Бұл туралы Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Олардың мәліметінше, Атырау облысы Жылыой ауданының Құлсары қаласында қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Кейінгі тәулікте 55 үй газға, 25 үй электр қуатына қосылды. Қазір 2 564 үйден су кетті, сорылған судың жалпы көлемі 3 млн текше метрден асады.
"Залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия 2716 өтініш қабылдап, 600-ден астам үйге техникалық тексеру жүргізді. Сондай-ақ Құлсарының 3600 тұрғыны 100 АЕК мөлшерінде біржолғы материалдық төлем алды. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлінді. Су кеткен аумақта дезинфекциялық жұмыстар, сондай-ақ қаланы санитарлық тазарту жұмыстары басталды. Соңғы тәулікте 975 тонна қоқыс шығарылды", – деді Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев ОКҚ алаңында өткен брифингіде.
Махамбет және Индер аудандарында Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмысы аяқталып, Атырауда жалғасын тапты.