Еліміздің бірлігін одан әрі нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясының орны бөлек.
Ерлан Қошанов: Президент ҚХА құрылымының институционалдық әлеуетін нығайтуды тапсырды
317
оқылды

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарттың сөйлеген сөзіне пікір білдірді.

Айтуынша, осы айрандай ұйып отырған еліміздің бірлігін одан әрі нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясының орны бөлек. Президент осы құрылымның институционалдық әлеуетін нығайтуды тапсырды.

«Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясы өтті. Жиынның дәл осылай аталуы да бекер емес.

Бірлік – біздің басты байлығымыз. Ел басына қандай қиындық түссе де, береке-бірлігіміздің, ырыс-ынтымағымыздың арқасында еңсеріп келеміз. Биылғы су тасқыны да ұлтты ұйыстыра түсті. Ел болып жұмылып, бұл сынаққа да төтеп бердік. Қазір судың беті қайта бастады. Бірте-бірте өмір де өз арнасына түседі.

Ендігі міндет – тасқыннан зардап шеккен азаматтардың шығынын өтеу. Ол туралы Президентіміздің бірнеше тапсырмасы бар. Бүгін тағы шегелеп айтты. Ешкім де елеусіз қалмайды. Кейбір ауылдар мүлде жаңа келбетке ие болатынын атап өтті. Бұл сөз халқымызға дем берді деуге болады. Бастысы – мемлекет шығынды түгел өтейді. Оған ешкімнің күмәні болмауы керек.

Сын сағаттарында бәріміз Мемлекет басшысының төңірегіне топтасып, біртұтас ұлт екенімізді көрсете білдік. Азаматтарымыздың, кәсіпкерлеріміздің, волонтерлеріміздің еліне, ұлтына деген жанашырлығы, адалдығы айқын көрінді.

Бір өкініштісі, осындай қиын жағдайды пайдаланып, қоғамға іріткі салғысы, ынтымағымызға сызат түсіргісі келген әрекеттер де болды. Мемлекет басшысы қоғамды бірлікке емес, бүлікке үндейтін теріс пиғылды адамдардың іс-әрекетіне тосқауыл қойылатынын дөп басып айтты.

Қазіргі күрделі кезеңде елдің бірлігін, ынтымағын сақтау – басты міндет. Бұл – біздің берекелі өміріміздің, тұрақты дамуымыздың кепілі. Біз осыған күш салуымыз керек.

Осы айрандай ұйып отырған еліміздің бірлігін одан әрі нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясының орны бөлек екені анық. Көпұлтты жұртымыздың біртұтас халық ретінде қалыптасуында Ассамблеяның үлесі аз емес.

Ендігі кезекте Президент осы құрылымның институционалдық әлеуетін нығайтуды тапсырды. Алдағы уақытта оның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және жергілікті мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсартуға ерекше мән береміз. Бұл жұмысқа жастарымыз да атсалысатын болады. Мемлекет басшысы Ассамблея құрылымдары басшыларының бір орынбасарын жастардан тағайындауды ұсынды. Бұл бастама жастарды жігерлендіре түсері сөзсіз.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде де Ассамблея маңызды рөл атқаратынын айтты. Мұндай қоғамдық кеселдерді түбірімен жоюға ел болып жұмылуға шақырды.

Осы орайда Президенттің «Адал азамат» ұғымы ойға оралады. Әр азамат ұлтына адал болса, биік мақсат-мұраттарға ұмтылса, еліне кіршіксіз қызмет етсе, алынбайтын асу жоқ. Қандай іске кіріссек те, ең әуелі бірлік керек. Осыны ешқашан ұмытпайық.

Жалпы, Президент Ұлттық құрылтайда айқындалған идеологиялық бағдарымызды, қоғамның басты құндылықтарын тағы да жалпақ жұрттың есіне түсірді. Ол – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіпқойлық, жасампаздық пен жаңашылдық. Біз осы құндылықтарды жастардың бойына сіңіруіміз қажет. Алған бағытымыздан таймауымыз керек. Сонда ғана елдігімізді, егемендігімізді нығайта аламыз.

Бүгінгі жиында Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз – айқын, бұл – Әділетті Қазақстан құру. Мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін қорғауды Президент ретіндегі ең басты міндетім деп санаймын», – деді.

Тәуелсіздіктен асқан құндылық жоқ. Осы жолда баршаңызды бірлігімізді бекемдеп, Мемлекет басшысына тірек болып, ел игілігі жолында адал қызмет етуге шақырамын», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.