Өткен аптада Астанада Eurasian Book Fair 2024 кітап көрмесі өтті. 70-тен астам шетелдік және еліміз­дің баспалары қатысқан халық­ара­лық жәрмеңкеде балаларға арналған көркем әдебиет те көп болды.
Бала «тілі» бал ма?
888
оқылды

Балалар әдебиеті автордан кенде емес

Ма­мандардың айтуынша, кітап нары­ғында балалар әдебие­тіне оқырман сұранысы артып келеді. Бұл бағытта баспагерлер қа­лай жұмыс істеп жатыр? Балалар ав­тор­лары неге аз? Балалар әде­биетін дайындау кезінде қандай қиындықтар бар?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен ұлттық құ­рылтайда «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды тапсырды. Президент идеология жұмысын­да­ғы басты бағыттың бірі – кітап басып шы­ғару ісі екенін, смартфон баланың қо­лындағы кітаптың орнын баспауы қа­жеттігін атап өткен болатын. Бүгінде бұл салаға ден қойыла бастады, сәйкесінше, жалпы әдебиетке, соның ішінде балалар шығармасына сұраныс артты, кітап оқу мәдениеті қалыптаса бастады. Биыл үшінші мәрте өтіп жатқан Eurasian Book Fair 2024 халықаралық көрмесі осының бір дәлелі. Мұнда әртүрлі жанрдағы неше түрлі туындылармен таныстық.

«Қазір кітап нарығы қалыптасты. Соған сай әртүрлі жекеменшік баспалар оқырманға жақсы дүниелер ұсынып жатыр. Осының себебінен болса керек, бүгінде балалар әдебиетіне қызығушылық артты, жалпы көркем әдебиетпен салыс­тырғанда балалар әдебиетінің бәсі басым. Олай дейтініміз, балалар әдебиетінің қазір бірнеше тармағы бар: комикс, фэнтези және басқа да балаларға арналған таным­дық шығармалар. Eurasian Book Fair болсын, еліміздің аумағында өтіп жатқан басқа да кітап жәрмеңкелерін зерделеп қа­райтын болсақ, балаларға арналған түрлі туынды көлемі көбейіп жатқанын бай­қаймыз және жыл сайын арта береді. Сәйкесінше, баспалар, әсіресе, жекеменшік ұжымдар осы салаға көп күш салып жатыр. Мәселен, Steppe&World Publishing баспасы шетелде басылып жатқан әртүрлі танымал, классикалық шығарманы көп ұзатпай дереу қазақ тіліне аударып, оқыр­манға ұсынып келеді және олардың басым бөлігі – балалар әдебиеті. Qasym Kitaphanasy балалар мен жасөспірімдерге арналған классикалық туындыларды оқырман назарына қайта ұсынып жатыр. Mazmundama баспасы да осы бағыт бойынша арнайы сериялар дайындайды, мәселен, «Бұл кім?» сериясымен басылатын туындылардың дені аталмыш ауди­торияға бағытталған», – дейді балалар ақыны Серікбол Хасан. 

Qasym Kitaphanasy халықаралық жәрмеңкеге биыл да қазақтың классикалық әдебиеті үлгілерін, балалар мен жасөс­пірімдерге арналған прозалық шығарма­ларын әкелген. Баспа үйінің шығарма­шылық директоры Ұлан Еркінбайдың айтуынша, бұл туындылардың мазмұны баланың қиялын дамытып, сөздік қорын байытады, шығармашылық еркіндікке жетелейді. 

«Біздің баспа саясатына сәйкес, кітап өнімдерінің 40 пайызын балалар әде­биетіне бағыттаймыз және бұл межеден түс­кіміз келмейді. Өйткені баспа нары­ғында балалар әдебиетіне сұраныс көп. Eurasian Book Fair 2024 көрмесіне балалар мен жасөспірімдерге арналған класси­калық әдебиетін үлгілерін әкелдік. Олар­дың қатарында Сайын Мұратбеков, Бердібек Соқпақбаев, Ыбырай Алтынсарин, Қази Данабаев және басқа да белгілі балалар авторларының танымал еңбектері болды. Qasym Kitaphanasy балаларға жеңіл контент ұсынбайды. Мүмкіндігінше уақыттың талабынан өткен классикалық қаламгерлердің балалар танымына арнап жазған шығармаларын педагогтермен, сарапшылармен келісе отырып, іріктеп ұсынамыз. Біздің ұстаным – осы. Бұл ата-анаға да қолайлы. Өйткені олар бұл сала­ның маманы емес, жеткіншектің жас ерекшелігіне қарап, қандай әдебиет ұсыну керегін біле алмайды», – дейді Ұлан Еркінбай.

Ал аталмыш халықаралық көрмеге жыл сайын қатысатын Steppe&World Publishing баспасы биыл да оқырманына шет тілінде жарық көрген озық шығармалардың қа­зақ­шасын ұсынды. Неміс тілінен ауда­рылған Инге Бреннердің «Дыбыс пен ырғақ. Орнын іздеген нота», Михаел Энденің «Момо» және «Аяқталмаған хикаясы» және басқа да бірнеше шетелдік бестселлер кішкентай оқырманымен қауышты. Сондай-ақ италиян тілінен аударылған шытырман оқиғаларға толы «Мың ғажайып. Италияға саяхат» кітабы­ның тұсаукесері өтті. Баспа директоры Раиса Кадердің айтуынша, бұл ұжым жылына балаларға арналған 30-дан астам кітап басады. Көбіне-көп танымдық, көркем әдеби және комикс жанрдағы шығармалар.

