Мұны күнделікті тіршілікте өндіріс орындарына қоңсылас орналасқан елді мекендердегі топырақ қабаты мен ауаның, өзендері мен көлдердің ластануынан анық аңғаруға болады. Алайда заң талаптарын өрескел бұзып, қоршаған ортаны аса ауыр зиянды қалдықтарға толтырған жағдайларды қолмен істегендер асып кетсе, айыппұлмен құтылып жатқанын байқап жүрміз.
Ақмола облысындағы Степногорск қаласының іргесінде орналасқан шағын ғана Ақсу және Заводской кенттерінің айналасы ірі өндіріс ошақтарынан ешқашан арылған емес. Керісінше, жыл санап көбейіп келе жатқандай. Өткен ғасырдың сонау 1930 жылдарында-ақ бұл елді мекендер орналасқан аймақта алтын өндіріле бастаған. Кейінірек сол мол алтын қоры бар аймақта ірі кен орындары мен шахталар, үйлер, тау-тау болған қалдық үйінділер, қазылған терең шұңқыр карьерлер пайда болған. Қазір өндірістік аймақтағы екі ірі кенттің тұрғындары алтын өндіру компанияларында, Степногорск ЖЭС-де, сондай-ақ подшипник зауыттарында жұмыс істейді.
Ақсу кентінің белсенді тұрғындарының бірі Григорий Вингертер бірнеше жыл бойы зерттеу жүргізудің арқасында Ақсу және Заводской кенті мектептерінде радон сәулеленуінің шектен тыс жоғары екенін анықтайды. Бұған 2022 жылы жергілікті СЭС қызметі арқылы тексеріс жүргізген кезде куә болыпты. Алайда сол екі жылдан бері жергілікті әкімдіктен бастап, қала және облыс әкімдігі, Денсаулық сақтау басқармасы мен министрлігіне, Экология министрлігіне тиісті құжатпен расталған дәлелдерін тапсыра отырып, хат жазғанымен, білім ордаларында балалардың ағзасындағы қорғасын бар ма, жоқ па дегенді анықтайтын скринингтік тексеріс жүргізе алмай келеді.
«Біріншіден, кен өндіру кезінде тұрғындардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төнеді. Жоғарыдағы кент тұрғындары үйлерінің кейбірі, тіпті жөндеуге де келмей қалған. Тұрғындар біртіндеп басқа аймақтарға көшіріліп жатқанымен, мәселе түбегейлі шешімін таппай тұр. Екіншіден, Заводской және Ақсу кенттерінде радиациялық және радондық сәулелену аса жоғары. Иондаушы материалдың техногенді ошағы тұрғындардың өмірі мен денсаулығына өте үлкен қауіп төндіріп тұр. Тексеріс қорытындысы бойынша халықтың техногенді көздерден сәулелену мөлшерінің қалыпты нормасы 1 миллизиверт (1мЗв) болса, мұнда іс жүзінде жылына 6,5 м3в-ке жетті. Халықаралық радиациялық қорғаныс жөніндегі комиссия да жылына 1м3в мөлшерді қалыпты, 1-5-ке дейінгі сәулеленуді төтенше экологиялық жағдай, ал 5м3в асқан жағдайда экологиялық апат ретінде тануды ұсынған. Ақсуда топырақтың құрамындағы қорғасынның да деңгейі өсіп кеткен. Бұл балалардың ақыл-есі мен дамуының тежелуіне әкеліп соғатын болып шықты. Әрі жүргізілген тексеріс бойынша ең көп радон сәулеленуі білім ордаларында екені анықталды. Бұған дәлел соңғы 2023 жылы ғана Заводской кентінде 8 бала, Ақсу кентіндегі тағы 8 бала аутизмге шалдыққаны осы сөзіме айқын дәлел», – дейді Г.Вингертер.
Григорий Вингертердің жүргізген зерттеулерінен кейін іске кіріскен Астана медицина университеті мен Жапонияның Цукуба университеті де мектеп ғимараттарындағы радон мөлшерінің шамадан тыс мөлшерде екенін анықтаған. Зерттеу нәтижесі бойынша мектептің барлық қабатында радон белсенділігі 6965Бк/м3-тен асып кеткенін анықтаған. Қалыпты мөлшер 200 Бк/м3 ғана. Ал осыдан кейін СЭС қызметкерлері жүргізген тексерісте бұдан да жоғарылап 7391 Бк/м3 яғни қалыпты көрсеткіштен 37 есе артық болып шыққан.
Қоғам белсендісі түйткілді мәселені шешу үшін тек жергілікті масштабта төтенше жағдай жариялау арқылы елді мекендегі тұрғындарды қауіпсіз орындарға көшіру мәселені біржақты шешуге ықпал етуге тиіс деп санайды. Түйткілді мәселені шешу мақсатында мемлекеттік құзырлы органға бірнеше мәрте хат жолданып, арада хат алмасу өткенімен, еш нәтиже болмаған. Мұнымен қоса, ол өңірде радон сәулеленуі мен радиациялық қауіп халықтан мұқият жасырылған деп санайтынын жеткізді.
Балалардың ағзасына скринингтік тексеріс жүргізуді сұрағанымен, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы оның Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен талапқа сай келмейтінін, сондықтан тексеріс жүргізілмейтінін мәлімдеген.
«Ақсу және Заводской кенті балаларының ағзасында қорғасынның бар-жоғына скринингтік зерттеу жүргізуге қатысты Қазақстан Республикасында балаларға скрининг Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының 2020 жылдың 30 қазанындағы №ҚР ДСМ-174/2020 «Скринингтік зерттеулерге жатқызылған мақсатты тұлғалар тобын бекіту сонымен қатар аталған зерттеулерді өткізу көлемі мен кезеңділігі туралы» бұйрығына сәйкес өткізіледі. Талдау барысында Ақсу және Заводской кентінде балалар арасында аурудың өсуі байқалмады. Анықтама түрінде келтірсек, қорғасынның бала ағзасындағы әрекеті қан аурулары, есту қабілетінің ішінара бұзылуы, гипербелсенділік, жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуі, ақылы мен физикалық дамуының төмендеуіне әкеліп соғады. Өз кезегінде басқарма «Алтын Алмас» ЖШС-ның әкімшілігіне Қазақстан Республикасының Әкімшілік іс жүргізу кодексінің 91-бабының 3-тармағына сәйкес қажетті зерттеу өткізуге ықпал ету туралы хат жолдады», – деді Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Елена Иванова.
Степногорск қаласы әкімдігі аталған мәселеге орай арнайы жиын ұйымдастырылып, оның қорытындысы бойынша Степногор қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен Төтенше жағдайлар басқармасына міндет жүктелгенін жеткізді.
«2023 жылдың 29 қыркүйегінде өткізілген жиын хаттамасына сәйкес Степногорск қалалық СЭС басқармасына ауыр металдардың бар-жоғын анықтау үшін топырақты зерттеу сынамаларын алуға Ақмола облысының Экология департаметіне хат жолданды.Тиісті жағдайды бақылауға алу қалалық СЭС басқармасы мен Төтенше жағдайлар басқармасына жүктелген», – делінген Степногорск қаласы әкімдігінің жауабында.
Тиісті тексеріс жүргізген Степногорск қалалық СЭС басқармасы расында да, судың құрамында қорғасынның рұқсат етілген мөлшерден аса жоғары екенін анықтаған.
«Суда қорғасынның бар-жоғын анықтау мақсатында СЭС басқармасы Ақсу және Степногорскінің орталықтандырылған ауызсуын, Сілеті су қоймасын, Ақсу өзенінің суына мониторинг жүргізді. Суда қалыпты қорғасын мөлшері 0,03мг/дм3 болуға тиіс. Бірақ зерттеу нәтижелері бойынша 9 сынамада алынған суда қорғасынның шамадан тыс көп екені анықталды. Сондай-ақ басқарма Ақсу кентінің маңындағы аумақтың топырағында ауыр металлардың болу-болмауын анықтау үшін жүргізген мониторинг бойынша да қорғасынның 0,5-тен 118,0 мг/кг-ға дейін екені анықтады. Ал қалыпты деңгей 32,0 мг/келіден аспауға тиіс. Топырақтан алынған қорытындыларды одан әрі өз құзыреті шеңберінде шара қолдану үшін Ақмола облысының Экология департаментіне жолдады», – дейді Степногорск қалалық СЭС басқармасының басшысы Гулюза Абрамович.
Алайда Экология департаменті бұл түйткілдің өз құзыретіне кірмейтінін туралы мәлімдепті.
«Топырақтың қорғасынмен ластануы туралы мәліметті тексеру департаменттің сынақ зертханасының аккредиттеу саласына кірмеуіне байланысты тексеріс жүргізу мүмкін емес. Сонымен қатар Степногорск қалалық СЭС ақпаратына сәйкес Ақсу кенті тұрғындарының өтініші бойынша ауыр металл тұздарының құрамына топырақ сынамалары алынды. Онда қорғасын құрамының артуы анықталды. Қазір Ақсу кенті маңында бірқатар ірі өнеркәсіптік кәсіпорын орналасқан. Әкімшілік ден қою шаралары үшін топырақта қорғасынның болу себебін анықтау, сондай-ақ топырақта қорғасынның болуы мен белгілі бір кәсіпорынның қызметі арасындағы тікелей байланысты анықтауы қажет. Ол үшін мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қосымша зерттеулер жүргізуі қажет. Бұл бағыттағы жұмыс мемлекеттік органдармен ынтымақтастықта жүргізілетін болады», – деді Ақмола облысы Экология департаменті басшысының орынбасары Ержан Ахметов.
Сонымен, әзірге балалардың ағзасына қауіп төндіріп тұрған радон сәулеленуі мен топырақта қорғасынның бар болу мүмкіндігі аса жоғары екенін іргелі жоғары оқу орындарының зерттеулері растағанымен, мемлекеттік құзырлы органдар бүлдіршіндердің денсаулығын тексеруге асығар емес. Болашақ ұрпақтың денсаулығына ауыр қатер төнуі расталғандықтан, құзырлы министрліктер мен ведомстволардың аталған жағдайға дереу арада назар аударып, тиісті тексеріс жүргізіп, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шара қабылдауы жөн деген ойдамыз...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы