Оралда бастауыш сынып мұғалімі Надежда Никитинаны өз пәтерінде өлтіріп кетті, – деп хабарлайды Aiqyn.kz Мой город сайтына сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, іс 99-бап "Кісі өлтіру" бойынша тергеліп жатыр. Жедел іздестіру шаралары жүріп жатқандықтан, басқа мәліметтер жарияланбайды.
Қалалық білім бөлімі марқұмның ұқыпты әрі жауапкершілігі мол ұстаз екенін айтып берді. Мұғалімдік жұмыс өтілі 40 жыл, 35 жыл бір мектепте жұмыс істеген.
Никитина жұмыс істеген №9 мектеп ұжымы әлеуметтік желіде көңіл айтты.
"25 сәуірде мектебіміз ашылған күннен бастап жұмыс істеген бастауыш сынып мұғалімі Надежда Владимировна Никитина кенеттен көз жұмды. Ол бір емес бірнеше ұрпақ тәрбиелеп өсірді, өз ісінің кәсіби маманы, сүйікті ұстаз болды. Жүздеген ұл-қыздары мен олардың жақындары үшін орны толмас қайғы-қасірет”, – деп жазған мектеп ұжымы.
Көршілерінің айтуынша, ол мейірімді, жауапкершілігі мол, жанашыр адам болған. Мұғалім бос уақытында өзі тұрған үйдің өміріне белсене араласты.
"Өте ақкөңіл, жауапкершілікті жақсы адам. 24 жыл бірге тұрдық, ол жақында анасын жерледі, тоғыз күн болды. Күйеуі осыдан 10 жыл бұрын мерт болған. Оның артында екі қызы, бір ағасы және немерелері қалды", – дейді көршісі Әлия Есқалиева.
Бұған дейін Ақтөбе облысында жігіт дәрігер қыздың үйіне балконнан кіріп пышақтап кеткенін хабарлаған едік.