Қазақстан және Ауғанстан Премьер-Министрлерінің орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Абдулании Барадардың кездесуінде тараптар Орталық және Оңтүстік Азияны интеграциялау жобаларындағы ынтымақтастықты дамытуға өзара мүдделілік танытты. Атап айтқанда, қазақстандық тараптың трансауғандық дәлізді дамыту жобаларын іске асыруға қатысу дайындығы пысықталды. Ол жоба «Термез – Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар» және «Герат – Кандагар – Спин-Булдак» теміржолдарын салуды көздейді.
Түптеп келгенде, трансауған дәлізі жалғыз Қазақстан мен Ауғанстан үшін ғана емес, тұтас Орталық Азия және Оңтүстік Азия елдері арасында жүктерді жеткізу уақытын 10 есеге қысқартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, тауарды тасымалдау құны да төмендемек. Қазақстан теміржолдың жоғарғы құрылысына арналған материалдарды, өз өндірісінің шпалдары мен бекіткіштерін жеткізу арқылы трансауған магистралінің құрылысына қатысуға дайын.
Айта кету керек, соңғы үш жылда Қазақстаннан Ауғанстанға экспорттық тасымалдау көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Мәселен, былтыр теміржол арқылы жүкі тасымалдау көлемі 2,7 млн тоннаны құрады, оның 1,5 млн тоннасы – ұн мен астық. Бұл көрсеткіш 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда 14%-ға көп. Мамандар алдағы жылдары экспорт 40%-ға артады деп болжайды. Тіптен 2030 жылға қарай тасымал көлемінің 3 есе өсуі күтілуде.
Екі ел үкіметінің мүшелері мен іскер топтарының кездесуінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері экспорттық және транзиттік жобаларды таныстырды. «Бүгінде Қазақстаннан Өзбекстан, Ауғанстан, Пәкістан арқылы және одан әрі теңіз арқылы БАӘ-дегі Джебель-Али портына дейін жаңа мультимодальды экспорттық бағыттарды ұйымдастыру бойынша пилоттық жоба басталды. Жаңа бағыт KTZ Express-тің қатысуымен ұйымдастырылды. Экспорттаушы – қазақстандық Bio Synergy co, жүктерді жеткізу бойынша серіктес – пәкістандық National Logistics Cell (NLC). Қазір Павлодар облысында жүк тиеу басталды. Бұл – алюминий силикатты қуыс микросфера. Алматыда жүк контейнерлерге тиеліп, пәкістандық серіктес машиналарына ауыстырылады. Әрі қарай автокөлікпен Өзбекстан мен Ауғанстан арқылы Пәкістанның Карачи портына дейін жеткізіледі. Ол жерден екі контейнер теңіз арқылы БАӘ-дегі Джебель-Али портына дейін жөнелтіледі», – деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарушы директоры Бауыржан Орынбасаров.
Оның айтуынша, жүктерді межелі жерге жеткізудің мерзімі – шамамен 20-25 күн. Пилоттық жобаны сәтті іске асыру кезінде жүк ағыны да едәуір артпақ.
Сондай-ақ тараптар екі мемлекет арасындағы әуе қатынасын қалпына келтіру мүмкіндіктерін талқылады. Қазақстан мен Ауғанстанның авиациялық билігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде Тараптардың авиатасымалдаушылары аптасына 3 тұрақты жолаушылар жүк рейстерін орындауға құқылы. Қазақстандық тарап бұл мәселені Ауған авиакомпанияларынан өтінімдер түскен кезде қарауға дайын екенін жеткізді.
Ауқымы кең нарық
Ең алдымен, біздің ел үшін Ауғанстан – ауқымды нарық. 2023 жылы аталған елдегі халық саны 42 079 578 адам болса, биылғы жылдың басындағы көрсеткіш – 43 349 960 адам. Ауғанстанда табиғи өсім жоғары. Мәселен, 1991 жылы халық саны 12 859 307 болған. Одан бергі 33 жылдың ішінде үш еседен астам көбейген. БҰҰ Ауғанстандағы халық саны 2035 жылға қарай 50 млн-нан асады деп болжап отыр. Ол аз десеңіз, Ауғанстан арғы жағында 232 833 249 адамы бар Пәкістанмен шектеседі. Демек, Қазақстанға ауған жері арқылы өнімін Оңтүстік Азияға өткізуге мүмкіндік ашылады. Теңізге шығар төте жолдың бірі де осы. 2021 жылы Қазақстанның Пәкістанға экспорты 65,9 млн долларға жеткен болатын, бұл тұрғыда өнім түрлерін көбейтудің мүмкіндігі әлі де көп. Былтыр екі елдің арасындағы тауар айналымы 38,7 млн долларды құрады.
Қазақстанның әзірге ең басты өнімі – ұн. Жыл сайын қазақстандық ұнның 60-70% Ауғанстан нарығына шығарылады. Былтырғы қыркүйек айындағы ресми дерекке қарасақ, Ауғанстанға 258,8 млн доллардың ұны сатылыпты.
Ал 2022 жылы Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 987,9 млн долларды құрап рекордты көрсеткішке жетті, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен (474,3 млн доллар) 2 есе артық. Ауғанстаннан біздің елге минералды және газдалған сусындар, жүзім, кептірілген жемістер, жеміс шырынын импортталады.
Қазақстан вице-премьері Серік Жұманғарин Ауғанстан премьер-министрінің орынбасары Абдул Гани Барадармен кездесуі барысында астық пен ұн жеткізу көлемін арттыру үшін Бейнеу терминалының қуатын қарастыруды ұсынды.
«Бүгінде Қазақстан Ауғанстанның негізгі сауда серіктестерінің ондығына кіреді. Сіздердің елдеріңіз қазақстандық астық пен ұнды дәстүрлі түрде импорттап келеді. Қазақстан бұл тауарларды Ауған нарығына сенімді жеткізуші болды және болып қала береді», – деді Серік Жұманғарин.
Бейнеу терминалы Маңғыстау облысының аумағында орналасқан, Қазақстан–Түрікменcтан шекарасына тікелей шыға алады. Терминалда барлық қажетті өндірістік инфрақұрылым бар. Ол өнімді экспортқа одан әрі тасымалдау үшін құрлықтағы ауыстырып тиеу терминалы-жинақтағыш міндетін орындай алады. Оған қоса, терминалдың қуаттылығы айына 100 мың тоннаға дейін астық, 12 мың тонна ұн және 3 мың тоннаға дейін құрама жем жөнелтуге мүмкіндік береді.
Транзиттік әлеуеттің тағы бір қыры
Сонымен қатар Қазақстанның Оңтүстік Азия бағытына қарай қытай жүктерін транзиттен өткізу мүмкіндігі бар. Яғни, ол Қытайдан Қазақстан бағытында жүретін барлық контейнерлік пойыздардың 40%-ын біріктіретін Сиандағы (ҚХР) Құрғақ порт аумағындағы меншікті терминал. Бұл аз десеңіз, Ляньюньган портында күн сайын Қазақстан бағытына екі контейнерлік пойыз түзетін Қазақстан–Қытай терминалы жұмыс істеп тұр. Осылайша, егер трансауған теміржолдары салынатын болса, онда жүктер Қытайдан Қазақстан арқылы тек батысқа ғана емес, Ауғанстан арқылы Пәкістан, Үндістанға да өтеді.
Сондай-ақ Қазақстан тарапынан Қытай–Қазақстан (Ақтауға дейін) – Түркіменстан – Ауғанстан (Тургунди/Анхой) бағыты бойынша Қытай өнімдерін Қазақстан аумағы арқылы Ауғанстанға жеткізуді әртараптандыру туралы ұсыныс айтылды. Жүктерді біріктіру үшін Сиань қаласындағы (ҚХР) терминалды пайдалану ұсынылды. Қазақстандық мамандардың есебі бойынша Сиань/Үрімжі қалаларынан Ауғанстанға (Тургунди/Анхой) ұйымдастырылған контейнерлік пойыздармен тауарлар жеткізу уақыты шамамен 10-12 күн.
Вице-премьер Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегацияның Ауғанстанға ресми сапары аясында, «электронды үкімет» бойынша отандық әзірлемелердің ең үздік шешімдері таныстырылды. Өз кезегінде «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ өкілдері Data Lake, Smart Bridge және Gov.kz сияқты үздік қазақстандық шешімдерді енгізудің мүмкіндіктері мен экономикалық тиімділігін көрсетті. «Бүгінде Қазақстан мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру бойынша әлемде алғашқылардың қатарында. Тәжірибемізді бөлісуге және ауған серіктестерімізге үздік тәжірибелерді беруге дайынбыз. Біз үшін тағы бір басым бағыт – мектептерге интернет қосу. Барлық оқушылардың білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қажетті қолдауды көрсетуге әзірміз», – деп мәлімдеді С.Жұманғарин.
Атап айта кетерлігі, бүгінде Қазақстан онлайн қызметтерді дамыту деңгейі бойынша БҰҰ рейтингінде 8-орында тұр. Ал жалпы рейтингте «электронды үкіметті» дамыту индексі бойынша 28-орындамыз. Бұл орайда, мемлекеттік қызметтердің 94% автоматтандырылып, электронды форматқа көшірілген. Былтыр ІТ-өнімдер мен қызметтер экспорты 5 есеге артып, 500 млн долларға жетті. Сондай-ақ қазақстандық делегацияның ресми сапары барысында тараптар «Қазақтелеком» АҚ мен «Ауғантелекомның» коммерциялық ынтымақтастығы аясында Ауғанстанға интернет трафигін 60-тан 100 Гбит/с-қа дейін кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.
