Жол апаты салдарынан үш адам оқиға орнында қайтыс болып, бір адам зардап шекті.
Алматыда 3 адам көз жұмған автобус апаты: жүргізушіні ұрған адамға сот үкімі шықты
Фото: видеодан алынды
878
оқылды

Алматыда үш адамның өліміне әкеп соққан автобус апатына кінәлі адамға сот үкімі шықты. Автобус жүргізушісін ұрған күдікті сотталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Автобустың жол апатына ұшырауына себепші болған ер адамға 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді.

32 жастағы Д.Ахметжановқа абайсызда 2 немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан бұзақылық және көлікті қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету ережелерін бұзу (ҚР ҚК-нің 293-бабы 1-бөлігі, 351-бап 3-бөлігі) бойынша айып тағылды.

Сот процесі әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетілді.

Сот нені анықтады?

Қайғылы оқиға Алматыда 2023 жылдың желтоқсанында болды, Д.Ахметжанов әйел жүргізуші жүргізген автобуста жол ақысын төлеу туралы заңды талапқа агрессиямен жауап берген.

Жанжал кезінде Д.Ахметжанов автобусты рұқсат етілмеген жерде тоқтатуды талап етіп, жүргізушінің бас тартуынан кейін оның бетінен екі рет ұрған. Ол есін жоғалтып, көлікті басқара алмау салдарынан автобус жол жиегінде тұрған адамдарды соғып өткен.

Жол апаты салдарынан үш адам оқиға орнында қайтыс болып, бір адам зардап шекті.

Сотталушының кінәсі заттай айғақтармен, сараптама қорытындысымен және бейнебақылау камерасындағы бейнематериалдармен дәлелденді.

Тараптардың позициясы

Прокурор соттан сотталушыны кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындады.

Соттың шешімі

Д.Ахметжанов абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан бұзақылық және көлікті қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету ережелерін бұзғаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сотталушыдан жәбірленуші К.-ның пайдасына 6 397 250 теңге материалдық шығынды және 5 000 000 теңге моральдық шығынды өндіру туралы қаулы қабылданды. Ал жәбірленуші Б.-ның пайдасына 10 000 000 теңге моральдық шығын өндірілмек.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.