Астана қаласының полицейлері Гана Республикасының азаматтарын елден депортациялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Күннен-күнге дамып келе жатқан елордамыз, әртүрлі елдерден келетін көптеген шетелдік азаматтардың қызығушылығын тудырады. Осыған байланысты елорда аумағына алыс және жақын шет елдерден келетін азаматтар түрлі мәселелер тудырып жатады. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін шетелдіктерге қатысты елден шығарылғанға дейін алдын алу шаралары қолданылады.
Байқоңыр аудандық ПБ көші-қон қызметі бөлімі қызметкерлері көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін, яғни визада көрсетілген елде болу мерзімі немесе көші-қон карточкасында тіркелу мерзімі өткеннен кейін үш тәулік ішінде елден шықпағаны үшін, Гана Республикасының төрт азаматын депортациялады.
Көші-қон тұрақтылығын сақтау, көші-қон процестерінің криминогендік жағдайға қолайсыз әсер етуінің ықтималдығын азайту мақсатында елордалық полиция қызметкерлері тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар өткізеді. Полицейлер шетелдіктердің елордада болуын, олардың заңнама талаптарын сақтауын және елден уақытылы кетуін бақылайды.