Киносыйлықтың биылғы ерекшелігі – жүлде тарихында алғаш рет көпшілік дауыс беру нәтижесі бойынша арнайы «Көрермен таңдауы» деп аталатын жаңа номинациясы табысталды. Сонымен, «Үздік драма» аталымы бойынша сынға түскен үміткерлердің арасында продюсер Ардақ Әмірқұловтың «Жел тоқтаған жер» фильмі үздік деп танылды. Онымен қоса, аталған фильм кеште бір емес, үш бірдей жүлдені қанжығасына байлап қайтты. Фильмнің қоюшы-суретшісі Өмірзақ Шманов «Үздік қоюшы-суретші» номинациясы бойынша топ жарса, фильмдегі кейіпкер Жанар Шоқпанова «Үздік әйел бейнесі» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Мұндай сәттілікке «Жел тоқтаған жер» фильмінен бөлек тағы екі фильм қол жеткізді. «Шәйнек сатып алған ару» («Она купила чайник») фильмінің режиссері Нариман Төребаев «Үздік режиссер» аталымы бойынша үздік деп бағаланса, «Үздік монтаж» номинациясының жүлдесі де «Шәйнек сатып алған аруға» бұйырды. Сондай-ақ киносыншылар қауымдастығы «Үздік музыка» аталымымен Ғалымжан Секеевті жеңімпаз деп ұйғарды. Екі бірдей жүлдені қоржынына салған кезекті отандық фильм – «Кішкентай самурай» (Маленький самурай»). Атап айтсақ, «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» номинациясы бойынша белгілі актриса, «Канн» фестивалі сыйлығының иегері Самал Еслямова жүлде иегері атанса, «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» аталымында Ақтан Арым Құбаттың рөлі жоғары бағаланды.
2022 жылы ұлттық арна эфирінде телехикая ретінде ұсынылған «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі былтыр күзде кинотеатрларға жол тартқан еді. Аз уақыттың ішінде көптің көңілінен шығып, жоғары кассаға ие болған фильм «Сыншылар таңдауында» да үздіктер қатарынан көрінді. Фильмнің басты кейіпкері Міржақыптың рөлін сомдаушы, бағы мен бабы қатар шапқан актер Бақыт Қажыбаев «Үздік ер адам бейнесі» аталымы бойынша тұғырдан көрінсе, халықтың дауыс беруінің нәтижесінде үміткерлер арасынан суырылып шыққан фильм «Көрермен таңдауы» жүлдесінің иегері деп танылды. Одан өзге, үздіктер қатарына ілінген фильмдер арасында «Өлсең де есіңе түсір» (Умри или вспомни») (Үздік жанрлық фильм), «Бауырына салу» фильмінің актері Асхат Кучинчиреков (Үздік дебют), «Айқай» фильмінің сценарийсі Кенжебек Шайқақов (Үздік сценарий), «Мадина» фильмінің операторы Айгүл Нұрболатова (Үздік оператор), «Дәстүр» фильмінің саундтрегі Аль Nasr feat. RaiM-ның орындауындағы «Дала ерлері» әні (Үздік ән) бар.
МҰНДАЙ ЖОБА АВТОРЛАР ҮШІН ҚАЖЕТ
Кеш соңына жеткеннен кейін номинанттар мен фильмге бағасын берген әділқазылар алқасын әңгімемізге тарттық. Үлкен экранда жарық көрген туындысы қос бірдей жүлдені иеленген «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінің режиссері Мұрат Есжан «Сыншылар таңдауы» киносыйлығы киноиндустрия саласындағы мамандар үшін ғана емес, көзі қарақты көрермен үшін де аса маңызды жоба екенін атап өтті.
– Ең біріншіден, мұндай жоба авторлар үшін қажет. Олар өзінің жасаған туындысының қандай да бір топқа түскенін қалайды. Жарық көрген фильмдердің арасында көрерменге жететіні, кейде жетпейтіні бар. Жүлдеге іліну, жеңуге деген ұмтылыс – адамның табиғатында бар стимул. Екіншіден, осындай іс-шаралар көрермен үшін маңызды. Кейде оларға жақсы, сапалы туындыларды таңдап беру қажет болады. Өзіне не қажет екенін білмей жүрген көрермен үздік шыққан фильмдерді тамашалайды, олардың не үшін жоғары бағаланғанына ой жүгіртеді. Әрине, әр номинация бойынша үздік деп танылғандар сол жүлдеге лайықты. Өйткені номинанттардың жұмысына баға берген киносыншылар өз саласын жақсы біледі. Сондықтан бұл ретте жүлдегерлерге күмән келтіруге ешқандай хақымыз жоқ деп ойлаймын, – деді режиссер М. Есжан. Сондай-ақ режиссер алдағы уақытта балаларға арналған туындыларды жарыққа шығару жоспарда бар екенін жеткізді.
ДЕБЮТАНТТАР ҮШІН ЖАҚСЫ МҮМКІНДІК
Кеште «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» аталымы бойынша «Бүркіт» фильміндегі рөлі үшін сынға түскен үміткерлердің бірі тыңдарманның сүйіктісіне айналған – Ғалымжан Молданазар. Ол әңгіме барысында киноиндустрия саласындағы үздік туындылар мен авторлардың есімін анықтайтын жоба, әсіресе дебютанттар үшін үлкен мүмкіндік екенін негізге алды. Дегенмен әншінің өзіндік бағамдауы бойынша жүлде нәтижесіне келіспейтін тұстары да жоқ емес.
– Жүлдеге ұсынылған фильмдер жайлы шешім шығарып, жеке пікірімді айту үшін алдымен барлық туындыны қарау керек. Сондықтан фильмдер жайлы ешнәрсе айта алмаймын. Бірақ саундтрек жанры бойынша нәтижеге көңілім толмайды. Менің ойымша, Әселдің музыкасы үздік болды. Десек те, осындай іс-шаралардың қоғам үшін, мамандар үшін маңызы өте зор. Өйткені бұл кино әлеміндегі кәсіби мамандардың басын қосатын алаң. Жеңімпаздар Қазақфильмнің атынан қолдау жеңіп алды. Осындай қолдау мен тағайындалған жүлделер өнер иелерінің жаңа туындыларды жарыққа шығаруына құлшыныс береді. Әсіресе, дебютанттар үшін жақсы мүмкіндік дер едім, – деді әнші Ғ.Молданазар.
ТАҚЫРЫПТЫҢ КӨРЕРМЕНГЕ ҚАЛАЙ ЖЕТКІЗІЛГЕНІ МАҢЫЗДЫ
Ал жүлдеге ұсынылған фильмдерге қазылық еткендердің бірі киносыншылар қауымдастығының мүшесі, кинотанушы – Дана Әмірбекова. Ол негізгі ереже бойынша жобаның кинотеатрларда көрсетілетін фильмдермен шектелмейтінін, онымен қоса прокатқа шықпаған фильмдерге де мән беретінін айтты. Киносыншының сөзінше, прокатқа шықпаған фильмдер негізінен сапалы туынды болып келеді. Дегенмен продюсерлік немесе дистрибьюция тұрғысынан мүмкіндік болмағандықтан, үлкен экранға жетпей, халықтың назарына ұсынылмай жатады. Сондықтан жүлдеге ұсынылған кейбір фильмдер жайлы көрерменнің мағлұматы аз болуы мүмкін. «Мұндай фильмдер нағыз кәсіби мамандардың туындысы болғандықтан, олардың арасында режиссерлік әрі стиль тұрғысынан өте терең тақырыпты қозғайтын туындылар кездеседі», – дейді ол. Дана Әмірбекова үміткерлерге және ұсынылған фильмге қойылатын басты талаптарды тізіп өтті.
– Біз көбіне жанрлық туындыларды кинотеатрдан тамашалаймыз. Алайда олар көп жағдайда бір жанрда түсірілген, қозғайтын тақырыптары да шектеулі. Ал авторлық кино туралы айтар болсақ, олар әртүрлі тақырыпты қаузайды. Халықтың жанайқайын, қоғамдағы түйткілді мәселелерді жараны тырнағандай етіп ашып көрсетеді. Осы ретте біз режиссерлердің тақырыбымен ғана шектеліп қалмаймыз. Кинода тақырыптың не жайында емес, оның көрерменге қалай жеткізілгені маңызды. Біз киноның тіліне, режиссердің түсіру мәнерінің қалыптасуына, маманның тақырыпқа үңілген кезде экранға басқалардан ерекше не ұсына алатынына баса мән береміз. Кеште «Үздік режиссер» номинациясының жеңімпазы атанған Нариман Төребаев – осы уақытқа дейін өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, түсіру мәнері ешкімге ұқсамайтын маман, – деді киносыншы.
КИНОИНДУСТРИЯНЫҢ КЕМШІН ТҰСТАРЫ
Тағы бір маңызды атап өтерлік жайт, жыл сайынғы дәстүрге айналған киносыйлық ұйымдастырушылардың, нақтырақ айтсақ, Қазақстан киносыншылар қауымдастығы мүшелерінің өз күшімен өткізіледі. Осы тұста киносыншы отандық киноиндустрияны дамытудағы кемшін тұстарымызды да түйреп өтті. Киносыншының айтуынша, сапасыз фильмдердің жарыққа шығуы – теорияның аздығынан, мемлекет тарапынан толыққанды қолдаудың болмауынан.
– Біздің жүлдеміз мемлекетке тиесілі емес. Бір жағынан ол, әрине, өкінішті. Биыл елімізде 80-ге жуық фильм жарыққа шықты. Бірақ бірде-бір толықметрлі көркемсуретті фильмдерге арналған кинофестиваліміз жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Евразия», «Шәкен жұлдыздары» сынды байқаулар өткізілгенімен, қазір олар тоқтап қалды. Шыны керек, мемлекет тарапынан кино саласына көңіл бөлу жоқтың қасы. Еуропа тәжірибесіне үңіліп қарасақ, оларда әртүрлі бағыттағы фильмдерге арналған жеке фестивальдар бар. Сондай-ақ Еуропа елдерінде жылына әр режиссердің шығармашылығын зерттейтін кітаптарды басып шығарады. Онымен қоса, киноға арналған ғылыми журналдары тағы бар. Сондықтан Еуропа елдерінің киноиндустрия саласы қазір даму үстінде келе жатыр деуге негіз бар. Ал бізде неге саны бар, сапасы жоқ фильмдер бар? Себебі бұл теорияның аздығынан, қолдаудың жоғынан. Меніңше, жүлденің мемлекетке тиесілі болмауы бір жағынан дұрыс сияқты. Себебі біз тәуелсізбіз, ешкімге бағынбаймыз, ешкімнің айтқанын тыңдауға міндетті емеспіз. Біз өнер иелеріне әрқашан әділ баға бере аламыз деп есептеймін, – деп сөзін түйіндеді киносыншы Д.Әмірбекова.
Естеріңізге салайық, Қазақстан киносыншылар қауымдастығы өз жұмысын 2015 жылдан бері жалғастырып келеді. Алайда «Сыншылар таңдауы» әлемдегі пандемиялық ахуалға байланысты үзіліс алған еді. Биыл қауымдастық жаңа мүшелермен толықты. Қазір оған 26 кәсіби маман мүшелік етеді.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы