Алқа қорытындысы бойынша Бас прокурор қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз әрекеттерінің жолын кесу мақсатында қосымша практикалық шаралар кешенін қабылдауды тапсырды.
Бас прокурордың наразылығы бойынша Жоғарғы Сот 3 жылда 67 азаматты ақтады
1,343
оқылды

Бүгін қадағалау органының басшысы Б.Асыловтың төрағалығымен өткен алқа отырысында қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау мәселелері талқыланды. Оған тергеу және анықтау органдарының орталық аппараттары мен өңірлік бөлімшелерінің басшылары қатысты.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлағандай, қылмыстық процесте адам құқықтарының бұзылуының жолын кесу бойынша прокурорлар қабылдап жатқан шаралардың белгілі бір нәтиже беретіні атап өтілді.

Соттарда заңсыз жауапқа тартылған азаматтар санының 41%-ға төмендеуі байқалады. Соңғы 3 жылда Бас прокурордың наразылығы бойынша Жоғарғы Сот 67 азаматты ақтады.

2023 жылы тергеу органдары қандай да бір қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін айыпталған 280 күдікті адамға қатысты қылмыстық істер тоқтатылды. Олардың жартысына жуығын (122 адам) прокурорлар заңсыз қылмыстық қудалаудан босатты. Сонымен қатар, өткен жылы прокурорлар қызметтік үй-жайларда заңсыз ұсталған 449 азаматты босатты.

«Менің тапсырмам бойынша Бас прокуратура әрбір ақтау үкімінің себептерін жан-жақты сараптап, қатаң кадрлық шешімдер қабылдап жатыр. Осы тәжірибені барлық тергеу органдарына қабылдауды ұсынамын. Олардың басшылары жұмысты ұйымдастыру кезінде «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасында баяндалған Президенттің талаптарын қатаң сақтауы тиіс», – деп атап өтті Б.Асылов.

Алқа қорытындысы бойынша Бас прокурор қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз әрекеттерінің жолын кесу мақсатында қосымша практикалық шаралар кешенін қабылдауды тапсырды және азаматтарды жеткізу және олардың құқық қорғау органдарының үй-жайларында болуы кезінде бейнебақылауды енгізуді жалғастыруды, күдіктілерге электрондық білезіктерді қолдануды кеңірек пайдалануды ұсынды.