Еліміз 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтеді. Биыл бұл бүкілхалықтық ме­рекенің бәсі биік, абыройы айрықша.
Татулық пен достық мекені
823
оқылды

Президент айт­­қандай, ол мемлекетіміз үшін күрделі кезеңге тұс­па-тұс келді, ел өңір­лерінің басым көпшілігі ала­пат тасқынға ұшырады. Осы сын сағатта, қиын-қыстау заманда халқымыз бұра тартып, бір-бірінен теріс айналмады, бір­ліктің бәй­ге­тө­бесіне бірлесе ат байлап, қатар қимылдады. Осы ар­қылы әлем алдында мемлекет беделін де, өз қа­дірін де биіктетіп, мерейі өсті. 

Бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құн­ды­лық­тар екеніне осы күндерде жұртшы­лық­тың көзі жетті деу­ге болады. Бұл күнде еліміздің мыз­ғымас ауызбіршілігі сы­налды. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қа­зақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сө­зінде тасқын су­мен күреске жеке тоқталуының жөні, жаны бар. Қ.Тоқаев қы­зыл судан елді аман сақтап қалуды Президент ретіндегі өзі­нің басты міндеті деп санайтынын жеткізді. 

– Әлемде түрлі табиғат апаты көбейіп барады. Шын мә­­­­нінде, апат деген айтып келмейді екен. Қа­зақстан да үл­кен қатерге тап болды. Еліміздің көптеген аймақ­тарын­да ала­­­пат су тасқыны бо­лып жатыр. Біз үшін ең бас­ты мақсат – аза­мат­тардың амандығы. Соған сай Үкі­мет барлық қа­жетті іс-әрекеттерді жасап жатыр, тиісті қара­жат бөлінді, ірі ком­паниялар мен бизнес өкілдері қол ұшын беруде. Жой­қын су тасқынынан бұ­зылған үй­лерді қалпына келтіру, зар­дап шеккен тұрғындардың қа­лыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз ету – дәл қа­зір Президент ретінде ме­­нің алдымда тұрған аса маңыз­ды міндет! – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

БҰҰ дерегінше, бүгінде әлемде су басу қаупі бар территорияларда  1-2 миллиардқа дейін адам тұрып жатыр. Су басу – адамзат өркениетіне төнген ең қаһарлы, қауіпті нәубеттің бірі. Жер ғаламшарының басым бөлігінде тасқын байырғыдан бүгінгі заманға дейін зұлматты табиғи апаттардың тізімінде басты орында келеді. 

Азды-көпті дерек келтіре кетелік. 1937 жылы жапон әскерін тоқтату мақсатында қытай солдаттары алып бөгетті жарып жібереді. Жаудың шабуылының жолы ке­сілген, бірақ тосыннан туындаған тасқын­нан Қытайда 500 мыңнан аса бейбіт тұрғын мерт болды. 1970 жылғы 12 қарашада «Бхола» аталған циклон және соған ілесе жеткен топан су өткен ғасырдағы ең жойқын табиғи апат тудырды. Салдарынан, Шығыс Пәкістанда, Үндістанда 500 мыңдай адам қаза тапқан.

2004 жылғы 27 желтоқсанда Мадагас­кардан Пхукетке дейінгі Үнді мұхитының жағалауын және аралдарын алып толқын­дар ұрды. Қуатты жер сілкінісінен туын­даған күйретуші цунами кесірінен бір күн ішінде бірнеше елдің 200 мыңнан астам адамы қырылып қалды. 

Жер-жаһанда ондай тауқыметті табиғи апаттардың қайталанбасына кепіл жоқ, керісінше, қаупі артты. Сарапшылар жағасынан жиі шығатын Яндзы, Хуанхэ сияқты өзен-көлдері көп көрші Қытайда жыл сайын үш-төрт мыңдай адам қызыл суға қарық болатынын айтып жүр. 

Елдің бақытына орай, Қазақстанда Мемлекет басшысының өзі елді мекендерді су басу қаупіне баса мән беріп, оған жол бермеу шараларын жеке бақылауына алды.

Тасқынмен күреске сүбелі үлес

Құтқарушылар, волонтерлер, мемле­кеттік қызметшілер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар – бәрі бірге жүр. Ортақ істен ешкім шет қалған жоқ. Қоғамның барлық өкілі бір атаның ба­ласындай жұрт болып жұмылды, ел болып еңсерді. Бір-біріне шынайы жанашыр болды. 

Үкімет, мемлекеттік органдар, құзырлы мекемелер және еріктілер бірлесе жұмыс істеді. Соның арқасында 119 мыңнан астам адам дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді. Атап өтер жайт, 45 мыңға жуық бала құт­қа­рылды. Қазақстан олардан жаппай айрыл­ғанда, болашағының бір тамырына балта шабылғандай ауыр қасірет болатын еді. Ең бастысы, адам өмірін барынша сақтап қалуға күш салынды.

Президенттің тапсырмасымен мемле­кеттік материалдық резервті пайдалануға рұқсат берілді. Республикалық және об­лыс­тық жедел штабтар жұмыс істеп жатыр. Қоғам белсенділері және волонтерлер гуманитарлық көмек жинауды қолға алды. Халқымыздың ынтымағы мен жоғары азаматтық жауапкершілігі осы кезде айқын көрінді. 

Бірқатар аймақ инфрақұрылымды және бүлінген үйлерді қалпына келтіруге кірісіп кетті: баспана құрылысы басталған. Бұл шаруаға ірі бизнес өкілдері қосылды. Қоғам белсенділері де зор үлес қосуда. Еліміздегі компаниялар, жеке кәсіпкерлер түрлі көмек қорларына қомақты қаржы аударды. Бюджет пен қайырымдылық қаражаттарын қосқанда, 140 миллиард теңгеден астам қаржы жиналған. Ақша күн сайын түсіп жатыр, көмек қоры ұлғаяды.

Жиналған қаражат елді мекендерді қал­пына келтіруге жұмсалатыны жария­ланды. Сондай-ақ апаттың кесірінен қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек ретінде беріледі. Қасым-Жомарт Тоқаев сендіргендей, ешкім елеусіз қалмайды, мемлекет шығынды түгел өтейді.

Қарғын сумен күресуге Қазақстан хал­қы Ассамблеясы зор үлес қосты.  Мемлекет басшысы ҚХА-ның бұл тұрғыдағы жұмы­сын жоғары бағалады, тасқын басталғалы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істегенін атап өтті. Жұртқа жан-жақты көмек беру үшін Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары дереу құрылды. Барлық өңірдегі «Достық үйлерінде» Ассамблеяның гуманитарлық көмек қабылдау және еріктілер жұмысын үйлестіру орталықтары ашылды.

«Жүректен жүрекке» ауқымды акциясы аясында апат аймақтарына 1500 тоннадан астам азық-түлік және қажетті тауарлар жолданды. Оның жалпы сомасы шамамен 770 миллион теңге болды. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері зардап шеккен адам­дарды азық-түлікпен, ыстық тамақ­пен, киім-кешекпен, қажетті заттармен және техникамен қамтып отыр. 

Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қо­сылды. Олар гуманитарлық көмек жинауға жұмылды. Сондай-ақ жұртты қатерден хабардар етуге және қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты. 

Нақтыласақ, еліміз бойынша су тасқы­нына қарсы күреске барлығы 20 мыңнан астам волонтер жұмылдырылған екен. Оның жартысынан астамы Ассамблея арқылы тартылды. Олардың басым көп­шілігі Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Абай, Ақмола, өзге облыстардағы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкер­леріне барынша жәрдемдесіп жатыр. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әлеуметтік желіде жазды.

Еліміздегі волонтерлік ұйымдардың жұмысын үйлестіру – маңызды міндеттің бірі. Мұны «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты өз мойнына алды. Ауқымды филиалдар желісі және мемлекеттік органдармен жұмыс істеу тәжірибесі бар «Жастар Рухы» ерікті құт­қарушыларды жинау, гуманитарлық көмекті сұрыптау және жеткізу жұмысын тиімді атқарып отыр.

Еріктілер – қазіргі заман қаһармандары

Бірқатар өңірде тасқынның беті қайт­қан жоқ, елдің батысында, солтүстігінде күн жылынып, тоң мен мол қар еріп, үлкен судың екінші легі келіп жатыр. Сондықтан жағдайдың қайтадан ушығып кетпеуі  басты назарда болуы тиіс. Құтқарушылар күндіз-түні жұмыс істеп жүр. Қарулы Күштер, Ұлттық ұлан, Ішкі істер министр­лігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемле­кеттік күзет қызметінің жеке құрамы да белсене атсалысып жатыр. 

Еріктілердің бірі, Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл тасқын қаупі күшейген сәуір бойы жауынгерлермен бірге Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және басқа өңірлерде болып, елді ме­кендерді су басудан қорғауға, арынды өзендердің жағалауларын бекітуге, бөгет-дамбалар тұрғызуға атсалысты. Ол осы орайда елдің ауызбіршілігіне сүйсінгенін айтады.

– Ел бірлігінің арқасында зардап шек­кен жұртшылық апат алдында жападан жалғыз қалмағанын, бүкіл халық – өздері­мен бірге екенін сезінді. Мемлекет пен кәсіпкерлер тарапынан қолдау бар. Жан сала қимылдап, күндіз-түні жалғасқан ауыр жұмыстан біраз титықтағанымен, әскериле­ріміздің, волонтерлеріміздің қажыр-қайраты тегеурінді, көңіл күйлері жақсы. Мысалы, ерікті ретінде Батыс Қазақстан облысында қызмет еткенімде, жергілікті тұрғындар өздерін қорғауға жан салып жатқанымызды түсініп, алғыс айтты, бата берді. Сондай-ақ аптасына бір­неше рет монша жағып, шақырып тұрды. Жігіттерге әртүрлі тосап әкеліп, дәм татырды. Жер­гілікті әкімдіктер де қажет­тімен қамтамасыз етті, – деді Бақытбек Смағұл.

Ол ұлттық армиямыздың ерен еңбегін де ерекше атап өтті. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысын аралағанда, «Қызыл­жарда стратегиялық нысанды – халықты ауызсумен қамтитын сорғы стансасын су басқалы жатыр!» деген суыт хабар түсіп, әскермен бірге соған аттанды.

«Сонда небәрі 120 адам 100 мыңнан аса қапты құмға толтырып, бір түнде жа­санды бөгет-дамба тұрғызып, тасқынның бетін қайтарды. Әйтпесе, су сорғы стан­сас­ы су астында қалғанда, Петропавл қаласы бірнеше айға сусыз қалатын еді. Нысанды қалпына келтіруге қыруар бюджет қар­жысы да шығындалатын еді. Сол және басқа да проблемалардың бәрінен құт­қарды. Жауынгерлеріміз бен еріктілерімізге зор алғыс айтқым келеді. Қазақтың бірлік деген қасиетті сөзі ірілік деген қадірлі сөзбен астасып жатқандай. Біз, Қазақстан халқы, бұл күндері бірлік пен ірілік таныта алдық!» – деді Qazaqstan Ardagerleri төрағасы Бақытбек Смағұл.

Ол осы қысылтаяң шақта халқымен бірге болып, көңілін демеген, рухын кө­терген Қазақстан Президентінің қимыл-қарымын су басқан көрші елдің ақпарат құралдарының тағылым-үлгі ете, тамсана көрсеткеніне көңілі бір марқайғанын айтады. Мемлекет басшысы өз өнегесімен, ұлағатты ісімен еріктілерге күш берді. 

ҚХА Кеңесінің мүшесі, «Вайнах» ше­шендер мен ингуштер қауымдасты­ғы­ның тең төрағасы Юсуп Келигов тасқын­мен күрес қасиетті қазақ жерін мекен еткен барлық ұлттар мен ұлыстарды топтастыра түскенін айтады.

«Қазақстан азаттықтың алғашқы кү­нінен достықты, бірлікті, теңдікті ту етіп келеді. Бірде-бір диаспораның өкілі қысым көрген емес. Олар алғысын осы күндері тағы білдірді. Әрбір елдің халқының қаншалықты бірауызды екені осындай қиын шақта сыналады. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан татулықтың, келісімнің киелі шаңырағына айналғанын көрсетті. Біздің бәріміз бір халық болып, еліміздің өңірлеріндегі су тасқынына уайымдадық, көмек қылуға ұмтылдық. Зардап шеккен өңірлерге көмектен этномәдени бірлес­тіктер, Ассамблея волонтерлері қалыс қал­ған жоқ. Азық-түлік, санитарлық-ги­гие­налық заттар мен дәрі-дәрмектер жи­нап, жеткізуге бір кісідей жұмылды», – деді Ю.Келигов. 

Еліміздегі ұлыстар шын мәнінде, Отанымыздың шаңырағын биік ұстаған, берік тірек болған уықтарға айналды. Осылайша, табиғи апаттан тоз-тоз бол­май, жүнжімей, бір тудың астында топтаса білген Қазақстан халқы бұл күндері Отанға деген сүйіспеншіліктің, патриот­тық сезімнің, азаматтық борыштың, жалпыұлттық келісімнің ұлық үлгісін паш етті. 

Мемлекет басшысы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, уақытылы көмек көрсету, жаңа баспаналар тұрғызу және зардап шеккендерді бұрынғы қа­лыпты өміріне оралуына жағдай жасау мін­детін қойды. Тұрғын үй құрылысы аза­маттар үшін жаңа мүмкіндіктер туғы­зады, су басқан ауылдардың тұрғындары экономикалық әлеуеті жоғары елді мекен­дерге көшіріледі, құрылыста, басқасында жаңа жұмыс орындары құрылады. 

Президенттің тапсырмасымен табиғи нәубеттердің алдын алудың көптеген шарасы қабылданады. Тараздағы Қазақ гидромелиорация-құрылыс институты қайта құрылады. Сондай-ақ Алматыдағы Сейсмология институтының әлеуеті күшейеді. Климат өзгерістерін зерттеп, тежеуге айрықша назар аударылады. Су шаруашылығы саласын басқару жүйесі, оның ішінде «ҚазСуШар», «Нұра топтық су құбыры» сияқты компаниялар да түгел қайта құрылады. 

Су қоймалары жаңғыртылып, жаңала­ры салынады. Қазақстанның 11 аймағында жаңадан 20 бөген тұрғызылады, тағы 15-іне күрделі жөндеу жүргізіледі. ТЖМ-нің арнайы техникасы, тікұшақтары мен ұшақтарының саны көбейтіледі. Ұлттық гидрогеология қызметі қайта құрылады. 

Мұның бәрі халық пен билік арасын­дағы сенімді, ынтымақ пен келісімді одан ары нығайта түсуі тиіс. Қазақстан жұрты бірлікте болса, барлық қиындықты жеңе алады.

Айхан ШӘРІП