Биылғы басқосу мемлекетіміз үшін күрделі кезеңге тұспа-тұс келіп отыр. Шын мәнінде, бұл сессияның дәл осы кезеңде өткізілуінің мәні зор болып тұр.
Ынтымақтың асыл үлгісін көрсетті
550
оқылды

Халық өте ауыр сынаққа түсіп жатқан кезде Арқадағы ағайынға, Жайықтағы жұртқа бүкіл Қазақстан халқы көмектесуге ұмтылды. Осы кезеңде халқымыз, Президент айтқандай, бірлік пен ынтымақтың асыл үлгісін көрсетті.                                                      

Бұл – ешқашан ескірмейтін құн­дылықтар. Тасқын бастал­ғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы да белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатыр. Оның айқын мысалы, жұртқа жан-жақты көмек беру үшін дереу Ассамблеяның респуб­ликалық және аймақтық штабтары құрылды. «Жүректен жүрекке» деген ауқымды акция жүргізіліп жатыр. Апат аймақтарына 1 500 тоннадан астам азық-түлік және ең қажетті тауарлар жолданды. Оның жалпы сомасы шамамен 770 миллион теңге болды. Су тасқынымен күреске этномәдени бір­лес­тіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылды. Олар қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жұ­мылды. Сондай-ақ жұрт­ты қатерден хабардар етуге және қауіп­сіз жерге көшіруге атсалысты. Су тапшылығы болған жерлерге ауызсу жеткізуге көмек­тесті. Бұл – өздеріңіз көріп отырғандай, бірлік пен ынтымақтың арқасында жүзеге асып жатқан шаруалар.

Президент Ассамблея сессиясында: «Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін» деген болатын. Біздің Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының мониторинтік зерттеу орталығы өңірлерде көп жұмыс жүргізеді. Сол кезде біз өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген қызығушылығы артып келе жатқанын байқаймыз. Жастардан бастап, егде тартқан адамдарға дейін қазақ тілін үйренуге ден қоя бастаған. Тіпті, өзбек, ұйғыр, түрік, күрд сияқты ұлттардың өкілдері күнделікті өмірінде қолданып, еркін сөйлей алады. Бұл тұста Достық үйлерінің ықпалы зор болып тұр. Осы ретте Мемлекет басшысы: «Достық үйлері жал­пыұлттық ықпалдастық үшін қажетті ор­талыққа әрі барлық аймақта Ассамблеяның ауқымды бастамаларын жүзеге асыратын сенімді орынға айналды. Олар әлеуметтік маңызы бар жүзден астам жобаны іске асыруға ұйытқы болды. Алайда Достық үйінің қызметін жетілдіріп, күшейте түсу мәселесін ойластырған жөн. Олар қоғамдық кездесулер мен талқылаулар өтетін және тың бастамалар мен идеялар туындайтын комьюнити-орталыққа айналуға тиіс. Мен бұл бастаманы қолдаймын», – деп жоғары баға берген болатын. Ендеше Достық үйі этномәдени бірлестіктер бас қосатын орын ғана болып қалмауы керек. Сонымен бірге ол жергілікті қоғамдастықтардың дамуына жол ашып, тірек болатын, бірлік, жасам­паздық, өрлеу сияқты құндылықтарды дәріптейтін орталық болуы қажет.

Дінмұхаммед ҒАЛИ,

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты 

мониторингтік зерттеу орталығының директоры