырау облысы мен Алматы қаласына тиесілі», – дейді Прези­дент жанындағы ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы Әсел Әбен.

Оның айтуынша, аймақтарға жеке инвестициялар ағыны үшін әкімдердің жауапкершілігін арттыру инвестициялық саясатты күшейте түсуді талап етеді. Әсіресе, шекаралық сауданы дамытуға, сауда-экономикалық ынтымақтастыққа баса назар аударылмақ. Мықты өңір­лер – экономиканың драйвері болған шақта инвестициялар экономиканы әртарап­тан­дырудың өзегіне айналмақ. Ал эконо­миканы әртараптандыру – даму кілті.

Нұрлан ҚОСАЙ