«Бұл бағыттағы туындыларға сұраныс жоғары. Ата-аналар баласына сапалы, сауатты кітаптар сатып алудан аянбайды. Бірі өзінің балалық шағында болмаған мүмкіндікті, түрлі түсті, шытырман, қы­зықты хикаяға толы туындыларды баласы оқысын дейді. Ал енді бірі, әсіресе, орыстілді ата-аналар ұрпағының қазақшасы жетік болғанын қалайды. Оның үстіне, біз кітаптардың безендіруіне ерекше мән береміз. Балақайлардың қиялын ұштай­тын, қайтып келіп, оқуға ынталандыратын иллюстрациялар ұсынамыз», – дейді Раиса Кадер.

Бүгінде әртүрлі баспа ұсынып отырған балалар әдебиетінің өнімдері нарықтағы сұранысты қанағаттандыра алған жоқ. Бұл салада дамытуға тиіс жанрлар жетерлік. Классикалық шығармалар мен шетелдік туындылардың аудармалары басылып жатқанымен, өзіміздің авторлардың кітаптары некен-саяқ. Баспагерлер балалар әдебиетін дайындау оңай емесін, бұл салада әртүрлі қиындық бар екенін алға тартады. 

«Бұл бағытта әдебиет дайындауда белгілі бір қиындықтар болады. Мәселен, баланың жас ерекшелігін анықтау.  6+, 9+, 12+ сериясымен қандай туындылар ұсы­нуға болады? Мәселен, Ы.Алтырсариннің «Әке мен баласын» қай жастағы жеткіншек қызығып оқиды? ХХ-ХХІ ғасырдың ішінде жазылған балалар әдебиетінің классикалық үлгілері жетерлік. Сол дүниелерді қай жасқа және қандай үлгіде ұсынатымыз жайында мамандармен ұдайы талқылау болып тұрады», – деп атап өтті Ұлан Еркінбай.

Баспагерлер жалпы баспа нарығында, соның ішінде балаларға арнап әдебиет жазатын авторлар аз деген мәселе көтеріп жүр. Раиса Кадердің пікірінше, еліміздегі жазушылар қауымы балаларға арналған ертегі-әңгімелерді аса жақтыра қоймайды. Олар көбіне философияға, күрделі идеяға, ойға толы ересектерге арналған шығар­малар ұсынады. 

«Балалар авторы өте аз. Қаламгерлер біз ұсынып отырған шығармаларға ұқсас өз туындыларын жазса, нұр үстіне нұр болар еді. Көбіне-көп шет тілінің жауһар­ларын аударатынымыз сондықтан, өз авторларымыз идея алса екен деп ойлаймын. Жас авторларға көп үміт артамыз, таби­ғатқа, салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыпқа, қа­зіргі заманауи проблемаларға баланың көзімен қарайтын, шешімдерін табатын, мотивация беретін жақсы туындылар шығады деген үмітім зор. Сондай-ақ кішкентай балақайларға арналған кітаптарды безендіру, суретін, иллюстрациясын сәтті жасау өте маңызды. Балалар әдебиетін дайындау оңай емес. Біз көбіне аударма ісімен айналысамыз. Бұл кітаптар түпнұс­қадағы мәтіннен ауытқымай, тілге жеңіл, түсінікті, калькасыз болуға тиіс. Аудармашы мен редактордың шеберлігі бағала­натын жұмыс», – дейді баспагер. 

Әйтсе де, Серікбол Хасан бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, елімізде балалар әдебиетін, тіпті осы бағыттың кез келген жанрын жазатын, сауатты аударатын автор көп. Тек еліміздегі баспалар мен қаламгерлер арасындағы байланыс дұрыс қалыптаспай келеді.

«Мысалы, Зәуре Төрехан, Рүстем Сауытбай, Мейіржан Жылқыбай, Лилия Калаус, Зира Наурызбай секілді қалам­герлер фэнтези жанрында балаларға ар­налған шоқтығы биік шығармаларды жазды және жақсы оқылып жатыр. Тіпті, алды шет тілдеріне аударылып, Amazon-да сатылуда. Балалар әдебиетінің жылы жа­рияланған уақытта да байқадық, бұл сала­дағы авторлардан кенде емеспіз. Керісінше, еліміздегі баспалар мен қаламгерлер арасындағы байланыс дұрыс қалыптаспай келеді. Балаларға арнап тақпақ, өлең жазатын ақындар саны азайып кеткен болуы мүмкін. Бұл бүгінде жалпы әдебиетте бар тенденция. Бізде болсын, батыс қоғамында болсын қазіргі уақытта поэзия көп оқыла бермейді. Балаларға арналған пьесалар жазылып жүрген жоқ, мектептерде қойы­латын скетчтер, балалар әдебиетінің ішіндегі мазақтама, мысал, баллада жанры кенжелеп қалды. Бүгінде бір-біріңді мазақтауға, құрдасының кемшілігін бетіне басуға болмайды дейтін қағидалар мазақ­та­маның дамуына кері әсерін тигізді. Бұл аталмыш жанрларда жазатын авторлардың жоғынан емес, жалпы әлемде осы бағыт­тағы шығармаларға сұраныстың болмауынан жойылып барады. Оның есесіне, біздің әдебиет нарығына басқа жанрлар келді. Бүгінде комикске қызығатын жеткіншектер көп. Фэнтези де қарқын алып, балалар әдебиетінде өз орнын айшықтай алды. Кезіндегі ертегі, аңыз әңгіме, қиссалар жаңа сипаты десек болады. Жалпы, балалар әдебиетіне серпін беретін шаралар бар: фестивальдар, жәрмеңкелер, авторлармен кездесулер және тағы басқа. Әртүрлі мемлекеттік деңгейде жарияланатын мүшәйра, әдеби байқауларда да балалар аталымына орын бар», – дейді балалар ақыны.  

Айдана НҰРМҰХАН