Президент Қазақстанға ресми сапармен келген Қытай Халық Республикасының Қорғаныс министрі Дун Цзюньге ілтипат білдіре отырып, оның тату көршілік, достық қатынастарды және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қытай байланыстары жоғары деңгейде екеніне, яғни арада мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік орнағанына назар аударды. Мемлекет басшысының пікірінше, көпжақты құрылымдар аясында Қазақстан мен Қытайдың өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің негізгі мәселелеріне қатысты көзқарастары ұқсас.
– Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шеңберінде конструктивті диалог құрып, бір-бірімізге қолдау білдіріп келеміз. Сондай-ақ Қытайдың дүниежүзілік дамуға, жаһандық қауіпсіздік пен өркениетке қатысты ұсынған бастамаларын жоғары бағалаймыз әрі қолдаймыз. Бұл бастамалар әлемдегі қауіпсіздіктің қазіргі жүйесін нығайтуға оң үлес қосады деп санаймын, – деді Президент.
ҚХР Қорғаныс министрі Дун Цзюнь қонақжайлық көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, ШЫҰ-ға мүше елдердің қорғаныс министрлерінің кеңесі жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
Әңгімелесу барысында тараптар бітімгерлік, білім және әскери-техника салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін жеткізді.