Астанаға Сингапур Рес­пуб­­­ликасы Парламентінің спи­кері Сеа Киань Пэн ресми са­пармен келді. Мәжілісте мей­манды Палата Төрағасы Ерлан Қошанов қабылдады.
Сингапур Парламентінің спикері Мәжіліске келді
1,223
оқылды

Кездесуде  Мәжіліс Төрағасы Син­гапур Қазақстанның Оң­­­түс­тік-Шығыс Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі еке­нін атап өтті. Сонымен қатар Сеа Киань Пэн мырзаның бұл са­пары Қазақстан–Сингапур қа­тынастарын жан-жақты ны­ғай­туға және кеңейтуге зор серпін бе­ріп, парламентаралық ынты­мақ­тастықты дамытуға ықпал ете­тініне сенім білдірді. 

– Биыл Қазақстан мен Син­гапур арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 31 жыл толды. Осы уақыт ішінде се­нім мен сыйластыққа негізделген екіжақты ынтымақтастығымыз қарқынды дамып келеді. Бұған Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сингапурдың бұрын­ғы бас­шысы Халима Якобтың былтырғы Қа­зақстанға жасаған ресми са­па­ры кезіндегі кездесуі септігін ти­гізді. Парламентарийлер ретінде біз­­дің міндетіміз – көшбасшы­ла­ры­мыз қол жеткізген барлық ке­лі­сімдерді жүзеге асыру үшін жағ­дай жасау, – деді Мәжіліс Спикері. 

Ерлан Қошанов әріптесіне Қа­зақстанда Мемлекет бас­шы­сы­ның бастамасымен болып жатқан өз­герістер туралы айтып берді. Осы орайда Сингапур мен Қа­зақ­стан­ның ішкі саяси бағытының ұқ­сас­тығына назар аударды. Атап айт­­қанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев басшылыққа ала­тын «әр­түрлі пікірлер, бірақ бір­тұ­­тас ұлт» қағидатының мыз­ғы­мас­­тығына мән берді. 

Сингапур Парламентінің спи­кері екі ел ынтымақтастығын да­­мытудағы болашағы зор сала­лар­дың қатарында экономика, білім беру мен денсаулық сақтау­ды атап өтті. Сеа Киань Пэн Син­га­пурдың даму жылдарында жи­ған құнды тәжірибелерімен Қа­зақ­станмен бөлісуге дайын екенін жет­кізді. 

Мәртебелі мейман Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және эко­номикалық реформаларын жо­ғары бағалады.

– Бұл стратегия Әділетті Қа­зақ­стан, прогрессивті мемлекет құру­ға және халықтың мүм­кін­діктерін арттыруға бағытталған. Түр­лі өзгерістерге, инновация­лар­ға бейімделу, реформалар қа­был­дау – дамыған ұлттың өзегі. Бір­ақ одан да маңыздысы – ха­лықтың жауапкершілігі мен жа­сампаздығы. Осы құндылықтар әлеуметтік әділдікті қалып­тас­тыру­дың негізінде жатыр, – деді Сеа Киань Пэн. 

Кездесу соңында тараптар пар­ламентаралық ынты­мақ­тас­тықты, соның ішінде достық топ­тары арасындағы ықпалдастықты одан әрі дамытуға келісті.