Әрбір елдің төл құнды мирасын қаншалықты ардақтап, ұрпақтан-ұрпаққа ұластырып келе жатқанын ЮНЕСКО өзінің мәдени мұралар тізімінде тіркейді. Қазақстан бұл тізімді беташар, салбурын, кестелеу өнері сияқты бабалар мұрасымен толтыруға талпыныс жасап жатыр.
Тізімдердің ең ұлығы
Мына қызықты қараңыз! ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік мұралар тізіміне» 193 мемлекеттегі 1 200-ден астам объекті кіреді. Бұл тізімде бірінші орында Италия тұр: 55 мұра нысаны бар. Оған Рим, Сиена, Неаполь тарихи орталықтары немесе Виченца, Верона, Портовенере секілді тұтас қалалар, тіпті Этна жанартауы, Доломит Альпі таулары сияқты табиғи нысандар кірген.
Ондықтан сондай-ақ Қытай (54), Германия (51), Франция (49), Испания (49), Ұлыбритания (33), Үндістан (40), Мексика (35), Ресей (31) және Иран (27) тізімге мол мұра қосқызған елдердің қатарында.
ЮНЕСКО-ның дәл осы мұралар тізіміне Қазақстаннан әзірге тек 6 нысан қосылды: бұлар – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі (2003), Тамғалы (Таңбалы) тас археологиялық кешеніндегі петроглифтер (2004), еліміздің солтүстігіндегі «Сарыарқа» даласы мен көлдері (2008), Ұлы Жібек жолының тармақтары және көне қалалар (2014), Батыс Тянь-Шань таулары мен қорықтары (2016) және Тұран шөлді-ойпатты жазығы (2023 жыл).
БҰҰ-ның білім беру, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі осы ұйымының мұралар тізіміне сарайлар, кесенелер мен храмдар, қала орталықтары мен тұтас тарихи шаһарлар, табиғи ғажайыптар, бақшалар, көне үңгірлер, таулар және басқа да толып жатқан, туристер үшін тартымды орындар кіреді.
Ал енді ЮНЕСКО-ның «Материалдық емес мәдени мұралар тізімінің» (оны «Адамзаттың ауызша шедеврлері мен материалдық емес мәдени мұраларының тізімі» деп те атайды) рейтингінде мемлекеттердің орны мүлдем басқаша.
Мысалы, алдыңғы тізімнің көшбасшысы болған Италияның жаһандық мәдени мұралар тізіміне небәрі 5 мұрасы енген. Алдыңғы рейтингте ондыққа еркін еніп тұрған Ресейде бұл тізімде айтуға ұят екі ғана нысаны бар. Бұлар Байкалдағы староверлардың мәдени кеңістігі мен отбасылық ауызша шығармашылығы және Сақаның (якут) «Олонхо» батырлар жыры.
Оған қарағанда Қазақстан салмақты. Қазақ елі тәуелсіздіктің небәрі үш онжылдығында ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне 13 нысанын енгізе алды. Бұл жөнінен бүкіл Азияның, ТМД-ның көшбасшыларының бірі.
Осы тізімге Қазақстан атынан Наурыз (2009, өзге елдермен бірге); Киіз үй жасау және жинау дағдылары (2014); Күй өнері (2014); Айтыс (2015); Күрес (2016); Саятшылық, сұңқармен аң аулау (2016, араб, Еуропа, Корея, Моңғолия сияқты өзге елдермен бірге); Қатырма жұқа нан, жупка, юфка, лаваш жасау өнері (өзгелермен бірге, 2016); Қазақтың дәстүрлі ойыны: асық ату (2017); Атбегілердің көктемгі жоралғылары (2017); Қорқыт Ата мұрасы (2018); Дәстүрлі зияткерлік және стратегиялық ойын: тоғызқұмалақ, тогуз коргоол, мангала/гёчюрме (өзге елдермен бірге, 2020); Ортеке – Қазақстанның дәстүрлі орындаушылық өнері: би, қуыршақ және музыка (2022 жыл); Қожанасырдың әзіл әңгімелері (өзге елдермен бірге, 2022 жыл).
Мәдениеттанушы Маржан Қалмаханқызы ЮНЕСКО-ның барлық тізіміндегі ең ұлығы да – осы материалдық емес мәдени мұралар тізімі екенін айтады.
– ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеті осы аттас конвенцияға қосылған барлық мемлекеттің ұсынған кандидатураларын бағалау үшін жыл сайын бірнеше рет жиын өткізеді. Қазақстанда кейінгі жылдары бұл бағытта жұмыс саябырсып қалғанға ұқсайды. Мысалы, 2023 жылдың соңында, 4-9 желтоқсанда Ботсванада ЮНЕСКО-ның үкіметаралық кеңесінің сессиясы өтті. Комитет былтыр тізімге 72 ел ұсынған 55 жаңа элементті қосты. Осылайша, материалдық емес мұралар саны 730-ға жетті. Арасына бірде-бір жаңа қазақстандық нысан кірмеді, – деді мәдениеттанушы.
