Қазіргі уақытқа дейін Қоғамдық штаб жергілікті әкімдікпен бірлесе отырып, ХҚО, банк, Қазпошта сияқты әлеуметтік нысандарды қайта іске қосуға атсалысты.
Жылыойда үйі суға кеткен ақсақал Қоғамдық штабта волонтер болып жүр
704
оқылды

Құлсары қаласының тұрғыны Дайрабай Елдесбаев халық өкілдерінен құралған Қоғамдық штабтың абдыраған тұрғындарға шынайы ақпарат, құқықтық көмек көрсетіп отырған нәтижелі механизмге айналғанын айтты. 

«Үйіміз суға кеткен кезде абдырап қалған халықпен бірге әкімдіктің, ТЖ жөніндегі жедел штабтың жұмысын жүргізбей тастадық. Бұл қалыпты жағдай еді, себебі халық бастапқыда үрейленіп қалды. Кейін Президенттің ұсынысымен Қоғамдық штаб құрылды. Мен де сол штабқа мүше болып бардым. Өзім де халықтың бір өкілі болғандықтан, тосын апаттан қиналып қалған халыққа көмек көрсеткім келді. Осылайша, халық ішінен біраз белсенді азаматтар сайланып, қоғамдық штабты құрдық. Штаб құрылғалы бері үш мыңнан астам адамды қабылдадық. Оларға құқықтық сипатта кеңес беріп, білетін ақпараттарымызбен бөлісіп отырмыз», – деді ақсақал.  

Қазіргі уақытқа дейін Қоғамдық штаб жергілікті әкімдікпен бірлесе отырып, ХҚО, банк, Қазпошта сияқты әлеуметтік нысандарды қайта іске қосуға атсалысты.

Гуманитарлық көмектің төрт пункттен беріліп, дәрі-дәрмектердің медицина қызметкерлері арқылы көмекті қажет етіп отырған адамдарға таратылуын қолға алды. Тасқын судан зардап шеккен тұрғындардың материалдық көмек алуына құжат жинақтауына атсалысуда.

Еске сала кетелік, Қоғамдық штаб Құлсары қаласы Махамбет даңғылы №9 орта мектеп ғимаратының акт залында қызмет көрсетіп жатыр.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА