Қазірдің өзінде әлемде денсаулық сақтау саласында робототехника, нанотехнология, сәулелік диагностика, гендік инженерия секілді серпінді технологиялар жетерлік. Болашақта олардың әлеуеті арта түспек.
Медицина қауқары қаражатқа байланысты
691
оқылды

Мысалы, медицина саласындағы әйгілі футуролог Рэй Курцвейл: «2031 жылы адам ағзаларын басып шығаруға арналған 3D принтерлер кез келген деңгейдегі ауруханаларда қолданылады, 2032 жылы нанороботтар медициналық мақсатта қолданыла бастайды. Олар адам жасушаларына қоректік заттарды жеткізе алады», – дейді. Десе де, әлемдік медицина жетістіктері елімізді айналып өтіп жатқандай. Себебі елімізде халыққа медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасы жиі сынға ілігеді.

Биыл да Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы ел­дегі медициналық қыз­мет­тердің сапасы мен қол­жетімділгін қатаң сынға алған болатын. Үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес денсаулық сақ­тау саласын қаржыландыру бойынша мемлекеттік саясаттың негізгі міндеті – денсаулық сақтау жүйесін дамыту болуға тиіс. Ал Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымы маман­дарының айтуынша, медицинадағы қаржыландыру мөлшері, ашықтық пен оның тиімділігіне қатысты проб­­лемалар саладағы негізгі қағи­даттарды қамтамасыз етуге мүм­кіндік бермейді.

Қазақстанда 2020 жылдан бас­тап тегін денсаулық сақтау қыз­меттерін тегін көрсету жүйесі аралас тәртіпте қаржыланды­рылады. Яғни, қазір ол бюджеттік қаржы­лан­­дыруға және міндетті медици­налық сақтандыру жүйесіне негізделген. Дегенмен сарапшылар аталмыш мәселелердің түпкі себебін қаржыландырудың жеткілік­сіздігімен байланыстырады. 

Тегін қызмет текке кетпесін десек

Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қоры стратегия департа­ментінің директоры, Дамир Көп­жасаров, МӘМС жүйесін енгізудің негізгі тұжырымдамасы халыққа медициналық көмектің қолжетім­ділігін арттыру деген пікірде. Оның айтуынша, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС шеңберінде амбула­ториялық-емханалық көмекке жұмсалатын шығыстардың үлесі 2025 жылға қарай 60%-ға дейін жеткізумен кезең-кезеңімен арта түспек.

– 2023 жылдың қорытындысы бойынша, ТМККК және МӘМС шеңберінде амбулаториялық-емханалық көмекке жұмсалатын шығыстардың үлесі 57,3% құрады. МӘМС енгізілуімен 2020 жылдан бастап клинико-диагностикалық қызметтерді (КДҚ) қаржыландыру 15 есе, стационарды алмастыратын медициналық көмекті және ам­булаториялық дәрілік қамтамасыз етуді 3 есе, жоғары мамандырылған медициналық көмек, медициналық оңалту және МСАК-ты 2 есе өсуі байқалады. Сонымен қатар бір тұр­ғынға Денсаулық сақтау шығында­ры 2 есеге – 56 мың теңгеден 122 мың теңгеге дейін өсті, – дейді ол.

Дегенмен Halyk Finance анали­тикалық орталығы мамандары Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің негізгі проблемасы – тегін медициналық қызметтердің қолжетімді болмауы деген пікірде. Мысалы, егер қала тұрғынының қалтасы көтерсе ақылы түрде сапалы және кәсіби медициналық кө­мекке жүгіне алады. Елімізде дәрі тапшылығы жоқ сондықтан көпте­ген препаратты сатып алу да мәселе туғызбайды. Егер ауыл тұрғыны болса, медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектерді төлеуге жеткілікті қаражаты болса да, сапалы қызмет алуға мүмкіндігі бола бермейді. Сарапшылар бұл жерде де мәселе халықтың нақты табысына келіп тірелетінін алға тартады. Өйт­кені жеке медициналық компаниялар табысы төмен ауыл-аймақтар­да бөлімшелерін ашуға құлықсыз.

«Сондықтан еліміздегі табысы төмен азаматтар жеке немесе мемлекеттік медициналық ұйымда тегін қызмет алу барысында мынадай проблемамен бетпе-бет келеді:

– барлық медициналық қыз­меттер тегін қол жетімді емес;

– мамандандырылған тегін қыз­­метті алу үшін бірнеше күн күтуге тура келеді;

– Көп жағдайда тегін медици­налық қызметтер сапасыз, кәсіби емес, ескірген немесе тозған жаб­дық­та, әсіресе ауылдық жерде тұр­саңыз тозығы жеткен бөлмелерде көрсетіледі», – дейді Halyk Finance басқарма басшысының кеңесшісі, қаржыгер Мұрат Темірханов.

Медициналық көмектің қол­же­тімділігін қамтамасыз ету бөлі­гіндегі тағы бір өзекті мәселе ха­лық­ты МӘМС жүйесімен қамту мә­селесі. Өйткені Әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қоры­ның мәлімдеуінше, 2024 жылғы  1 сәуірдегі жағдай бойынша еліміз­де 3,6 млн адам, яғни халықтың 18,1%-ы МӘМС жүйесінен тыс.

«Осыған байланысты, заңна­малық деңгейде 2025 жылдан бастап жергілікті атқарушы орган қаражаты есебінен МӘМС жүйе­сіне дағдарыстық (D), шұғыл (E) әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бар адамдардың санаттарын тарта отырып, МӘМС жүйесімен халықты қамтуды арттыру мәселесі пысық­талуда. Бұл шаралар МӘМС жүйе­сінде дағдарысты және шұғыл деңгейі бар адамдар санатынан 948 мың адамға медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек аумақ­тық жақындығын қамтамасыз ету мақсатында денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі қайта қаралды. Енді 50 тұрғыны бар ауылдарда мейірбике алғашқы медициналық көмек көрсетеді, бірақ орын-жай қарас­тырылмайды. Ал 500 адам тұратын ауылдарда медицина қызметкер­лерінің саны бір адамнан үшке дейін ұлғайтылады, – дейді Д.Көпжасаров.

Бұл мемлекет тарапынан мәсе­ленің түйінін тарқатуға бағытталған шаралар десек, қазіргі ахуалымыз­ды ЭЫДҰ мүше дамыған елдерімен салыстырған тәуелсіз сарапшылар әлі де атқарылар жұмыс жеткілікті екенін аңғартып отыр. Мәселен, Halyk Finance зерттеу орталығы еліміздегі тегін меди­циналық қызметтерді қаржылан­дыру мөлшерін отырып көрсеткен. Инфографикада Қазақстандағы денсаулық сақтау шығындарына жұмсалатын қаражаттың ЖІӨ-ге қатынасы ЭЫДҰ елдеріндегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен екенін көруге болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бюджеттік қаржыландыру кезінде жүйенің қалыпты жұмыс істеуі үшін меди­цинаға жұмсалатын шығыстардың ең төменгі деңгейі дамыған мемлекеттерде ЖІӨ-нің 6-9%-ына және дамушы елдердегі ЖІӨ-нің кемінде 5% -ына жеткізуді ұсынады.

«Бәріміз біріміз үшін»

Мәселен, АҚШ-та денсаулық сақтау саласын бюджет емес, сақ­тандыру ұйымдары қаржылан­дырады. Нәтижесінде, медицина­лық ұйымдары тиімді жұмыс істейді. Америка Құрама Штаттары ғылыми зерттеулердің деңгейі мен тиімділігі бойынша әлемде жетекші орын алатыны жасырын емес. Ондағы денсаулық сақтау ең озық медициналық жабдықтармен, дәрі-дәрмектермен және керек-жарақ­тар­мен қамтамасыз етілген. Медицина саласындағы Нобель сыйлы­ғының көп бөлігін АҚШ өкілдері алады. Тіпті, соңғы 20 жылда жа­сал­ған барлық жаңа дәрі-дәрмек­тердің жартысына жуығы АҚШ-та жасалған. Табыс деңгейі бойынша да америкалық дәрігерлер басқа елдердегі әріптестерінен әлдеқайда жоғары.

Елімізде МӘМС жүйесі енгізілгенімен әлі де саланы мемлекеттік қаржыландыру жүйесі басым түсіп отыр. Мұны Денсаулық сақ­тау министрі төмендегідей түсін­діреді.

«МӘМС жүйесі – жинақтаушы емес және дербес шоттарды көзде­мейді, бірақ ынтымақтастық қағи­даты бойынша жұмыс істейді. Бұл медициналық көмекке жүгінбейтін азаматтардың жарналары жоғалып кетпейді, қайтарылмайды, бірақ емделуге мұқтаж басқа пациенттерге қайта бөлінеді дегенді білдіреді. Бұл, әсіресе құны 1 млн теңгеден 40 млн теңгеге дейінгі қымбат тұра­тын медициналық көмек көрсету жағдайларында, жинақтау жүйесі шеңберінде мүмкін емес айрықша технологияларды қолдану жағдай­ларында өте маңызды», – деген болатын ведомство басшысы.

С.Қайырбекова атындағы ұлт­тық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының 2022 жылғы есебіне сәйкес, әлеуметтік медици­налық сақтандыру қоры мемлекеттік денсаулық сақтау шығында­ры­ның 35%-ын қамтылған. Ал қалған 65%-ы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылған. Оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қамтамасыз ету шығындары – 54%, ал профи­лак­тикалық және емдік шараларды қамтитын бюджеттік бағдар­лама шығындары – 11%.

Дәрі-дәрмектің «дәрмені» қандай?

Halyk Finance аналити­калық орталығы маманда­рының айтуынша, халықтың қал­тасынан медици­налық қызметке төленетін төлем­дер кез келген елдегі халықтың қар­­жылық жүктеме­сінің өте маңыз­­ды көрсеткіші. Әлеуметтік ме­дициналық сақтан­дыру қоры­ның мәліметтеріне сүйенсек, МӘМС енгізудің әсері­нен азамат­тардың қалта шығы­сының көлемі 2019 жылғы 33,8%-дан 2022 жылы 31,1%-ға дейін қысқарған. 

Дегенмен тәуелсіз сарапшылар «Қазақстанда медициналық қыз­меттер мен дәрі-дәрмектерге ха­лық­тың қалтасынан төленетін төлем­дердің жалпы сомасы статис­тиканың жетілмегендігіне және бейресми төлемдерге байланысты айтарлықтай төмендетіліп отыр. Яғни, іс-жүзінде Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша ЭЫДҰ елдерінен айтарлықтай артта», – деген пікірді алға тартуда.

Қор мамандары өз кезегінде елімізде 2019 жылдан бері КТ/МРТ қызметтерінің қолжетімділігі 

7 есеге, ал оны қаржыландыру кө­лемі 9 есеге өсті. УДЗ қызметтерінің қол­жетімділігі 2 есеге және де қар­жы­ландыру көлемі 4 есеге өскенін мәлімдеп отыр. Сондай-ақ 10 және одан да көп күн күтетін консульта­циялық диагностикалық қызмет­тер­дің үлес салмағы, 2020 жылғы 14%-дан 2023 жылғы 9%-ға дейін айтарлықтай қысқарғанын жеткізді.

«Қазір Денсаулық сақтау министрлігі пациенттің бағытын оңтай­ландыру, кадрлық әлеуетті ұтымды пайдалану мақсатында медици­налық көмек көрсету тәртібі бо­йынша қажетті өзгерістер енгізу үшін қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаны талдау бойынша, сондай-ақ жүгіну мен аурудың себебіне байланысты клиникалық-диагностикалық зерттеулер тізбесі бойынша жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар қолданыстағы бизнес-процестер, оның ішінде ақпараттық жүйелерде де жетілдірілуде. Бұл шаралар емханалардағы кезектерді қысқартуға, бастапқы буын жұмы­сының жеделдігін арттыруға, меди­циналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді», – дейді Дамир Көпжасаров.

Мемлекет басшысы да халыққа Жолдауында жаһандық фармацев­тикалық корпорациялармен ын­тымақтастықты жандандыруды, инвесторларды тартуды, технологиялар мен жаңа әзірлемелердің трансфертін қамтамасыз етуді, отандық өндірушілермен оффтейк-келісімшарттардың көлемі мен номенклатурасын кеңейтуді және отандық өндірістің дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарының үлесін 2025 жылдың өзінде-ақ 50%-ға дейін жеткізуді тапсырған еді.

Жақында Сенаторлар қолже­тім­ді медицинаға мұқтаж елдердің дәрілік препаратқа қол жеткізуді жеңілдетуге бағытталған заңды да қарады. «Зияткерлік меншік құ­қықтарының сауда аспектілері жө­ніндегі келісімге толықтыру ен­гізу туралы хаттаманы ратифика­циялау туралы» заң ДСҰ-ға қа­тысушы елдерге патенттелген дәрі-дәрмекті экспортқа мәжбүр­леу лицензиясы бойынша құқық иесінің рұқсатынсыз дәрілік зат­тарды өндіру құқығын береді. 

Сенаторлардың айтуынша, заң­ның қабылдануы дәрілік пре­параттарға қолжетімділікті жеңіл­детуге, елдегі фармацевтика өнер­кәсібін дамытуға жәрдемдесуге, сондай-ақ сауданы дамыту үшін Қазақстанның әлемдік нарықтарға қол жеткізуіне қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етпек.

Кез келген елдің бүкіл ден­саулық сақтау жүйесінің тиімділігін орташа өмір сүру ұзақтығы арқылы бағалауға болады. Кеңес одағы дәуірінде, 1987 жылы еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы 69,3 жыл болған. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл көрсеткіш тұрақты түрде төмендей бастады және 1996 жылға қарай 64,1 жыл деңгейіне түсті. Яғни, 9 жылда 5,2 жылға төмендеп, 1978 жылғы көрсеткіш – 64,2 жыл­ға жақындаған. Еліміз тек 2011 жыл­ға қарай 1987 жылғы көрсет­кіштерге қол жеткізе алған болатын. Денсаулық сақтау министр­лігінің мәліметінше, былтырғы жыл­дың сәуір айында бұл көрсет­кіш 74,44 жасқа дейін өскен. Бұл еуропалық көрсеткіштен 10-11 жылға аз. БҰҰ-ның 2022 жылдың нау­рызында жарияланған Life Expectancy Index атты зерттеуінде Қа­зақстан өмір сүру ұзақтығының ин­дексі бойынша әлемде 167-орын­­ға ие. Осыдан-ақ елдің ден­­саулық сақтау жүйесінің тиім­ділігін бағамдауға болады.

Кәмила ЕРКІН