Бизнеске берілген жаңа мүмкіндік
Біздің делегацияның Ауғанстанға ресми сапары барысында қазақстандық 35 компания Кабулда өткен Қазақстан–Ауғанстан бизнес-форумы мен көрмесінде өз өнімдері мен қызметтерін ұсынды. Қазақстанның іскер топтарының құрамында серіктестіктің жаңа бағыттарын құру үшін QarMet компаниясының, Doscar Group дилерлік орталығының (KIA, Chevrolet брендтері), Кентау трансформатор зауытының, Kaspy Group компаниялар тобының (металл конструкцияларын дайындау, ауыл шаруашылығы техникасын өндіру) өкілдері, зертханалық сынақтарды, медициналық дәрі-дәрмек, май өнімдері, кондитерлік өнімдер, тоқыма және басқа да тауар өндіруші кәсіпкерлер барған-ды. Бизнес-форумның ашылуында Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Ауғанстан делегациясының Қазақстанға сапары қорытындысына сәйкес екіжақты тауар айналымын 3 млрд долларға дейін арттыру міндеті қойылғанын еске салды. «Біз химия өнеркәсібіндегі, тау-кен металлургия кешеніндегі өндірісті бірлесіп дамытуды, Ауғанстан аумағында қатты пайдалы қазбаларды геологиялық барлау, ИТ-технологияр саласында, өндіру және өңдеу бойынша бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі өзара іс-қимылды қарастыруды ұсынамыз. Қазақстан тарапы Ауғанстанда автокөліктерге қызмет көрсететін дилерлік орталықтардың орналасу орнын кейіннен анықтай отырып, отандық өндірістің автомобильдерін жеткізуге мүдделі», – деді С.Жұманғарин.
Одан бөлек, екі елдің жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығы аясында Серік Жұманғарин Ауғанстан азаматтарына Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқуға берілетін гранттардың жыл сайынғы санын 30-дан 60-қа дейін арттыруды ұсынды. Сондай-ақ вице-премьер Ауғанстаннан келген 30 баланы Қазақстанның жазғы лагерьлерінде 10 күн демалуға шақырды.
Ауған кәсіпкерлері қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныстың әлі де жоғары екенін байқатты. Бизнес-форум қорытындысы бойынша 12 млн доллардан астам сомаға күнбағыс майы, дәнді дақылдар мен ұн жіберу туралы келісімдерге қол жеткізілді. Ауған компаниялары мотор майына үлкен қызығушылық танытып, отандық жеткізушілермен аталған тауарды жеткізуге алғашқы келісімшартқа қол қоюды жоспарлап отыр.
Іскерлік кездесу нәтижесінде Герат қаласында Қазақстанның сауда үйі ресми түрде ашылып, өз жұмысын бастады, сондай-ақ ол Қазақстан–Ауғанстан сауда-экономикалық қарым-қатынастарының жандануына ықпал ететін болады.
Жерасты байлығын бірігіп игермек
Ауғанстан – пайдалы қазбаларға бай мемлекет. Елде мұнайдың, табиғи газдың, тас көмірдің, темір және түсті кеннің, мыс пен алтынның және сирек кездесетін металдардың мол қоры бар. Кезінде аталған елдің 30% аумағына зерттеу жүргізген АҚШ-тың Геологиялық қызметі (USGS) республиканың ресурстық мүмкіндігін шамамен трлн доллар деп бағалапты.
Қазақстан вице-премьері Серік Жұманғарин Ауғанстанның Мұнай және шахта министрі Шахабуддин Делавармен кездесуде геологиялық барлау, пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Келіссөздерге отандық ERG Exploration және Kazakhmys Barlau өкілдері қатысты.
Қазақстан мұнай мен газдың, қатты пайдалы қазбалардың айтарлықтай қорына ие бола отырып, көптеген жыл бойы құрылыс-монтаждау жұмыстары, ұңғымаларды күрделі жөндеу, сараптама, зертханалық зерттеулерде мол тәжірибе жинады. Сондай-ақ жобалау, инжиниринг және бұрғылау саласында шетелдік жеткізушілермен еркін бәсекелесе алатын мұнай сервисі және өндіруші компаниялардың кәсіби пулын қалыптастырды.
Бүгінде республикада геологиялық барлауға жеке инвестициялардың өсу үрдісі байқалады. Атап айтқанда, соңғы бес жылда қатты пайдалы қазбаларды барлауға инвестициялар 2,5 есе өсті (2018 жылғы 33,9 млрд теңгеден 2023 жылы 82 млрд теңгеге дейін).
Осынау мүмкіндікті зерделей келе тараптар бірлескен жобаларды анықтау және оларды іске асыру үшін екі елдің мамандарынан техникалық комитет құруға келісті. Ол үшін Ауғанстан үкіметі Қазақстанға перспективалы кен орындары белгіленген карталар мен тиісті зерттеулерін беруді мақұлдады.
Бауыржан БАЗАР