Ұлттың «иммунитеті» тозбасын десек...
Сарапшының айтуынша, былтыр Түркия – зәйтүн өсіріп жинауды, Тәжікстан – атлас пен адрас маталарын дайындау дағдысын, Түрікменстан – ақалтеке тұлпарларын безендіру, көркемдеу дәстүрін, Армения – Гюмридегі дәстүрлі ұсталар ісін, Әзербайжан, Түркия, Тәжікстан мен Өзбекстан қолжазбалар мен каллиграфиялық мәтіндерде ертеден қолданылатын «Иллюминация» декоративті өнерін, Әзербайжан мен Түркия «балабан» сыбызғысын дайындау дәстүрін адамзаттың мәдени мұрасына енгізе алды.
«Мысалы, соның ішінде 2023 жылы Өзбекстан – қыштан түрлі бұйым жасау дәстүрін, Әзербайжан, Түркия мен Өзбекстан – Рамазан айында мұсылмандардың ауыз бекіту, ауыз ашу, ифтар жасауын, Қырғызстан – жалғыз өзі «элечек» (бізше кимешек) әйелдердің баскиімін орау салтын ЮНЕСКО тізіміне кіргізді. Бұлардың бәріне Қазақстан қосыла алатын еді, бізде де бар ғой. Бұл жауапты тұлғалардың алыс шетел түгіл іргедегі елдермен осы салада тығыз ынтымақтаспайтынын көрсетеді. Бұл ретте Әзербайжанды үлгі етуге болады. Ол жыл сайын дерлік өз нысанын қосады, осы мақсатта өзге елдермен тізе қоса қимылдайды. Әзербайжанның тізімдегі мұраларының саны отызға жуықтады. Сөйтіп, әлемдік ондыққа кірді», – деді Маржан Қалмаханқызы.
Сарапшылардың айтуынша, қазақта адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасына енгізе алатын кандидаттары жоқ емес, көп! Тек ілгерілету жағы кемшін көрінеді. Оған мәдениеттанушылар қазақтың түрлі әдет-ғұрпын, салт-дәстүрлерін, ұлттық тәлім-тәрбие тәсілдерін, қаптаған той жоралғыларын, теміршілік-ұсталық, садақшылық, құдық шегендеуші, құсбегілік, аңшылық, ұлттық дағдылар, ән, жыр, дастан, қисса, бата, жоқтау, сыңсу, жарапазан, жұмбақ, жаңылтпаш, ұлттық мейрамдар дәстүрлерін нақты тізімдеп берген.
Соның ішінен іріктелгенінің өзі жүзге жуық элемент. Онда олар неге әлемдік тізімнен табылмай тұр? Ол тізімге кіру әлем алдындағы бедел ғана емес, ұлттық мәдени мұраны сақтап қалудың пәрменді тетігі. Өйткені өз тізіміне кірген материалдық емес мәдени мұралардың жойылып кетпеуін ЮНЕСКО-ның өзі қадағалап, қажет болса, оны дамытуға қаражат бөледі екен.
Мысалы, бұл ұйымның әлгінде аталған үкіметаралық комитеті 2023 жылғы желтоқсандағы сессиясында осындай көмегі ретінде Зимбабвеге 321 300 доллар, Парагвайға 74 500 доллар грант бөлді. Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенция құрылғалы, ЮНЕСКО әлемде 140-тан астам жобаны қаржыландырып, 70-тен аса елге 12 миллион доллардан аса қайтарымсыз грант берген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда: «Тамыры терең төл шежіреміз – халқымыздың мәдени коды. Оны жан-жақты зерттеп, сақтап, ой елегінен өткізуге, дәріптеуге қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі», – деп міндет қойды. Үкімет осы міндеттің үдесінен қаншалықты шығып отыр?
Жаһандық тізімге ата-баба мұрасын енгізу бағытында белсенділік таныту керегін биыл «AMANAT» партиясының парламенттік фракциясының депутаттары айтып, Үкіметке қозғау салған болатын.
– Материалдық емес құндылықтар – ұлттың иммунитеті! Көзбен көруге, қолмен ұстауға келмейтін, бірақ жаныңмен сезінетін осы құндылықтар болмаса, ұлттың жаны жалаңаштанады. Құндылықтан айырылған ұрпақ рухани азып, ұлттық сана әлсірейді. Біржыныстылық, педофилизм, зорлық-зомбылық, әке-шешені сыйламау, туыстық қатынастың үзілуі, отбасылық құндылықтардың әлсіреуі аспаннан түскен жоқ! Сол материалдық емес рухани мұралардан тамыр үзген ұрпақтың бойындағы кеселдер, – деді Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан.
Жаһандық тізім қандай мұрамен толығады?
Үкіметтің 2013 жылғы 29 сәуірдегі №408 Қаулысымен Материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту жөніндегі тұжырымдама қабылдаған-тын. Алайда депутаттардың мәліметінше, бұл Тұжырымдама қабылданған күйі қағаз жүзінде қалды. Материалдық емес мәдени мұраны анықтау, құжаттау, зерттеу, сақтау, жаңғырту, материалдық емес мұрамен айналысатын тұлғаларды қолдау секілді міндеттердің бірі де орындалған жоқ.
Ж.Әшімжановтың айтуынша, алысқа бармай-ақ көрші қырғыздар адамзаттың мәдени мұрасына әрбір эпосын жеке-жеке кіргізе алып жатыр. Шағын ғана Қырғыз Республикасы «Манас» туралы жеке заң қабылдады. Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізбесіне қырғыздың мәдени мұрасының 3 теңдессіз туындысы бөлек-бөлек енгізілді.
– Бізде заң түгіл сынық сүйем құжат жоқ. Материалдық емес рухани мұраны сақтаушыларды тізімге алу, сақтау, қорғау жұмысы мемлекеттік саясат ретінде ешқашан республика түгіл, өңірлерде жүрігізілмеген. Өз бетінше ізденіп, жаяу-жалпылы экспедиция жасап жүрген санаулы ғана жанкештілер бар. 2003 жылғы Париж конвенциясына сәйкес, Қазақстан ЮНЕСКО-ға Материалдық емес мәдени мұраны қорғау, зерттеу туралы бес жыл сайын есеп беруге міндетті. Жасалмаған жұмыстардың есебі қалай жасалып жатқаны беймәлім, – деді Мәжіліс депутаты.
Үкіметте мәдениет саласына жауап беретін тұлға – вице-премьер Тамара Дүйсенованың сендіруінше, бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Ол Үкімет қаулысымен 2013 жылы Материалдық емес мәдени мұраның Ұлттық тізімі бекітілгенін еске салды.
2023 жылы оған толықтырулар енгізілді. Тарата айтқанда, 2013 жылғы ұлттық тізімге беташар, айтыс, батырлар жыры сияқты небары 45 элемент енгізілсе, арада он жыл өткенде, 2023 жылғы 14 желтоқсанда ол 88 ұлттық элементпен толықтырылды.
Ұлттық тізбеге енгізілетін элементті айқындаумен бүгінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан арнайы құрылған Мәдениет саласындағы тұрақты жұмыс істейтін комиссия айналысады. Сондай-ақ 2023 жылғы 29 маусымда Ұлттық тізбені жүргізу секциясы құрылды.
– Қазіргі уақытта ЮНЕСКО-ның Мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне Қазақстан атынан материалдық емес мәдени мұраның 13 элементі енгізілген. Мұның сыртында оған қосу үшін қазақ мәдениетіне қатысты 2 элементті – беташар мен салбурынды ЮНЕСКО-ның бағалау комитеті қарастырып жатыр. Олар Материалдық емес мәдени мұра конвенциясының үкіметаралық комитетінің 2024-2025 жылдарға арналған жоспарына енгізіледі. Сонымен қатар 2024-2025 жылдары үйлестірушісі Өзбекстан болып табылатын «сюзанна-кестелеу өнері» бойынша көпұлтты номинацияға Қазақстанның да қосылуы жоспарланып отыр, – деп хабарлады Тамара Дүйсенова.
Үкімет басшысы орынбасарының мәлімдеуінше, Қазақстан конвенцияға қатысушы мемлекет ретінде 2024 жылы ЮНЕСКО-ның аталған үкіметаралық комитетіне мерзімді есеп беруі тиіс. Бұл есеп биылғы 15 маусым – 15 желтоқсан аралығынан кешіктірілмей жіберілуі керек. Мерзімді есепті дайындау үшін ведомствоаралық комиссия құрылды.
Ол есепте мемлекет Репрезентативті тізімге енгізілген ұлттық элементтерді кеңінен насихаттау және пайдалану бойынша не істегенін баяндауы қажет. Бұл бағытта не істелгенін, өңірлерде қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын анықтау үшін Үкімет сараптамалық топ құрыпты.
Қалай болғанда, аталған жұмыстар жан-жақты болғаны және тегеурінді қарқын алғаны маңызды. Соның арқасында байырғы замандардан бері ұлтымыздың өмір тіршілігі, көңіл күйі, салт-санасы, өндірісі мен тұрмысы, мінез-құлық өлшемі туралы мағлұматтар беретін қазақ мәдениеті мен әдебиетінің өте құнды мұралары сақталып, жаһанға танылып, дәріптеледі, қазақтың рухы да жаңғырады.
Айхан ШӘРІП